Басты ақпарат

Шерағаның аманаты

Бас шаһардағы «Наз» театрында халық жазушысы, қайраткер тұлға Шерхан Мұртазаның туған күніне орай «Ел бағына біткен Шераға» деген әсерлі кеш өтті. Мәдени шара барысында суреткердің өмір жолы, қайраткерлік қыры, азаматтық келбеті туралы жылы естеліктер айтылып, оқушылар қаламгердің шығармаларынан үзінді оқыды.

Шерағаң көрнекті суреткер Ғабең жайындағы эссе-ес­телігінде: «Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1985 жылы 31 декабрьде дүние салды. Содан бері бір жыл өте шықты. Содан бері бұл кабинет жабық. Иесі майдан даласында мерт болған қаңтарулы қазанат сияқ­ты» деп жазыпты.
Былтыр дәл осы сары күзде, яғни 8 қазанда Шерағаң да бабалар ізімен қайтпас сапарға аттанды. Міне, доптай домалап бір жыл өте шықты. Осы бір жыл ішінде елімізде көптеген өзгерістер болды. Ұлт туралы келелі мәселелер сынға түсті. Сол кезде ақиқатты қайыстай тіліп айтатын Шерағаңның орны үңірейіп тұрды. Әрине, бір Шерағаң барлық жыртығымызға жамау болмас, бірақ оның дуалы аузынан шыққан сөзінің шарапаты көпке тиер еді.
Қазір қабырғалы қаламгердің «Ай мен Айша» романын қайта оқып жүрмін. Бұрын да бір рет оқығам. Бірақ қазіргі оқығаным – мүлде басқаша әсер етуде. Кітаптың әр бетін ашқан сайын көз алдыма суреткердің балалық бейнесі келеді. Жетім баланың көрген азабы мен қиындығын сыдыртып оқып шығу мүмкін емес. Еріксіз көзіңізге жас келеді. Тасбет бригадирдің «халық жауының баласы» деп жұдырықтай жеткіншекке жасаған қиянаты жаныңызды түршіктереді. Бірақ бала – Барсханның оған жігері жасып, намысы мұқалмайды. Қайта, өткір пышықтай жаныға түседі. Жазушының бұл шығармасы туған анасы – Айшаға ғана емес, осындай қорлықты, бейнетті көрген барлық қазақ аналарына қойған ескерткіш деп ойлаймын.
Сондай-ақ жазушы қылышынан қан тамып тұрған кеңес дәуірінде көрнекті қайраткер Тұрар Рысқұловтың өмірінен роман-трилогия жазды. Айтулы тұлғаның есімі ол кезде мүлде айтылмайтын. 1960 жылы алғаш рет «Социа­листік Қазақстан» газетіне Рысқұлов туралы қарт журналист Рахымалы Байжасаров көлемді мақала жариялайды. Бірақ кейін осы мақала журналиске үлкен соққы болып тиіп, автор қиянатқа шыдамай қайтыс болады. Газет басшылары жазаланды. Осы жағдайды көзімен көрген қаламгер ештеңеден қаймықпай ағысқа қарсы жүзеді. Тұрар Рысқұлов туралы ізденіп, архивтен көп материалдар жинайды. Ақыры, асыл азаматтың асқақ тұлғасын көркем сөзбен сомдап шықты. Бұдан бөлек, сөз зергерінің «Қара маржан», «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Мылтықсыз майдан», «Ахметжанның анты» деген шығармалары да қазақ әдебиетінің асыл қазынасына айналған туындылар деп айтуға болады. Сонымен қатар Шерхан ағамыз аударма саласында өнімді еңбек етті. Әсіресе, Шыңғыс Айтматов­тың роман-повестерін ана тілімізге мөлдіретіп аударып, оқырмандардың ықыласына бөленді.
Қазақ журналистикасында Шерағаңның ойып тұрып алған өз орны бар. Қатардағы қарапайым тілшіліктен басталған жол оны биік белеске көтерді. 1963 жылы «Лениншіл жас» (Қазіргі «Жас алаш») газетінің бас редакторы болды. Ғани Мұратбаев секілді арыстар іргесін қалаған жастар басылымына Шерхан Мұртаза соны өзгеріс, жаңалық әкелді. Редактор басылымға еліміздің әр өңіріндегі жас дарындарды жинады. Арқадан – Ақселеу Сейдімбек, Шығыстан – Оралхан Бөкей, Атыраудан – Фариза Оңғарсынова, Оңтүстіктен – Мұхтар Шаханов секілді жастарды жарқыратып елге танытты. Дәл осы жылдары Әбіш Кекілбаев те газеттің өнер және әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып істеген. Содан кейін ол «Жалын», «Жұлдыз» әдеби журналын басқарды. 1980 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды. Ол жайында жазушы Дидахмет Әшімханұлы «Редактор-генератор» атты мақаласында: «Шерхан Мұртазаев 80-жылдың 1 қазанында «Қазақ әдебиеті» газетін 40 мың таралым үстінде қабылдап алды. 89-жылдың 10 қарашасында оны 140 мыңмен қалдырды. Яки 9 жыл 40 күнде 100 мың қосылған» деп жазады.
Шын мәнінде, Шерағаң басқарған газет-журнал әп-сәтте құлпырып, өзгеше түрленіп кетеді.
Өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың соңына таман жариялықтың желі оңынан соғып, кеңестік жүйенің құрсауы босай бастайды. Дәл осы кезде, 1989 жылы Шерхан Мұртаза еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болып тағайындалды. Бұған дейін партияның органы саналып келген газеттегі қалыптасқан қатаң жүйені бұзу оңай емес. Бірақ қайсар редактор басылымға өзімен бірге еркіндікті ала келді.
Алдымен елу жылдан астам «Социалистік Қазақстан» болып келген газет атауы «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді. Атаумен бірге басылымның шекесіндегі ұран-сөзі де өзгерді. Осы жылдары аталған басылымда қыз­мет істеген Жанат Елшібек: «Жүрекжұтқан редактор немесе «социалистіктен» қалай құтылдық?» мақаласында бұл туралы егжей-тегжейлі жазады.
«Әсіресе, соны сілкініс, бұлғақ мінез газет басына еменнің қарсы біткен иір бұтағындай Шерхан Мұртаза отырған сәттен айрықша аңғарылды. Жоғарыға жалтақтамай, Үлкен үймен «ақылдаспай», Кремльдің көңілін ауламай, партияның гүрзісінен қорықпай-ақ, тура ертеңгі газеттің материалдары жоспарланып жатқанда, макет сызылып, бет қатталу үстінде өз ойы мен талабын орындатып отырды. Сөйтіп газеттің мазмұны мен бет-бейнесін аз уақыттың ішінде түбірімен өзгертуге құлшынды» дейді Ж.Елшібек. Шерхан ағамыз одан кейін «Қазақстан» телерадио компаниясының төрағасы болды. Бұл жерде асыл азаматтың идеясымен «Таңшолпан» бағдарламасы дүниеге келді.
Шерхан аға біраз жылдар Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Ол кісі халық қалаулысы болған кездері ұлтымыз, тарихымызға қатысты мәселелер туралы талай биік мінбеден ашынып сөйледі. Оның: «Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды» деген сөздерін жұртшылық әлі ұмытқан жоқ.
Кеше Алматыда жазушының дүниеден озғанына жыл толуына байланысты ол тұрған үйге мемориалды тақта қойылды. Шерағаң біраз жылдар елордада тұрды. 2002 жылы қалалық мәслихат қаламгерге бас қаланың дамуы мен гүлденуіне қосқан үлесі үшін «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын берді. Қаламгер астанаға туған жеріндей үнемі тілектес болып жүрді. Сондықтан Шерхан ағамыздың елордадағы тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатып, қаланың бір көрікті көшесіне оның есімін берсек артық болмайды.
Бар қазақ көзі тірісінде ол кісіні «Шераға» деп атады. Бұған ешқандай анықтаманың керегі жоқ. Талай жылдар, тіпті ғасырлар өтер. Бірақ ­«Шерағаң» халқымен мәңгі жасай береді.

