Қоғам

Қазақ мүддесі бәрінен жоғары тұруы керек

Жақында Президент жанындағы Ұлттық кеңес құрылып, оның мүшелері белгілі болды. Бұл кеңестің құрылуын жұртшылық көптен күтіп жүрді. Өйткені қоғамда халық пен билік арасын жібек жіптей байланыстырып тұратын ­диалог алаңы қажет. Бұл – өркениетті елдерде қалыптасқан үрдіс. Сондықтан халық бұл алаңнан үлкен үміт күтеді. Кеңес мүшелері де өз саласының биігін бағындырған беделді азаматтар. Енді осы тұлғалар ел ішіндегі өзекті мәселелерді мұқият бағдарлап, жіті талқылайды. Тұрғындардың айтқан ұсыныстарын жерде қалдырмай, ортаға салады деп сенеміз. Бұл Ұлттық кеңеске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жетекшілік етіп отыр. Осыдан-ақ кеңестің салмағы зор екенін түсінеміз.

Біз осы орайда белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының Ұлттық кеңес туралы пікірін сұраған едік.
– Қазір біз екінші өтпелі кезеңде тұрмыз. Мұны күрделі уақыт деп те айтуға болады. Бүгінге дейін ел дамуында жеткен жетістіктеріміз жетерлік. Сонымен бірге бармақ тістейтін «әттеген-айларымыз» да жоқ емес. Шындығын айтқанда, халықтың билікке көңілі толмайды. Мен Ұлттық кеңеске ешнәрседен жалтақтамайтын, табанының бүрі, аузының дуасы бар жілікті азаматтар мүше болса деп ойлап едім…
Бізде саясатты судай сапыратын саясаткерлер көп. Бірақ олардың дені ұлттың тілі мен қасіретін жан-тәнімен сезіне бермейді. «Рухани жаңғыру» туралы көп айтамыз. Бірақ нақты атқарылған іс аз. Қазір руханиятымыз өте жүдеу күйді бастан кешіп отыр. Ана тіліміздің де жағдайы оңып тұрған жоқ. Қазақ мемлекеті болғаннан кейін қазақтың мүддесі бәрінен жоғары тұру керек. Сондықтан Ұлттық кеңесте мына мәселелер қаралса деймін. Бірінші – мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілсе екен. Екінші – ұлттық мәдениетті дамыту керек. Мәдениеттің басында ұлттық мәдениеттен хабары жоқ адамдар отыр. Үшінші – демографияға назар аударған дұрыс. Қазір кісі өлімі көбейді. Төртінші – дін мәселесін шешу қажет. Бесінші – халықтың әл-ауқатын жақсартуды қолға алған жөн. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түспеу керек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button