Басты ақпарат

Экологиялық эстафета елордада жалғасады

Байтақ Қазақстанның жері кең, халық саны аз болғанымен, ортаның ластануы біршама ауыр деп айтуға толық негіз бар. Осы тұрғыдан алғанда, #Birge #TazaQazaqstan экология­ны қорғау шарасына Үкімет басшысы Асқар Мамин бастаған министрлер мен Мәжіліс депутаттары, қала әкімі Алтай Көлгінов, мемлекеттік қызметкерлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен ерікті жастар, қоғам белсенділерінің белсенді атсалысуы қуанар­лық бастама. Нұр-Сұлтаннан бастау алған бұл игілікті шара енді бүкіл республикада жалғасын тапса игі еді…  

 Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасымен #Birge #TazaQazaqstan экологиялық шарасы ұйымдастырылып, елорда іргесіндегі Қоянды су қоймасында жалпыхалықтық сенбілік өтті.
Экологиялық шараға Үкімет басшысы Асқар Мамин бастаған министрлер мен Мәжіліс депутаттары, қала әкімі Алтай Көлгінов, мемлекеттік қызметкерлер және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен ерікті жастар, қоғам белсенділері, мыңнан аса қала тұрғыны қатысты.
– Табиғатты қорғау, аялау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Сондықтан бұл бастама құтты болсын! Осы экологиялық шараға барлық қазақстандықты қатысуға шақырамын. Барлық деңгейдегі әкімдерге аталған акцияны жалғастыруды тапсырамын, – деді Премьер-министр Асқар Мамин экологиялық шараның ашылу салтанатында.
Өз кезегінде сөз алған Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Мағзұм Мырзағалиев күннің ыстығы мен демалысқа қарамастан экологиялық шараға қолдау көрсетіп келген тұрғындарға алғысын білдірді.
– Алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп әр мектеп пен балабақшада да экологиялық сағаттар өткізіп, қалдықты сұрыптау жұмыстарын ұйымдастыру жоспарымызда бар. Себебі адам бойындағы тазалық бала кезден басталады. Бірге! Таза Қазақстан! – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Естеріңізге салсақ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өзінің твиттердегі парақшасында экологиялық шара өткізу бастамасын көтеріп, оған елорда әкімі Алтай Көлгінов қолдау көрсетіп, шараға қала тұрғындарын белсенді қатысуға шақырған болатын. Қала әкімі осындай игі шараның шаһар ішінде де өткізудің маңызына тоқталды.
– Демалғанды жақсы көреміз де, соңынан жинауды ескермейміз. Бұл дұрыс емес. Тазалық – денсау­лығымыздың кепілі. Осындай игі шараның жалғасқаны жөн. Келесі аптада осы экологиялық шараны қала ішінде де тұрақты түрде ұйымдастыратын боламыз, – деді Алтай Көлгінов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қоянды су қоймасында өткен шараның ресми ашылуынан соң билік өкілдері де қолдарына қолғап киіп, қарапайым тұрғындармен бірге су қоймасының жағалауын тазалауға білек сыбана кірісті. Сонымен қатар шараға Алматы облысы Талғар ауданынан арнайы келген белсенді жастар да қатысып, қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосты.
– Бұл – бейресми жағдайдағы ерекше шара. Себебі билік пен халық бірге күш біріктіріп, табиғатты тазарту жұмыстарын бір адамдай атқарып жатыр. Мұны дәстүрге айналдыру керек, – деді сенбілікке қатысқан қоғам белсендісі Мұрат Әбенов тілшілерге берген сұхбатында.
Қала әкімінің ұсынысымен бұл экологиялық эстафета сенбі, 27 шілде күні елордада жалғасын таппақ. Есіл және Қарасу өзендерінің жағалауларын айналып өтетін әуежайдан Қарағанды тас жолына қарай тазарту жоспарланып отыр. Шаһар басшысы қала тазалығына бейжай қарамайтын барлық тұрғынды сенбілікке қатысуға шақырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button