Басты ақпаратТалайғы тарих

Қасиетті қазақ даласы

где взять деньги без долгов

Біздің елімізде 2016 жылдан бері 1 наурыз Алғыс айту күні ретінде атап өтіліп келеді. Елбасының сол жылғы 14 қаңтардағы Жарлығына сәйкес, бұл күн кешегі кеңес кезеңіндегі сталиндік зұлмат заманды бастан кешіп, біздің жерімізге еріксіз қоныс аударған, үлкен қиындықтарды бастан кешкен басқа ұлттар жұртының сонау қиын-қыстау кезде өздеріне қамқор қолын созған, құтты қонысқа айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына риясыз алғыс сезімін білдірулеріне арналды. Бұл – сол қиын-қыстау уақытта тағдыр тәлкегіне ұшырап, Қазақстан аумағынан пана тапқан түрлі этностар өкілдерінің меймандос, ақжарқын халқымызға терең тағзымының бір белгісі. Ал осы үргіншілік қалай басталып еді? Енді сол туралы әңгімелеп көреміз.

Алдымен мұндай депортация­лық қоныс аймағы ретінде неге Қазақстан территориясы таңдап алынғанына келейік. Егер тарих кітабына мұқият көз жүгіртер болсақ, оның негізі кеңес өкіметінің әдепкі жылдарында қаланғанын байқар едік. Сол мезгілдегі сипатты жазушы Александр Солженицын өзінің «ГУЛАГ архипелагы» деген кітабында: «Ұлттарды қайда айдады? Көпшілігін үлкен ынтамен Қазақстанға жөнелтті, әдеттегі жолмен, яғни арнайы статьямен айдалғандарды қосқанда, бұлардың бәрі республика халқының жартысын алушы еді. Олай болса, бұл жерді ойланбастан «Қазэкстан» деп атауға болады» деп атап көрсетті. Кекесінмен айтылса да, бұл сөзінің жаны бар. Айтары жоқ, осы отыз жылдан астам уақытқа созылған еріксіз күштеп көшірілген және жазаланғандарға толтыру нау­қанының нәтижесінде біздің кең байтақ сахарамыз нағыз «халықтар түрмесіне» айналды.
Сондықтан да арқалы ақын Олжас Сүлейменов өзінің сонау кеңес заманында жарық көрген «Жапан дала жабайы» деген Қ.Мырзалиев аударған өлеңінде бұл ахуалды былай деп өте дәл суреттеді:
Қазақстан көрге тыққан серіңді,
Елім, саған абақты боп көрінді.
Тарасыңды,
Федорыңды тұсаған,
Петроград,
Кешіре гөр жерімді,
Ленинград,
Кешіре гөр жерімді!
Қазақстан – тікенді сым,
Жылқұсы.
Жатқан ауыл жағаласып,
Жұлқысып.
Ол – Маркстен алған мысал,
Асыл кен,
Арғымақтар,
Домналар,
Түрксиб.
Қазақ даласын Одақтың басқа аймақтарында тұратын билікке «қолайсыз» халықтар өкілдерін көшіріп әкелетін «ашық алаң» есебінде әзірлеуді кеңес өкіметі өзінің өмірге келген алғашқы жылдарынан ойластыра бастады. Бұл ұлы сүргін 1921 жылы бастау алып, 1953 жылы Сталин өлгенге дейінгі аралықты тұтас алып жатты. Бұған 20-жылдардың басында республикада қатты құрғақшылық орын алып, егіннің шықпай қалуы «іздегенге – сұраған» секілді өте ыңғайлы себеп болды. Келесі, 1922 жылы да құрғақшылық қайтпады. Мұның соңы қыста жұтқа ұласты. Ал көктемге қарай елді түгел аштық жайлады. Осы екі жылдың ішінде бір миллионға жуық адамның сүйегі далада шашылып қалды. Арада он жыл өткеннен кейін қазақ жері екінші рет аштыққа ұрынды. Бұл жолы ашаршылыққа байларды тәркілеу, елдің қолындағы малдарын тартып алу, республикада астық қалдырмай, сыртқа жіберу, сол жылы тағы сұрапыл құрғақшылықтың жайлауы негізгі себептер болды. Осының салдарынан 1932-1933 жылдары Қазақстанда екі миллионға жуық адам жер жастанды. Сөйтіп, осы он жылдың ішінде қазақ халқының тең жартысы аштықтан қырылып кетті.


