Мәдениет

Темірбек Жүргенов: Кітап пен монета

Биыл көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына – 125 жыл. Жақында Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі тұғырлы тұлға туралы еңбекпен толықты. Осы мекемеге қарасты №5 балалар кітапханасында жүргеновтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Иманғалиевпен кездесу өтіп, «Менің қолтаңбам» жобасы аясында оның «Темірбек Жүргенов» кітабы сыйға тартылды.

Кітапты қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева қабылдап алды. Бұл еңбекте Қазақстан мен Тәжікстан, Өзбекстан сынды Орта Азия елдерінің оқу-ағарту, мәдениет пен әдебиет салаларының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Темірбек Жүргеновтің әдеби-публицистикалық мұрасы мен қайраткерлік болмысы зерттеліп, теориялық тұрғыда талданған. «Темір нарком» атанған тұлғаның құнды мақалалары мен очерк­тері топтастырылып, оқырмандарға ұсынылды.

500 беттен тұратын кітап бес тарауға бөлінген. Бірінші және екінші тараулар «Қайраткердің азаматтық ажары», «Қайраткердің қалам қажыры» аталады. Әрі қарай Темірбек Жүргенов туралы мақалалар, естеліктер және лебіздер, тұлғаның әдеби-саяси публицистикалық мұрасы, оқу-ағарту, мәдениет саласындағы еңбектері қамтылған.

Жуырда биылғы тұлға мерейтойына орай Қазақстан Ұлттық Банкі «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан TEMIRBEK JÚRGENOV.125 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Монета МН 25 мельхиор қоспасынан дайындалған. Массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы brilliant uncirculated, номиналы – 100 теңгелік.

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға және аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button