Мәдениет

«Толық адам» – тәрбие құралы

Жуырда Назарбаев Университетінде Ұлттық мәдениет орталығы мен Студенттермен жұмыс жасау департаментінің ұйымдастыруымен «ХАКІМ АБАЙДЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫ» атты семинар-тренинг өтті. Спикер – Назарбаев университетінің ассистент профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Әбдіғаппарова.

Назарбаев Университеті студенттерге адамгершілік, патриоттық тәрбие беруде 2023 жылдан бері ресми түрде Абайдың «Толық адам» ілімін қолданып, барлық өткізілетін іс-шаралардың өзегіне нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректі рухани код ретінде пайдалануда. Мысалы, бұған дейін екі семинар-тренинг өтті. Алғашқысын «Толық адам» және Әділет» атты тақырыпта Назарбаев Университетінің профессоры, Ұлттық мәдениет орталығының директоры Гүлтас Құрманбай, екіншісін «Жарым адамнан – толық адамға» деген тақырыппен абайтанушы ғалым Сұлтан Ыбырай өткізді.

Семинар-тренингке аталған университеттің профессорлары мен студенттерінен басқа Астана қаласының Білім басқармасының атсалысуымен мектеп басшылары, мұғалімдер, басқа да жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары, Ұлттық құдылықтар академиясының және БАҚ өкілдері қатысты. Үлкен қызығушылық танытқан тыңдармандар өздерінің көп сұрақтарына жауап алды.
Абайдың музыкалық шығармалары Абайтану саласының сүбелі бір бөлігін құрайды. Ерекше дарын иесі, ұлы ақын Абай – қазақ поэзиясын қаншалықты биік шыңға көтерсе, ұлттық музыка өнерінде де жаңаша соқпақ сала білді. Дәстүрлі халықтық музыкаға соны түр, жаңаша екпін, ерекше нақыш әкелді. Абай өмір кешкен кезеңде музыка саласында жазба мәдениет қалыптаспағандықтан ол композитор ретінде әндерін нотаға түсірген жоқ, алдымен өзі айтып таратты. Сол кездегі халықтық дәстүр бойынша, Абай әндері біреуден-біреу үйреніп, ауыздан-ауызға тарап отырды. Музыкалық жазба мәдениет болмаса да, Абай әндері бізге толық жетті. Оның басты себебі әндерінің халық арасында кең таралып, тыңдаушылар жүрегінде өшпестей орын алуында. Мелодиялық, ырғақтық, формалық, интонациялық өлең өлшемдерінің жаңашылдығы тұрғысынан Абай әндері өзіне дейінгі қазақтың халық әндері мен халық композиторларының музыкалық тілінен ерекшеленіп тұрды.
Зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, Абай 60-қа жуық (нұсқаларын қосқанда) ән шығарыпты. Ақынның философиялық, көркемдік дүниетанымына оның композиторлық талантының да ерекше әсері болғандығы анық. Себебі, күй мен ән тікелей эмоцияның, жүректің әрекеті. «Толық адамда» жүрекке басымдылық берген Абай «жүрегінде» әуен мен эмоция үндестігі бар. Абай әндерінің жаңашылдығы, оның зерттелуі, қазіргі таңдағы насихатталуы туралы талдау жасалды. Хакім Абайдың музыкалық мұрасы арқылы «ән – халықтың жаны» екендігі айқындалды. Сондай-ақ еркін диалогқа, сұрақ-жауапқа, тыңдармандардың өздерінің көзқарастары мен ой-пікірлерін ортаға салуына мүмкіндік берілді.

Ұлжан ҚОҚЫБАСОВА,
 Ұлттық мәдениет орталығының аға менеджері

Суретте: Назарбаев университетінің ассистент профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Әбдіғаппарова

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button