Мәдениет

Қырғыз киносының беталысы қандай?

Наурыз айында басталған Қырғыз киносы күндері Астанада жалғасын тапты. Аталған мәдени іс-шара аясында Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігінің мұрындық болуымен «Пейіш. Жұмақ – ана табанының астында» киносы көрсетілді.

Іс-шараға Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшісі Дастан Дюшекеев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, ҚР Сырт­қы істер министрлігінің, қырғыз диаспорасының өкілдері қатысты. «Бірлескен мәдени іс-шаралар өткізу екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты күшейтуге серпін береді. 25 наурыз Алматы қаласында «Дарақ ыры» фильмі көрсетілсе, бүгін Астана жұртшылығына қырғыз киносының үздік туындыларын көрсетуге мүмкіндік туды. Мақсатымыз – бауырлас елдер арасында келісім мен бірлікті одан әрі нығайтып, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу. Сәуір айында елордада бір қыдыру іс-шаралар өткізу жоспарлаған. Соның ішінде аты аңызға айналған «Манас» батырдың ескерткішін ашу, екі елдің ақсақалдары мен шығармашылық интеллигенциялары қатысқан дөңгелек үстел отырысын өткізу де бар» деді Күміс Сейітова.

Екі елдің мәдени байланысын нығайтып, көрші елдер кино өндірісі саласына өзара қолдау көрсету мақсатында премьерасы Наурыз мерекесі қарсаңында Қырғызстан мен Қазақстан кинотеатрларында бірдей өткен бұл фильмде ақыл-ойы дамымай қалған жігіттің өмірі, ана мен баланың махаббаты бейнеленген. Кинокартинаның бір бөлігі Қазақстан аумағында түсіріліп, қазақ актерлері де рөлдерді сомдаған.

Айта кетейік, «Пейіш» киносымен қатар, астаналықтарға қырғыздың комедиялық жанрдағы «Тенирберди» (Тәңірберді) фильмі де көрсетілді. Соңғы кездері Қазақстан мен Қыр­ғызстанның киноөндірушілері бірлесіп, «Үкім» фильмі сияқты бірнеше жобаны жүзеге асырды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button