Қазақстанға бірінші айдалғандар легін Ресейдің орталық аймақтарынан айдалып келген кулактар мен олардың отбасы мүшелері құрады. Бұл РСФСР Халық комиссарлары кеңесінің 1930 жылғы 10 сәуірде қабылдаған «Жер аударылған кулактар отбасыларын уақытша және тұрақты орналастыруды реттеу жөніндегі шаралар туралы» қаулысының негізінде жүзеге асырылды. Осы құжатқа сәйкес, кулактар отбасылары сол кездегі Одақтың Орал, Сібір, Солтүстік өлке, Қиыр Шығыс және Қазақстан секілді өңірлеріне жіберілді. Олардың алғашқы келген легі дайын тұрған жатынжайлар болмауы себепті сиыр қораларда, жер кепелерде, барактарда тіршілік етті. Көптеген кулактар отбасылары жергілікті тұрғындардың үйлеріне кіргізілді. Отандарынан ауып келген мұндай жандарға қазақтар қолдарынан келгенінше көмек көрсетті.
Ал Қазақстанға тұтас халықтарды еріксіз көшіріп әкелу науқаны 1936 жылы үрдіске айналды. Бұл тізімге Украинаның батыс қапталында тұратын поляктар мен немістер енді. Олар мұнда «шекара аумағынан аулақ әкету» принципімен әкелінді. Нау­қанның қалай жүретіні жөнінде КСРО Ішкі істер халық комиссары Генрих Ягода 5 наурызда Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Влас Чубарьға жолдаған хатында баяндайды. Ол аталмыш баянатында мамыр айында – 5 мың, тамыз, қыркүйек айларында 10 мың поляк пен немістің Украинадан Қазақстанның Қарағанды облысына әкелінетінін мәлім етеді. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша шықты. Депортация маусым-қыркүйек айларында өте қарқынды жүргізілді. Осы кезеңде 69283 адамнан тұратын 15 мың отбасының дені Солтүстік Қазақстан облысына жеткізілді. Бұлардың 18891 жанды 4275 отбасыдан құралған бөлігі 110 мың гектар жері бар «Летов» ет совхозының аумағына апарылды. Сол жақта олар өздері үшін «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» болып ашылған 15 елді мекенге бөлінді. Келесі топ 206 мың гектар алқапты алып жатқан «Блюхер» ет совхозы мен оған қарасты ерікті Шолаққа­йың мемлекеттік жер қорына барды. Ондағы 19243 адамнан құралатын 4173 отбасы жаңадан пайда болған 13 селоға бірікті. Осы облыстың 41 мың гектар атырапты алатын Данилов мемлекеттік жер қорында 2341 жаны бар 624 шаруа иелігі үшін 2 ауыл пайда болды.

Украинадан әкелінген поляктар мен немістер Қарағанды облысындағы 4500 гектар танапқа ту тіккен Атбасар және 107 мың гектар алапты алып жатқан Орынты-Жанақ мемлекеттік жер қорларына қоныстанды. Олар 8413 адамнан тұратын 1324 отбасыны құрады. Бұлар үшін 7 ауылдың іргесі қаланды.

Бұдан басқа, 13555 жаны бар 3129 иелік Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының, 4964 адамның шоғыры болған 385 отбасы Оңтүстік Қазақстан облысының бұрыннан бар колхоздарын паналады. Осы кезде поляктар мен немістер үшін барлығы 37 жаңа елді мекеннің қазығы қағылып, оларға ауыл шаруашылығына жарамды 468500 гектар жер бөлініп берілді.
Осының бәріне тікелей басшылық еткен нарком Генрих Ягода өзіне тие­сілі міндетті атқарып болған соң Сталинге керек болмай қалып, қыркүйек айында қызметінен босатылды да, орнын Николай Ежов алды. Жоғарыдағы деректер келтірілген баянатты енді ГУЛАГ-та бастықтың орынбасары болып қызмет істейтін Израиль Плинер 29 қарашада жаңа нарком Николай Ежовқа жолдады. Осыдан бастап «темір комиссардың» дәурені келді. Бәлкім, Қазақстан территориясының кеңес билігіне қолайсыз халықтарды тоғытып тұратын мекенге айналуына ондағы тұратын халық санының аздығы ғана себепкер болмаған шығар. Осы ретте кейбір тарихшылар бұған соның алдында ғана біздің республикамызда қызмет атқарып, үлкен мансабына жол ашып алған Ежовтың да қатысы бар екенін айтады.
Қазақстанға басқа халықтар депортациясын жасау мен қазақ байларын қуғынға салу Ежов кезінде басталды. Бұл репрессияның басында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Филипп (Шая) Голощекин тұрды. Біздің халықты баудай түсіретін екінші ашаршылықты тап соның өзі ұйымдастырып берді. Сол кезде Ежов онымен түсінісіп жұмыс жасады. Ол кейін Мәскеуге кеткен соң да біздің республиканы ешқашан өзінің назарынан тыс қалдырып көрген емес.


