Жаңалықтар

Тыңға түрен салған тарланбоз

ERA_2378

Кеше «Астана» ұлттық сурет галереясында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына арналған  «Тарих пен тіл тамырлас» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кешегі кеңестік кезеңде ұлт басына салған бұғалыққа бой бермей, илікпей өткен бірегей тұлғалар болды. Сол шақта олардың саны да сирек еді. Сол сиректердің бірі – Ілияс Есенберлин. Көне ғасырдан сыр сауып, қатпарлы қалың тарихты қопарып, айбынды бабалардың айбарын асырған суреткердің өмір жолы да күреске толы. Қазақы ауылда туса да, сол заманның ызғарын ерте сезінеді. Әке-шешеден жас­тай қалып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Сұм соғыстың да саз балшығын кешеді. Қысқасы, жігіттік жасқа жеткенше тағдыр ұсынған кермек дәмнің бәрін татып үлгереді.
Алғашқы әдеби жолы өлеңмен басталып, кейін қара сөзге ауысып, прозаның қамытын біржола мойынға іледі. Әуелі шағын хикаяттар мен сол шақтағы өмірді бейнелейтін романдарға қаламын ширатып алған қаламгер, кейінірек қазақтың тусырап жатқан көне тарихына түрен салады. Азаттық үшін арпалысқан Кенесары хан жайлы «Қаһарды» жазып, оны кеңестің қырағы тезінен өткізіп алғасын, бабаларымыз дәуірлеп мемлекет құрған «Алмас қылышқа» қалам сілтейді. Сөйтіп, аз уақыт ішінде бас-аяғы жинақы «Көшпенділер» трилогиясын оқырманға ұсынады. Әрине, бүгін айтуға оңай болғанмен, сол кездегі әдебиет майданында болған айтыс-тартыстардың өзі бұл айтулы шығармаларды айналып өткен жоқ. Қамшының бір ұшы авторды да осқылады. Оған қыңған Ілекең жоқ, бабаларға деген адалдықтан айнымай, өмірінің соңына дейін өз ұстанымынан таймай кетті.
Ақыры ақиқат салтанат құрды. Ол күнді дарынды тұлға көрмегенмен, сол тарихи шығармаларды оқып өскен, бабалардың рухын бойына сіңірген ұрпақ көрді. Сондықтан болар, халқы үшін есімі ардақты азаматтың жүз жылдық торқалы тойы басталып та кетті. Бүгінгі ізгі дүние – соның бір парасы…
Әдеби кеште айтулы тұлғамен көзбе-көз сұхбаттасып, тірі бейнесін таспаға түсіріп алған қаламгер Сұлтан Оразалин жазушының болмысы туралы тереңірек сөз қозғады. Содан соң сол тарихи тас­па көрерменге ұсынылды. Таспадағы тұңғиық ойға батып, аяндап келе жатқан Ілияс Есенберлиннің тірі бейнесі көзге жылы ұшырайды. Біртүрлі, қаламгер әлі арамызда тірі жүргендей әсер қалдырды. Әдебиетші ғалым Құныпия Алпысбаев та ардақты тұлға туралы толымды ой толғады. Атасы жайында жазушының немересі Мағжан да жүрекжарды пікірін жеткізді. Сондай-ақ, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының әртістері жазушы шығармаларынан көріністер қойып, үзінділер оқыды. Кеш бастан-аяқ әсем ән-күймен өрілді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button