Елорда тынысы

Татулығының формуласы – төзімділікте

Адам мен адамзаттың арманы ешқашан аласармақ емес. Қайта уақыт өзегінде мақсат-мұратын өлшеп-пішіп, әлеуметтік санасы есейіп, рухани дүниесі кемелденіп, алға жылжи береді, жылжи береді. Міне, осындай азаматтық мінезді, адами ширақтықты Евгений Метелевтің болмыс-бітімінен көруге болады.

Мақсатшыл азамат әу баста қазақ тілін үйренуді, меңгеріп ғана қоймай, тілдің көркем мән-мағынасын бойына сіңіруге тырысты. Жақсылыққа бет, жаңалыққа жол түзеуде ортасының ықпалы зор емес пе?! Бала кезінен қоныстас қазақ балаларымен бірге ойнап, бірге арман құрды…

– Шымкент қаласында туғаныммен, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Төменарық елді мекенінде балалық шағым өтті. Іргелі ауылда кәріс пен шешен, орыс пен түрік ұлты көптеп тұратын. Ауыл балалары ынтымақшыл еді. Әлгі өзге ұлттың балаларымен бірге ойнаймыз. Қатынас құралымыз – орыс тілі. Сол кездері қазақ тілінде сөйлейтіндерге қызыға қарап, тілді үйренуді ойладым. Сөйтіп, көршілердің үйіне барып, Ерлан, Нұрхан, Самат, Марат, және Ғалымжанмен бірге ойнап, қазақша сөйлей бастадым.

Мектебіміз аралас мектеп болды. Орыс сыныбында оқысам да, қазақ балаларымен ойнап, олардың қамқорлығын сезініп жүрдім. Келе-келе қазақ тілінде кітаптар оқи бастадым. Сондағы мақсатым – тілді жетік меңгеру еді, – деп бастады әңгімесін Жения.

Тіл – ұлттың жаны, арман-мұратын жеткізетін құрал, рухының үні. Шындығында, тас мұқалып құмға айналады, темір тозады, адам өмірден озады. Бұл – өмір заңдылығы. Алайда тарихи сананы жаңғыртып, өткеннің тағылымын жеткізетін көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана. Адамның ішкі жандүниесін ұқтыратын, болмыс-бітімін әспеттейтін – тіл. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейтіні осыдан. Міне, Евгений осы құндылықты жақсы сезінеді, әрі қазақ ұлтын жақсы көреді. Ұлтты жақсы көру де ұлт тілін меңгеруден басталғаны анық.

– Қазақ тілін үйреніп, сөйлеп жүргенім, осы тілге деген ерекше құрметімнен деп ойлаңыз. Мұхтар Әуезовтің Абай романындағы тіл қолданысы, тілінің байлығы ерекше толғандырады. «Абай жолын» оқу арқылы қазақ тілінің қазыналы қоймасын меңгеріп, рухани байып, кемелдене түсесіз.

Екіншіден, қоғамдағы береке мен бірліктің тұтқасы болып тұрған қазақтың кеңдігі мен қонақжайлығы. Бала кезімде көршілердің үйінде ойнап жүремін. Сонда танымайтын адам келсе де, көршілерім дастархан жайып, асты-үстіне түсіп, қызмет етіп жүретін. Мұны кейін түсіндім. Бұл – қазақты сақтап тұрған қасиет екен ғой! – дейді ол.

1994 жылы Төменарық ауылындағы А.Романов атындағы №53 мектепке 1 сыныпқа барады. Мектеп қабырғасында өзінің зеректігімен, зейінділігімен ерекшеленіп, аудандық пәндік олимпиадаларға қатысады. Футбол мен баскетболдан мектеп командасында ойнап, аудандық, облыстық турнирлерге қатысады.

2005 жылы Шымкент қаласындағы Халықаралық гуманитарлы-техникалық университетінде заңгер мамандығы бойынша білімін шыңдайды. Онда да қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, көптен ерекшеленеді. 2009 жылы дипломын алып, Астана қаласындағы десанттық-шабуылдау әскері қатарында азаматтық борышын өтейді.