Қазақстанға тұтас бір ұлттың екінші еріксіз көші 1937 жылдың екінші жартысында жүргізілді. Ол БКП (б) Орталық Комитеті бюросы мәжілісінің 21 тамыздағы «Корей тұрғындарды Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан көшіру туралы» және КСРО Халық Комиссарлары кеңесінің 28 қыркүйектегі «Корейлерді Қиыр Шығыс өлкесінің территориясынан көшіру туралы» қаулылары негізінде жүзеге асты. Бірінші қаулыда шараның Қиыр Шығысқа жапон тыңшылары еніп кетулерінің жолын кесу мақсатында жасалатыны айтылған. Бұған қоса, кезінде басқыншы жапондардың зорлығы мен қорлығынан қашып, Ресей аумағына келген корейлерді енді соларға сатылып кетеді деген күдік келтірілді. Ал екінші қаулыда Қиыр Шығыс өлкесі корейлерінің түгел көшіріліп, Қазақ КСР-нің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Гурьев округіне қос тігетіні анық атап көрсетілді.
Қиыр Шығыс корейлерін көшіру жұмыстарын жылдың қазан айының соңына дейін аяқтау міндеттелді. Бұл тапсырманы, кейін тіпті көшірілетіндер қатары көбейіп кеткеніне қарамастан, НКВД органдары 25 қазанда толық бітірді. Қыркүйектің соңында корейлер тиелген алғашқы эшелондар қазақ жеріне келе бастады. Корё-сарам жұрты мұнда келгеннен кейін екіге бөлінді. Олардың саны басым бөлігі Қазақстанда қалдырылса, одан гөрі қарасы аздау тобы Өзбекстан асырылды. Атап айтқанда, жазиралы сахара аумағына 95256 жаннан түзілген 20170 семья тоқтаса, Ма­уереннахр атырабына 75525 адамға негіз 16272 әулет аттандырылды.
Осы жылғы 29 қазанда Николай Ежов КСРО Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы Георгий Маленковқа баянат жазып, Қиыр Шығыс­тағы корейлерді Өзбек және Қазақ КСР-ларына көшіріп әкелу жұмыстары мәреге жеткенін мәлімдеді. «1937 жылғы 25 қазанда Қиыр Шығыс өлкесіндегі корейлерді көшіріп әкелу толық аяқталды, – деп жазды ол. – Құрамында барлығы 171781 адам бар 36442 корей отбасысы 124 эшелонмен келтірілді. Қазір Қиыр Шығыста (Камчатка, Охотск, арнайы аударылғандар) небәрі 700-ге жуық адам қалды, 1 қарашаға дейін олар да әкетіледі». Осылайша, елдің шығыс қапталында корей ұлтының бірде-бір өкілі қалған жоқ.
Корейлер өздерінің жаңа қоныстарына арып-ашып, өте ауыр жағдайда жетті. Тауарлы вагондармен сапар сызған олар көп азап шеккен. Ұзақ жолда ауруға шыдамай қайтыс болып кеткендер де кездескен. Ал мұнда іс жүзінде бірде-бір облыс көшті күтіп алуға дайын болмай шықты. Ел мен республика басшылары 1936 жылы Батыс Украинадан күштеп көшірілген поляктар мен немістер әулеттеріне жасалғандай тұрғын үйлерді, медициналық мекемелер мен мектептерді күні бұрын әзірлеп қою жөнінде еш нұсқау бермепті. Бұған қоса, депортанттар апарылатын аймақтар тізіміне манағы Үкімет қаулысында аталмаған Солтүстік Қазақстан, Алматы және Қызылорда облыстары аяқастынан енгізіле салған. Осылайша, мысалы, Солтүстік Қазақстанға 2300 шаруа иелігі жеткізілген. Содан кейін облыс басшылығы 3 қазан күні шұғыл жағдайда обком бюросының мәжілісін өткізіп, бұл тығырықтан шығудың жолдарын қарастырған. Сөйтіп, 1700 корей отбасына соның алдында келген украин переселендері жанынан орын беруге ұйғарым жасалған.


