ЖаңалықтарҚоғамҚұқық

Қаскөй

Ол ұстаздық еткен мектепте бүгінде өмір өз ырғағымен жүріп жатыр. Әріптестері ол туралы «өз жұмысына жауапты, іскер адам болып еді» деу­ден әріге бара алмады. «Болар іс болды, оны енді есіме де алғым келмейді» деді екінші бір қатар жүрген құрбысы.

Біз де жүрекке қаяу тү­сірген қасіретті оқи­ғаны шиырлап, қайта еске түсіріп жатуға құштар емеспіз. Алайда ойды ой қозғайды демекші, жақында мәнерлеп көркемсөз оқудан қалалық олимпиада өтті. Осы сөз сайыста Әсемгүл есімді қыз бала бас жүлдені жеңіп алды. Оқушыны жеңісімен құттықтап, осындай жетістікке жетуіне кім себепші болғанын сұрағанымызда әңгіме арасында қыздың анасы «менің қызымды бірінші сыныптан бастап сөз өнеріне баулыған марқұм сынып жетекшісі Әлима Мұратқызы еді» деп ауыр күрсінді.
Қыздың анасы жас ұрпаққа берген өнегелі тәлімін айтып, үлгілі істерін еске алып отырған адам туралы біздің де тереңірек білгіміз келді. Сөйтіп, талай бүлдіршіннің талабын ұштаған, қанатын қатайтқан ұстаз туралы, оның қасіретті тағдырына байланысты әңгіме тіні тарқатыла бастады.

Қатыгездігінен қорқатынмын
Аядай екі бөлмелі үйде апай бізді екі жиенімен бірге қарсы алды. «Жүрекке өшпестей жара салған қатыгездікті несіне сұрай бересіңдер?» деп кейіді.
Өткен жылы да бірнеше журналшы келіп, суыртпақтап сыр тарқатқан. Қайталап айта бергім келмейді бұл әңгімені. Ал енді қызым туралы айтайын. Бірақ артық ештеңе сұрама менен» деп әп дегенде ашыла қоймады.
Әлимашым қаршадайынан зерек болып өсті. Бір айтқанды қағып алып, мүдірмей айтып беретін. Көп өлең, жыр­ларды жатқа білетін. Бесінші сыныпта жүргенде әкесі «Батырлар жыры» кітабын әкеліп беріп, соның көптеген беттерін жатқа айтып жүрді. Өзі де өлең шығарушы еді.
Институтқа өз күшімен түсті. Үздік оқыды. Қатарының алды болды. Сөйтіп жүріп мынаған (Апай күйеу баласының атын атағысы келмеді. Біз оны іштей түсініп отырдық) тап болды.
Алғаш таныстыруға ертіп келгеннен-ақ ұнамады. Алайда, қызымның таңдауына қалай қарсы шығайын? Қарағым, ана жүрегі алдамайды ғой. Мен қателес­пеппін… (Апай көзіне жас алды).
Олар қосылғаннан кейін бір-екі ай өткен соң әлгі жауыз менің көзімше алдынан кесіп өткен бір мысықты ұстап алып басын шауып тастады. Қызыма айтып едім «көңіліңе алма, апа, ол мысықты бала күнінен жек көреді» деп онша мән бермеді.
Масқара кекшіл, қатыгез еді. Басынан сөз асырмайтын. Бірде мас болып туған ағасымен төбелесіп, оңбай таяқ жеді. Содан ертеңіне әлгі ағасының мотоциклімен бірге гаражын өртеп жіберді. Солардың бірінен де қызым сабақ алмады. Енді, міне, не болды? Өмірі қыршын қиылып, екі бала тірідей жетім қалды.

Үстіне бензин шашып, от қойған

Мына заман жатыпішерлерге тап­тыр­майтын сылтау болды. «Мамандығым бойынша жұмыс жоқ» де­генді желеу етіп, ол да жан қинамауды әдетке айналдырды. Таңертең «жұмыс іздеймін» деп кетеді де түс ауа ішімдікке масайып келіп,
ұйқыға кірісетін. Осыны күнделікті дағдыға айналдырып алғасын оған кім шыдайды? Үй ішінде дау-жанжал, айқай шығып, балалардың берекесі кете бастады.
Шыдамның да шегі бар. Әлима күйеуімен біржолата ат құйрығын кесісуге бел байлап, сотқа берді. Алдында да бір-екі рет соққыға жыққаны бар. Оның үстіне отбасындағы ойранды жақсы білетін ет бауыр жақындары бұл шешімді дұрыс деді.
Сөйтіп, ол айырылысып, үш бөлмелі үйдің екі бөлмесі екі баласымен Әлимаға, бір бөлмесі күйеуіне тиісті болды. Күнде ырду-дырду, маскүнем адаммен бір шаңырақтың астында бірге тұру тағы мүмкін болмады. Амал жоқ, үш бөлмені қаланың екі ауданындағы бір екі және бір бөлмелі үйге ауыстырып, құлағы тынышталғандай болып еді. Қателескен екен.
Біраз уақыт өткен соң ол тағы келіп тұр. «Үйімді сатып жібердім. Мынау жарты ақшасы, балаларыммен бірге тұрғым келеді» дегенді айтады. Күйіп кетті. Полиция шақыртып, үйден қуып шықты.
Осылай оның өмірінде азапты кезең басталды. Аузына арақ тисе болды, неше түрлі былапыт сөздерді айтып, есігін ұрады да тұрады. Полицияға тапсырады, үш сағаттан кейін шығарып жібереді. Бұрынғыдан да қаһарына мініп тағы келеді.
Сөйтіп жүргенде соңғы рет үлкен жанжал шығып, ол әйелін де, араша түскен балаларын да соққыға жықты. Он бес тәулікке қамалды.
«Әлима өміріме қауіп төніп тұр» деп ішкі істер органына арыз да түсірді. Олар «тұрмыс­тық кикілжің» деп онша мән бермеген сияқты. Ақыры соңы қайғылы аяқталды.
Сол күні мектепке күндегіден ертерек шыққан. Оқу жылы аяқталу қарсаңы болатын. Қарбалас кезең еді. Білім ұясына үш жүз метр қалғанда бұрынғы күйеуі алдынан шықты. Қолында литр жарым пластмасса бөтел­кеге құйылған сұйықтығы бар.
Бұдан әрі болған оқиғаны жетпіс жастағы куәгер Татьяна Николаевна былай деп баяндайды: «Таңертеңгі жеті жарымның шамасы еді. Балконда таза ауа жұтып тұрғанмын. Мектепке қарай бір әйел келе жатты. Көп кешікпей екінші үйдің бұрышынан бір ер адам шықты. Екеуі бірден қатты-қатты сөйлес­ті. Бір кезде әлгі еркек қолындағы
бөтелкенің тығынын ашты да ішіндегі сұйық­тықты әйелдің үс­тіне шаша бастады. Содан соң қолындағы шырпыны тұтатты да әйелдің үстіне лақтырып, өзі қаша жөнелді. Тұла бойы отқа ор­­наған әйел жанұшырып жерге құлап түсті. Ары қарай менің бол­ған оқиғаны көруге дәтім шыдамады. Полицияға хабарламаққа телефонға жармастым».
Мінеки, қырық бес жастағы Әмен Қанатов он жеті жыл отасқан әйе­лін осылай тірідей өртеп жіберді. Құдайым сондайлардан сақтасын!

Таңатар Төлеуғалиев

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button