Ауылға келген бойда жергілікті әкімдікте заңгер ретінде еңбек жолын бастайды. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін жасты Жаңақорған ауданы әкімі Сұлтан Тәуіпбаев байқап, өзіне көмекші ретінде жұмысқа қабылдайды. Елгезек жас бұл жұмыста да өзінің жақсы қырынан көрінеді. Көп ұзамай аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, Қызылорда облысы әкімінің ұйымдастыру бөлімінің инспектор қызметін атқарады. Ары қарай «Жаңақорған шипажайы» АҚ заңгер, кадр бөлімінің басшысы, басқарма төрағасының көмекшісі, «ШалкияЦинк ЛТД» АҚ заңгер, құқықтық сүйемелдеу басшының орынбасары, кадр бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады.

Бизнес саласында да икемділігін көрсетіп, Төменарық ауылында қоғамдық монша ашады. Бұл істі жүргізуде мемлекеттің қамқорлығын сезініп, төмен пайызбен кредит алады. Бүгінде оның ауылдастары дән риза. Елді мекеннің қақ ортасында қаладағыдай монша қысы-жазы істеп тұр.

– 2017 жылы шаңырақ көтердім. Жарымның есімі – Жансая Ахбайқызы. Қазақтың күйеу баласымын. Біздің отбасындағы татулық пен тұрақтылықтың негізі – бір-біріміздің ойымызды құптап, қандай істе болмасын демеу болуға тырысамыз. Ел тыныштығы мен татулығының формуласы – төзімділікте. Яғни әр ұлт өкілі ортақ үйіміздің өсіп-өркендеу жолында бір-бірін қолдап, жақсы істердің тілекшісі болып жүргені жақсы. Қазақ болмысынан адал, арамдықтан ада, жаны да, қаны да таза, ешкімді бөліп-жармайтын, баршаның баласын жат деп жатырқамай, бауырына басатын халық ретінде танимын. Өз басым, қазақтың осы қасиетін бойыма сіңірдім деп ойлаймын.

Бір ұлым, екі қызым бар. Дария, Майя, Даниал өсіп-жетіліп келеді. Қазақ тілінде тілі шықты. Орыс тілінде меңгеріп, ағылшынша тіл сындыруына көңіл бөліп жүрміз. Қазір көп тілді болу маңызды. Әрине, ең бірінші ана тілінде ойлау қабілетін тудыру керек. Сосын кез келген тілді меңгеруіне болады. Өйткені адам қай тілде ойлайды, сол ұлттың рухын түсінеді, – дейді Евгений.

Евгений Метелевтің бала күнгі арманы орындалуында өз ортасы, анасы мен әжесі, әріптестерінің мейірім-мерейі бар. Оны өзі де мойындайды.

– Ауыл балаларымен ойнап жүрген кездерім әлі көз алдымды. Біз арманшыл едік. Осы күні сол армандарым орындалып жатқанына көз жеткіземін. Әрине, бұл – жалғыз менің ғана жетістігім емес, бұл – достарым мен әріптестірімнің, ағайын-туыстың қолдауымен орындалған мұраттар.

Ел бойынша 1 мамыр теңдік пен бірлік мерекесі ретінде аталып өтеді. 2016 жылдан Алғыс айту күні қосылып, қоғамның бірлігіне де, түсіністігіне де, теңдігіне де жақсы әсер етуде. Өз басым, жылда қазақ халқына алғыс айтумен қатар анам Галина Михайловнаға алғыс білдіремін. Өйткені менің жан-жақты болып қалыптасуымда анамның орны зор, – дейді кейіпкеріміз.

P.S. Міне, қазақ қоғамындағы береке мен бірлікті бір ғана Евгений Метелевтің өмірінен көруге болады. Өзгесін деп жатырқамай бауырына басып, ұлттық тілді меңгеруіне мән берді, оқып-тоқып, рухани кемелденуінде тілеулес болды. Қызметте өсуін де жат көрмеді. Керек десеңіз, өз қызын беріп, ұрпағын өрбітуге жағдай жасады. Кейіпкеріміз қазақ ұлтының бұл жақсылығын жақсы сезінеді…

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button