Республикада бейқамдықтың орын алғанын КСРО Ауылшаруа­шылық банкі басқарушысы Михаил Выносовтың сол күндері Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Влас Чубарьге жазған баянатынан байқауға болады. Оның жазуынша, қазақ жеріне көшіп келушілердің басым бөлігі қалалар мен кенттердегі уақытша тұрғын жайларға, атқоралар мен жер кепелерге орналастырылған. Ол Қызылорда облысына әкелінген 337 корей отбасы өте ауыр жағдайда деген дабыл қағады. Банкирдің баяндауынша, олар «өлкеде қалдырып кеткен мүліктері үшін ақша алмаған, мұғалімдерге жалақы төленбеген, колхозшылар жұмыссыз қалған, қалада үздіксіз нанның кезегі. Арасында ауырып қалғандар бар, тұрғын жайдың жағдайы барынша нашар». Бұдан бөлек, ол Қиыр Шығыс ұйымдарының міндеттемесіне сай, колхоздар сатылған мүліктер, құрылыстар, малдар, егіс алқаптары секілді құндылықтар үшін 1622,2 мың рубль алуға тиіс екенін айтады.
Баянатта, сонымен қатар, корейлердің Қазақстанға келіп қойғандарына қарамастан, олар тұратын тұрғын үйлер құрылысының әлі басталмағаны атап көрсетіледі. Бұған банктің де кінәсі бар сияқты. Ол 1 желтоқсанға корейлерді орна­лас­тыру үшін берілетін 57,3 млн рубль ассигнациясының небәрі 4,5 млн рублін бөлген. Мұның да 4,5 миллионы құрылыс материалдарын дайындау мен сатып алуға, машина мен трактор жалдауға, 160 мыңы операциялық шығындарға берілген. Осыған байланысты облыстық атқару комитетінің төрағасы Целых рес­публика Совнаркомының басшысы Ораз Исаевтан көшіп келуші корейлерді жаңа астыққа дейін ашықтырып алмау үшін 800 тонна астықты қайтарымсыз ссуда ретінде беруді сұрайды. Алайда бюрократтық кедергілер мұндай көмек алудың орайын келтірмейді. Осыдан кейін жылдың соңына дейін бұл жерден 643 корей отбасы, яғни келгендердің үштен бір бөлігі өз беттерінше оңтүстік өңірлерге кетіп қалады.
Республиканың барлық өңірлерінде корейлерді үймен қамтамасыз ету жайы өткір күйде болды. Олардың арасында ауру да барынша өршіп тұрды. Соның ішінде ет пен көкөніс түрлерінің тапшылығы қырқұлақ ауруының күрт көтеріліп кетуіне алып барды. Бұл науқас, әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Гурьев, Қызылорда, Алматы өңірлеріне барып қоныс тепкендерді көбірек айналдырды. Осыған ұқсас жағдайларды 1937 жылдың күзінде Қазақстанға жеткізілген күрдтер, армяндар мен месхет (ақысқа) түріктері де бастан кешті. Әзербайжан және Армян КСР-лерін мекен етіп келген олар КСРО Халық комиссарлары кеңесінің 1936 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысы пәрменімен көшірілді. Бұл шоғыр Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстары жеріне орналастырылды. Күрдтер 3101 адамнан тұратын 553 отбасын, армяндар мен түріктер 2788 адамдық 568 отбасын құрады. Сонда барлығы 2788 отбасына топтасқан 5889 адамға шақталып келді. Олар бұрын контрреволюция­лық әрекеттері, контрабандалық қылмыстары, қарақшылық шабуыл жасағандары үшін деп «айып тағылып», жауапқа тартылғандар мен олардың отбасыларынан түзілді.
1939 жылғы 1 қыркүйекте фашистік Германия Польшаға басып кіруіне байланысты Кеңес Одағы қазан-қараша айларында бұл елдің шығыс жағы болып табылатын Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны өзіне қаратып алды. Ал 1940 жылдың сәуір-мамыр айларында бұл жерден кеңес өкіметіне «жау элемент» саналған 61012 өкіл мен олардың отбасы мүшелері Қазақстанға жеткізілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесінің 1940 жылғы 10 мамырдағы қаулысы бойынша жүзеге асырылған бұл шараға рес­публиканың 6 облысы тартылды. Соның ішінде Солтүстік Қазақстанға – 20064, Павлодарға – 11411, Қостанайға – 8705, Семейге – 7694, Ақтөбеге – 7092, Ақмолаға 6176 адам әкелінді. Осылайша, бұл жолғы арнаулы переселендердің негізгі бұқарасы астықты колхоздар мен совхоздарға жіберілді, тек бір бөлігі ғана өнеркәсіп орындары мен мемлекеттік мекемелерге орналасты. Бірақ олардың ішіндегі дәрігерлер, инженерлер, агрономдар, слесарьлар, техниктер көпке дейін өз мамандықтары бо­йынша пайдаланылған жоқ.


