Мәдениет

«Shoсk қыздар»-ға айналған «Примадонналар»

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында кезекті премьера өтті. Өнер ұжымы америкалық драматург, продюсер, режиссер Кен Людвигтің «Примадонналар» туындысын «Shoсk қыздар» атауымен ұсынды. Қуат Ежембек қазақ тіліне аударған комедия жанрындағы қойылымның қоюшы режиссері – Ерназар Жаңатілек.

Қу құлқын не істетпейді? Жоқ­шылықтан әбден титықтаған Лео («Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов) мен Джек (Ақеділ Иманғали) есімді екі жас әртіс газеттен өлім аузында жатқан  Флоренс Снайдер (Айдана Жетешова) деген қарт миллионердің балалық шағында жоғалған жиендерін іздеп жүргенін оқып қалады да, бұл олардың жалғыз мүмкіндігі екенін түсініп, тәуекелге бел байлайды. Екеуін бұл үшін әйел кейпіне енуі керектігі де тоқтатпайды, себебі жоғалған жиендер – Максин мен Стефани есімді қыздар. Оларға кездейсоқ сол жиендер шыққан Пенсильвания штатындағы Йорк қаласының тұрғыны Одри (Жәнел Есенгелдина) жолығып, Максин мен Стефани туралы мәліметті (ата-аналары есімдерін, ерекшеліктерін) содан біліп алады. Егер бұл қулық сәтті жүзеге асса, Лео мен Джек әрқайсысы бір миллион долларға ие болады.

Сол үмітпен қос әртіс Йоркке келетіндері жөнінде жеделхат жібереді. Бұған бөлелері Мэг (Арелана Амангельдиева) қатты қуанады. Максин мен Стефанидің табылуымен ол мұрагерлік ақшаның бір бөлігінен айырылатыны да оны қайғыртпайды. Бірақ Мэгтің жігіті Дунканның (Ернар Мұхамбет) жүрегіне күдік ұялап, табылған жиендер жиендер емес, алаяқтар емес пе деп дұрыс ойлайды. Қойылымда құлқынның қамын ойлайтын тағы бір кейіпкер бар. Бұл – қарт миллионердің жеке дәрігері доктор Майерс (Мақсат Қабдеш). Ол баю үшін ұлы Бучты (Мағжан Омар) табылған жиендердің біріне үйленуге үгіттейді. Бірақ ақкөңіл Буч Одриге ғашық.

Жалпы комедияда басты орынға махаббат шығып, махаббаттың мақсаты байлық емес екеніне емеурін білдіріледі. Лео Мэгке, Джек Одриге ғашық болып қалады. Ал өтіріктері ашылғанда Флоренс Снайдер отбасы қос әртісті кешіреді, ғашықтар бір-біріне қосылады. Спектакль ертегі сияқты жақсылықпен аяқталады.

Көрерменді күлкіге қарық қылатын қойылымда сценография және киім суретшісі Арна Алпыспаеваның, қоюшы балетмейстер Камила Бузанованың еңбектерін атап өту керек. Сахнада басы артық ештеңе болмай, әдемі безендірілді. Кейіпкерлердің биі жарасымды болды. Жалпы жеке өзімізді спектакльдің өзі мен оқиғасы емес, әртістердің ойыны тәнті етті. Бәрі де жандарын сала ойнап, көрер­мендерге жақсы әсер сыйлады. Осы премьераны енді 11-12 сәуір күндері тамашалауға болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button