Мәселе

Қаржы пирамидасын қалай ажыратамыз?

«Қомақты қаржыға кенелесің» деп бар ақшасын салғызып, халықты қан қақсатқан қаржы пирамидаларымен күрес күшейе түсті. Белгілі қаржыгер Жасұлан Кушебаевтың айтуынша, қаржы пирамидаларының көбінің жұмыс істеу механизмі бір-біріне ұқсас. Оларды жібі түзу өзге қаржы ұйым­дарынан қалай ажыратуға болады? Арам пиғылын адал ниетке балап, алданып қалатындар кімдер? Қаржыгер осы сауалдарға өз жауабын берді.

– Біріншіден, олар өздерінің әлеуетті клиенттері немесе «құрбандарына» «өте ауқымды ақшаға кенелесің» деп «табыс» жолын ұсынады. Осы жолда табыс деңгейін 40-200 пайызға дейін етіп көрсетеді. Қысқа мерзімде өте үлкен табысты болатыныңыз­ға уәде береді. Көп адамдарды ұйымға тарту барысында жаңадан келген адамдар алдыңғы келгендердің табысын жауып отырады. Біртіндеп олардың «құрығына» түсетіндер азайғаннан кейін көп ұзамай пирамида құлайды. Себебі артынан келетін адамдар болмаған соң, алдыңғыларға табыс түспейді. Ішкі толқу басталып, басшылары қаша бастайды. Осы механизммен әрқайсысы әртүрлі затты, өнімді қолдану арқылы қаржы пирамидасының жұмысын жүргізуі мүмкін. Біреуі тауар сатады, біреуі инвестиция құйғызады, – дейді Ж.Кушебаев.

Қаржыгердің айтуынша, елді сендіру үшін көбіне олар табыс­тың белгілі бір иллюзиясын қолдан жасайды, яғни пирамидаға ақша құйған, байып кеткен, көлігі мен үйі көп бір адамды өздері дайындап шығарады. Сол адамдарды жаңадан келіп жатқандарға қайта-қайта көрсетіп, үлгі етеді. Көбі мұндай табысты адамды көзбен көргеннен кейін «мен де сондай боламын» деп алдамшы иллюзияға елітіп, бар ақшасын пирамидаға салып жібереді. Екінші көп қолданылатын әдіс – қаржы пирамидасында адамдардың жақындарын тарту үрдісі қатты белең алған. Себебі пирамидада жақындарына шығуды үгіттейді. Жақын, туыс, дос болғанын пайдалана отырып сенімге кіреді.

Қаржы пирамидасы мәселесі әлемнің көптеген елінде кездеседі. Бұл жерде белгілі бір экономикалық даму көрсеткішіне тәуелділік жоқ. Дамыған елдерде де мұндай мәселе бар. Қай елде болмасын қаржылық сауаты жоғары адамдар аз. АҚШ-тың өзінде осы мәселе белең алып отыр. Қаржы пирамидасын құрған 100-ден астам ұйым анықталып, олар елді
5 млрд доллар шығынға батырған.

– Қаржы пирамидасына бірінші алданып қалатындар – тез байығысы келетін азаматтар. Олар соған ынталы болғандықтан «құрыққа» тез түседі. Аз уақытта көп ақша табуды ойлап, осы қажеттілігін қанағаттандыруды көксейді. Екінші «құрбандар» – қаржылық сауаты төмен азаматтар, олар тіпті пайызды дұрыс есептей алмайды. Үшіншілері – қаржы тұрғысынан қиын жағдайға тап болған адамдар. Бұлар да басына түскен жағдайдан арылу үшін, басы қатып жүріп, осыған тез иланады. Төртіншілері – басқалардың айтқанына тез сенгіш адамдар, – дейді белгілі қаржы сарапшысы.

Қаржы пирамидасына алданып қалатындар – тез байығысы келетін азаматтар. Олар соған ынталы болғандықтан «құрыққа» тез түседі. Аз уақытта көп ақша табуды ойлап, осы қажеттілігін қанағаттандыруды көксейді

Сондықтан осы төртеуінің біріне айналмас үшін кез келген ұсыныспен шыққан, мол табыстың астында қаласың деп уәдені үйіп-төккен қаржы ұйымына күмәнмен қарап, оларға жүгіріп барып бар ақшаңызды бере салудан сақ болыңыз.

– Алдымен компанияның лицензиясын сұраңыз. Қаржы операциясы жүргізілген ұйым ба, соны біліңіз, егер олай болмаса – дереу бас тарту керек. Лицензиясы болғанның өзінде ұйым тарихын зерделеп қараған жөн. Қызмет еткен уақыты нарықта 5 жылдан аспаса, күмәнді деген сөз. Себебі қаржы пирамидасы әрі кетсе 5 жыл, кем дегенде 3 жылда жабылып қалады. Жұмыс істеп келе жатқанына 10-15 жылдан асқан болса ғана инвестиция салуға болады. Сонымен қатар қаржыны қандай өнімге құясыз, соны біліп алыңыз. Алданбау үшін ұйымның ұсынып отырған табыс деңгейін банк депозитімен салыстырған дұрыс. Кәдімгі банктер табысты жылына 15-16 пайызбен ұсынады. Ал әлгі ұйымның табысы содан екі есе жоғары болса, күмәндану керек, – дейді сала маманы.

Бұған қоса, ұйымның қар­жы есептерін сұратқан абзал. Оны сұратып, танысуға клиенттің құқығы бар. Табыс есептерін зерттеп қарап, өзіңіз түсіне алмасаңыз, арнайы консультанттарға барып кеңес алыңыз. Себебі мұндай пирамидалар қаржы есебін жүргізбейді. Сол арқылы да анықтауға болады. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, қанша асықтырып, бәрін шұғыл шешімге әкеп тіреп қойса да, ешқашан айдаладағы танымайтын бір ұйымға ақша салуға асықпаған дұрыс. Себебі олар өз «жемтігін» алыстан танып, қалай да қаржыңызды өз қалтасына салғанша тыным таппайды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button