ПАРЫЗ БЕН ПАЙЫМ

Халық жазушысы, ұлтқа ортақ тұлға Шерхан Мұртазаны еске алу шаралары Алматыда ата дәстүрге сай өтті.

Зиратының басына орнатылған көктастың өзі көпке ой салатындай әсерлі шыққан. Талантты суретші әрі мүсінші Ербосын Мелдебектің идеясында терең мән де, биік мұрат та бар. Яғни тасқа бедерленген кітаптағы қызғалдақ арқылы жазушының туып-өскен жерін аңғартса, мәртебелі сөздің құдіретін, қаламгердің өткірлігін Шер-ағаңның алдаспан бейнесімен жеткізіпті. Шеберлік ізденісі, шығармашылық пайымы айрықша мүсінші ұлты үшін басын бәйгеге тіккен өр тұлғаны өз деңгейінде сомдағаны бірден байқалады. Мұны өнер туындысында қалам қайраткеріне жасалған тағзым десек те жарасады.
Бұл – ұлт жазушысына құрмет, зиялылары мен естілері жолының жалғасы, өркениетті мәдениет үлгісі, жалпы қоғамымыздың аманатқа адалдығы дер едік.
Кеңсай пантеонындағы бейітіне ел боп жиылып Құран бағыштау, тұрған үйі қабырғасына мемориал тақта орнату, еліміздің төрт бұрышынан қалам қайраткерін іздеп келген халыққа имани ас беру – сауабы мол парыздың бірі немесе бірері ғана. Зор парыз – Шер-ағаң аманаттаған ұлттың ұлы мүддесі мен мұратына әрқашан адал болу.

Дархан МЫҢБАЙ,
Парламент Мәжілісінің депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button