20 жыл шежіресі

Астана теміржол вокзалы

Бүгінгі таңда Астанада теміржолдың тоғыз торабын түйістірген екі вокзал бар. 2017 жылы «ЭКСПО» көрмесі өтіп жатқан тұс­та Астанада жаңа «Нұрлы жол» вокзалы пай­далануға берілді. Елорданың бас қақпасына айналған осынау сәулетті ғимарат бүгінде бас қаладағы көрікті орынға айналып отыр. Сонымен қатар, ескі вокзал да қала тұрғындары мен қонақтары үшін абыройлы қызмет көрсетуде. Біз бүгін сол көне вокзал турасында сөз етпекпіз.

Астананың теміржол вок­за­­лы елорданың теріскей бөлігінде, Гете көшесінің бо­йында ор­наласқан. Ғимарат бұдан 61 жыл бұрын, 1957 жылы са­лынған, ал 90-жылдардың аяғында реконструкциядан өткізілген. Бұрнағы жылдың соңында онда тағы да жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Вокзал кеңес кезеңінде бой көтерген көне кешен мен қазіргі заман стилімен салынған бас баспана – терминалдан тұрады.
Алайда Ақмола жеріне темір­һжол тарту үрдісі жоғарыда біз келтірген мерзімнен көп бұрын басталған. Оның та­рихының басы бізді 1878 жыл­дың көктеміне, Ресей жол қа­тынастары министрлігі Түмен–Ақмола–Ташкент те­міржол магистралінің жобасын жасай бастаған кезге алып барады. Бірақ ниет сол қалпында қалып қойды. Оның әдепкі әрекеттерін 1906-1908 жылдары ағылшындар жүзеге асырды. Алайда олар Ақмола уезінің ішінде ұзындығы 40 шақырымға жуық тар табанды шойын жол салудан арыға аспады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс­тың қарсаңында шетел және орыс капиталистері бірігіп, Оңтүстік Сібір магистралін салатын акционерлік қоғам құрды. Осы қоғам 1913 жылы Орск–Ақмола–Семей трас­сасының жобасын бекітті.
Теміржол құрылысы соғыс жылдарында да тоқтаусыз жүріп жатты. Белгілі ақын және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» деген атақты романында Орскіден шыққан теміржолдың Атбасар мен Ақмола арқылы Семейге қарай тартылып жат­­қанын жазады. Оңтүстік Сібір теміржолы басқармасы Ақмола қаласында орналасқан екен. Сол уақыттары вокзал ғимаратының құрылысы да жүріп жатыпты. Бірақ 1917 жылы бұл жерде де билік ауы­суына байланысты құрылыс тоқтатылыпты. Артынша Азамат соғысы басталып кетеді.


1929 жылдың сәуірінде Үкімет 1929-1931 жылдар аралығында Көкшетау те­­міржолын Ақмо­лаға дейін жеткізу жөнінде жаңа шешім қабылдайды. Жол­дың құрылысы орталығы Свердловскіде орналасқан Орал–Қорған құрылыс басқар­масына берілді. Ал Ақмола БКП (б) округтік комитетінің бюросы округтік комиссияға Бурабай–Ақмо­ла аралығына теміржол құрылысын жүргізуге ықпал жасауды тапсырды. Соның нәтижесінде 1929 жылғы 20 мамырда Бурабай курортынан Ақмолаға қарай күре жол тарту жұмысы басталып кетті. 226 шақырым жол құрылысы өте тез рекордтық мерзімде, небәрі бес айда салынып бітті.
1929 жылғы 8 қарашада қай­тадан қатарға қосылған алғашқы Ақмола теміржолы бойымен бірінші пойыз жү­ріп өтті. Бірақ оны қала тұр­ғындары құлан дала, құла дүзде, арқы­раған желдің өтінде қарсы алды. Себебі болашақ вокзал орнауға тиісті алқапта тіпті жолаушыларға ықтасын болатын жатақ та жоқ еді. Сол кезде бұл маң мен қаланың арасын үш шақырым шамалас бос кеңістік алып жатты.
Ақмоланың ежелгі стансасы ресми түрде 1931 жылы ғана пайдалануға берілді. Вокзал 1318,8 шаршы метрлік ауданды алатын 380 жолаушыға арналған екі қабатты үйден тұрды. Оның перроны составтарды қабылдап, өткізіп тұратын 10 бөлек жолдан құ­ралды.
Көп ұзамай станса жанынан теміржолшылар отбасылары үшін қалашық тұрғызыла бас­тады. Онда тұрғын үйлермен қатар түрлі мәдени және әлеуметтік мақсаттағы нысандар бой көтерді. Қаланың территориясы екі бөліктен құралды. Олардың біріншісі шаһардың өзі болса, екіншісі станса жанындағы кенттен өрбіді. Міне, осы екі аралықты жалғау үшін Қарағанды те­міржол басқармасы мен вокзал арасына тар табанды теміржол қатынасы орнатылды. Бұл қаланың бұдан әрі дамуына жарқын жол ашып берді.
1939 жылы Ақмола облысы құрылғаннан кейін Ақмола мен Челябі облысындағы Карталы стансасы арасына теміржол желісі тартылып, адымын кең жаза түсті. Ол 1961 жылы Тың өлкесінің орталығы атанғаннан кейін Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі алты облыстың арасын жалғап тұрған ірі теміржол торабына айналды. Сол кезде жоғарыда айтылған, жалпы көлемі 5260 шаршы метрді алатын, 500 жолаушыға арналған көп функционалды вокзал қазіргі тұрған ауданында қанат жайды. Ол Қазақстандағы ең үлкен вокзал болып санал­ды. Ғимарат құрылысын «Тың­­­көлікқұрылыс» тресінің құрылысшылары жүргізді.
1962 жылдың наурыз айында Ақмола стансасы Целиноград болып өзгерді. Целиноград Қазақ теміржолының ірі темір жолының ірі стансаларының бірі болды. Ол тәулігіне тек жолаушылар пойызының өзінің 20 жұбын өткізіп тұрды. 1964 жылы вокзалдың бір жағы жаңартылып, оған касса залы мен жолаушылардың тынығу бөлмесі қосылды.
1990 жылы ескі вокзалдың жанынан жаңа биік ғимарат бой көтерді. Вокзалдың сыйым­дылық қуаты 1800 жолаушыға дейін жеткізілді. 1997 жылы қала Астана атын алды. Ал вокзалға бұл атау тек 2001 жылы ғана берілді. Мұнда 2004 жылы үлкен реконструкция жасалды. Осының нәтижесінде оның сыйымдылығы тағы 300 орынға ұлғайды. Вокзалдың жолаушылар жіберу қуаты 5,2 мың адамға жетті. Перроннан күніне 30-дан астам пойыз аттанады.

Серік ПІРНАЗАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button