Елорда тынысы

Саналы жастар – сапалы ұлт

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Сапалы ұлт: білім, ғылым және мәдениет» тақырыбында белгілі ғалымдардың студенттермен кездесуі өтті.

Мемлекетімізді бәсекеге қабілетті елге айналдыруда сапалы ұлт қалыптастыру – маңызды міндеттің бірі. Еңбекқорлық, білімпаздық және адами қасиеттер секілді жалпыұлттық құндылықтарды ұлықтайтын саналы ұлт тұтас елдің даму күшіне айналады. Жастармен жүздесудің өзегі ретінде осы тақырып таңдалып, тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.

Кездесуге Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижан, алаштанушы-ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Кәрімбек Құрманәлиев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы және Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Амантай Шәріп қатысты. Жиынды университеттің басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Серік Мақыш ашып, өз сөзінде ғалымдарға алғыс білдіре отыра, оқу ордасында сапалы ұлт қалыптастыру жолында еңбек етіп жүрген қоғам қайраткерлері, ғалымдар және белді тұлғалармен жүздесу дәстүрге айналғанын, сол секілді бұл кездесу де соның жалғасы екенін атап өтті. Іс-шараны ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев жүргізді.

Академик Уәлихан Қалижан «адам бойында ең ізгі қасиет махаббат болса, мұндай ұлт кез келген салада көш бастайды» деп, студенттерге өзінің мақаласын оқып, іс-шараны әсерлі бастады. Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай абайтану төңірегінде сөз бастап, бүгінде данышпан еңбектерінің бұрмаланған, әлі толық зерделенбей жатқан тұстарын баса айтты. Осылайша профессор Абай шығармашылығы арқылы келешек ұрпақтың адамдық келбетін, кісілік сапасын қалай арттыруға болатынына терең тоқталды. Академик Кәрімбек Құрманәлиев студенттермен кездесудің ғылыми кітапханада ұйымдастырылуының символикалық мәні барын айтты.

«Білім – кітапта. Шетелдік ғалымдардың пайымынша, келешекте гаджет ұстағандарды кітап оқитындар басады. Ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемлекет ешуақытта көш бастамайды. Экономика да, шаруашылық та, барлығы ғылымға негізделуі қажет. Сондықтан үлкен ғылым жолының негізі ізденісте жатыр» деді ғалым.

Ал академик Дихан Қамзабекұлы жастарға дамыған мемлекеттердің даму жолын мысалға келтіріп, ел болашағын ілгерілететін бағыттар туралы ойын жеткізді.

«Сапалы ұлт қалай қалыптасады? Оны қалыптастырудың жолы – ғылым мен технологияда. Қазір жастарға жан-жақты мүмкіндік бар. Шетелдік ғалымдардың дәрістері ашық жүйеде тұр. Оның артық-кем тұстары да бар. Көп ақпарат адастырып жіберуі мүмкін. Бірақ жастар осының арасынан адаспай жол табуы қажет. Бүгінгі білімнің астарын білу керек. Бірақ қанша білімді болсаңыздар да, бәрібір рухани дәстүр мәселесі алдыңыздан шығады. Білім дәстүрмен байланысты. Сапалы ұлт – табысты ұлт. Табысты ұлт болу үшін білімді ұлт болу керек» деді Д.Қамзабекұлы.

Ғалым Амантай Шәріп құндылықтар ауысып жатқан заманда жас буынның жарқын болашаққа бастайтынына сенім білдірді.

«Ақын Есенғали Раушановтың «Үстінде тұрып алтынның, өзгенің күмісіне таңғалдық» деген сөзі бар. Жеріміздің асты да, үсті де алтын. Сондықтан алтынымызды бағалап, келешекке жол ашатын жастар сапалы ұлтты қалыптастырады» деді профессор.

Кездесу соңында ғалымдарға TURKSOY халықаралық ұйымының атаулы медальдары тапсырылып, студенттер ғалымдармен жеке кездесу өткізу жөнінде ұсынысын айтты.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button