Мәдениет

Қылқалам ұшындағы қазақы өмір

Ұлттық музейде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Суретшілер Одағының мүшесі, көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы Яссауи Ағытаевтың «Дәстүрге толы өмір» атты жеке көрмесі ашылды.

Көрмеге мәдени және саяси қайраткерлер, танымал суретшілер мен өнертанушылар қатысты. Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев қазақтың салт-дәстүрін, қазақтың мәдениетін қылқалам арқылы дәріптеп, өзінің еліне аянбай еңбек етіп келе жатқан Яссауи Ағытаевты көрмесінің ашылуымен құттықтады. Сенат депутаты Руслан Рүстемов суретшінің бойындағы ерекше талантты атап өтіп, оның шығармаларында бұрынғы мен бүгінгінің сабақтасатынын мысал етті. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев өнер иесін көрмесінің ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Көрмеге Яссауи Ағытаевтың 70-тен астам жұмысы қойылған. Суретшінің картиналарында халқымыздың салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа толы өмірі бейнеленген. Қылқалам шебері ықылым заманнан бүгінге дейін жеткен рухани байлығымызды түстердің бай палитрасы арқылы жеткізіп, қоғамның мәдени сипаты мен құндылықтары туралы түсінік береді. Көрме халық өмірінің энциклопедиясына иллюстрация бола алады. Адам өмірінде болып жатқан барлық маңызды құбылыстар, мерекелер мен қиын кезеңдер Яссауи Ағытаевтың шығармашылығында көрініс табады.

Көрмені Ұлттық музейдің 6-қабатында орналасқан Уақытша көрме залында 27 тамызға дейін тамашалауға болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button