Келесі депортацияның уақыты көп күттірмеді. Ол Еділ бойын жайлаған немістерді көшіруге арналды. Күштеп көшіруге дайындық БКП (б) Орталық комитеті мен Совнаркомның 1941 жылғы 26 тамыздағы «Поволжьедегі неміс республикасының, Саратов және Сталинград облыстарының немістерін көшіру туралы» деп аталатын өте құпия, жабық қаулысы негізінде шұғыл басталды. Ал 28 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Поволжье аудандарында тұратын немістерді көшіру туралы» қаулысы шықты. Немістер қауымын Еділ бойынан көшіру жұмыстары артынша қолға алынып, өте қатаң және қауырт жүрді. Мұнда, әсіресе, 3 қыркүйек күні жолға шыққан алғашқы эшелондарға іліккен адамдардың жағдайлары ауыр болды. Оларға бір тәулікте жиналып, жолға шығуға тура келді. Бұл лекті Энгельс, Крамный Кут, Гмелинки, Палласовка секілді теміржол бойларындағы және соларға жақын орналасқан елді мекен тұрғындары құрады. Олар бірінші күні 10 стансадан аттанған 11 эшелонның тауарлы вагондарымен сапар шекті. Жалпы, 3-20 қыркүйек күндері 31 теміржол стансасынан 188 эшелон жөнелтілді. Олар Поволжье автономиясы, Саратов және Сталинград облыстары аумағынан 451936 неміс ұлтының өкілдерін Сібірге, Қазақстан мен Орта Азияға жеткізді.
Ұлы сүргін мұнымен де тоқтамады. Отан соғысының оты әлі лапылдап жанып жатқан күндері, 1943 жылғы қараша айының 2-5, 22-сі күндері Кавказ тауының етегінде жатқан қарашай халқына да бықпырт тиді. Түркі тектес бұл халықтың 68614 өкілі «неміс басқыншыларына сатылмақ болды» деген жел сөзбен Қазақстан мен Қырғызстанға тас­талды. Ал 1944 жылдың 8-9 наурызы күндері осы халықтың егіздің сыңарындай екінші бөлігі – Эльбрус тауының төбесін жайлаған 37103 малқар аталған екі республикаға бөліп таратылды. Әлбетте, өздерінің күштеп көшірілулеріне байланысты аталмыш халықтар құрған автономиялы әкімшіліктердің бәрі бірден таратылды. Сондай таратуға 1943 жылғы 27 желтоқсанда Қалмақ автономиялы республикасы мен Астрахань облысы да ұшырады. Ертеңіне қалмақтарды көшіру туралы қаулы қабылданды. Көшіру операциясы 28-29 желтоқсан күндері жүргізілді. Екі күннің ішінде 93139 адам отандарын тастап шықты. Олардың негізгі бөлігі Алтай және Краснояр өлкелеріне, Омбы және Новосібір облыстарына шұбап барды. Қалмақтар 1944 жылы тағы депортацияға ұшырады. Бұл жолы 2536 қалмақ туған жерлерінен әкетілді. Осы сапта Қазақстан мен Орта Азияға аттандырылған топтар болды.
1944 жылғы 23 ақпанда Кавказдағы вайнах жұртының бір бұтағы саналатын екі бауырлас халық – шешендер мен ингуштарды күштеп көшіру басталды. Бұл жөніндегі қау­лы 1943 жылдың 9 қарашасында-ақ қабылданып қойылған болатын. Содан бері бұл тақырып қайта-қайта қаралып, бірнеше рет шешім шығарылды. Наурыздың 1-іне дейін бұл өлкеден 478479 адам әкетілді. Сүргінге түскендердің 387229-ы – шешендер, 91250-і ингуштар еді. Олар Қазақстан мен Қырғызстан жерлеріне тап болды. Жалпы, ғалымдардың есептері бойынша 1920 жылдан 1953 жылға дейін 52 рет депортация дүркірі болып өткен екен. Қазақстан бұлардың көбінің «қабылдау бекетіне» айналды.
Кейін, 1953 жылдың жазынан репрессияға ұшыраған халықтарды ақтау үдерісі басталды. Реабилитация үш кезеңде жүргізілді. Соның жеке ұлттарға арналған бірінші кезеңі 1953-1965 жылдары өтті. Онда жоғарыда сөз етілген халықтар түгел ақталып шықты.
Қазақ даласы осылайша өзінің «халықтар түрмесі» деген кеңес билігі күшпен таңған, құлаққа түрпідей тиетін атауынан құтылды. Бұл күнде ол достық пен татулық, бірлік мекеніне айналған.

Еркін ҚЫДЫР

 

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button