Жаңалықтар

ҚАЗАҚТАРҒА МӘҢГІЛІК ҚАРЫЗДАРМЫЗ

c97825cd5aad

Біз – қазақ халқына әрдайым ризашылықта болыңдар деп өсиет еткендердің ұрпағымыз. Отбасында ата-ана­мыздың ақжарма сөздерін көңілге тоқып өстік.

Осыдан үш жыл бұрын Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы Бас­төбе тауының бөктерінде алғыс монументінің іргетасын қалаған едік. «Қазақ халқына мың алғыс» деп қазақ, орыс, корей тілдерінде тасқа қашалып жазылған сөздер қазақ жерін мекендеген өзге ұлт өкілдері разылығының бір белгісі болды. Бұл жер жай таңдалып алынған жоқ. Осыдан 78 жыл бұрын қазақ жеріне жер аударылған корейлердің алғашқы легі осы төбені паналаған еді. Таудың етегінде жертөлелердің орны әлі күнге дейін сақталған. Осы маңда суық пен аштықтан, аурудан қырылған корейлер жерленген. Мұндай белгі өлі әруақтарға да, өскелең ұрпаққа да керек. Қуғын-сүргін жылдарының адам төзгісіз ауыртпалығы ешқашан қайталанбас үшін, өткеніміз бен бүгінімізді зерделеуге қажет. Бұл ерен халықтың ізгілік өнегесін жүректерімізде сақ­тап, оны келер ұрпаққа жеткізудегі талпынысымыз еді.
Қазақстан халқы ассамблеясының 22-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүрегіміздің түкпі­рінде жүрген ойды қозғады. Биік мін­берден еліміздегі түрлі ұлт өкіл­де­рінің бір-біріне алғыс білді­ретін арнайы күнінің болуы маңызды деді. Бұл біріншіден, Қазақстанға тағдырдың жазуымен ауып келген адамдардың бүгінгі ұрпағының қазақ халқына алғыс айтудың мүмкіндігін қа­рас­тырады. Бұл күн ұлы халықтың шексіз мейірімі мен кеңдігін ұлықтау күні болып та аталып өтер еді. Жү­ректерді ізгілік шуағымен толтыратын Алғыс күні бүкіл ел болып атап өтетін айтулы мерекеге айналады деп ойлаймын.

Роман КИМ,
Мәжіліс депутаты,
Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button