Басты ақпаратҚоғам

Парасатты тұлға еді

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының тұңғыш төрағасы, «Отан» орденінің иегері Өмірбек Байгелді дүниеден өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайраткердің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

– Өмірбек Байгелдіұлы егемендіктің берік іргетасын қаласқан тұғырлы тұлға, Отанымыздың дамуына қажырлы еңбек сіңірген ұлтжанды азамат болды. Қазақстан Республикасы Парламентінің қалыптасуына зор үлес қосты. Ғибратты ғұмыр иесі өзінің нағыз парасатты тұлғаға тән қадір-қасиетімен барша жұрттың сый-құрметіне бөленді. Соңына жарқын із қалдырған Өмірбек Байгелдіұлының есімі мен бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев:

– Өмірбек Байгелдіұлы – егемен еліміздің еңсе тіктеп, ірге бекітуіне зор еңбек сіңірген тұлға. Азаттық алған кезеңде өзі туған Жамбыл облысының алғашқы әкімі болып, өңірдің дамуы жолында айқын қолтаңбасын қалдырды.

1995 жылы Сенат депутаты ретінде сайланып, тәуелсіз Қазақстан тарихында Парламент Сенатының алғашқы төрағасы болды. Осылайша, ұлттық парламентаризмнің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Өмірбек Байгелдіұлы бұдан бөлек, тағы үш шақырылымда сенатор болып, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Қызметтен кейін де Сенаторлар кеңесінің мүшесі ретінде палата жұмысына, жалпы ел өміріне белсенді араласып келді.

Ағамыздың ғибратты ғұмыры қашанда көпке үлгі, ұрпаққа өнеге болып қала береді. Оның жарқын бейнесі әрдайым біздің жадымызда сақталады, – деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында.

Белгілі журналист, көсемсөзші Мейрамбек Төлепберген Өмірбек Байгелді шын мәнінде шыңыраудан шыңдалып шыққан аса жігерлі, қоғамшыл, еңбекшіл, талапшыл басшы, сонымен қатар ұлт руханиятының үлкен жанашыры болғанын атап өтті. Ел мен жер тарихына қатысты көне тарихты тереңірек түсініп, замандар үрдісінде танып, білуге нақты қадамдар жасағанын, сонысымен мемлекеттің биік лауазымында тынымсыз қызмет атқарған тұлғаларға қадірлі болғанын айтып өтті.

– Қашан да құшағы кең, бауырмашыл және үлкен-кішімен бірдей емен-жарқын ой бөлісуге етене жақын, ел бірлігі, ертеңгі келешек, адамдарға жақсылық жасау тақырыбында ой-толғамдары ерекше ізденістер мен қамқор көңілге толы пейілде айтылатын. Ал мемлекеттік қызметтерде өсу баспалдақтары ұстамдылық, біліктілік, еңбексүйгіш және адалдық қасиеттерімен танылды. Ол өзі туып, өскен, айтулы азамат, саяси қайраткер дәрежесінде қалыптасқан Жамбыл облысының басшысы болды. Қазақстан Парламенті Сенатының алғашқы төрағасы ретінде де ел есінде. Көп жыл Сенат депутаты болды. Иманжүзді, мейірімді жанның құрметі барлық уақытта сезіліп тұратын.

Ел ағасы кезеңінде парасатты, сабырлы, мейірімді, турашыл қалпында ұлтқа адал қызмет етудің жақсы үлгісін көрсетті. «Қариясы бардың қазынасы бар» деген даналықтың төрінде болды. Сексен бес жастың белесінде дүниеден озған қадірлі жанның артында қалған өшпес ізі ел жадында сақталар, ол іздеушісі бар абзал аға! – деді Мейрамбек Төлепберген.

Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Өмірбек Байгелді ата дәстүрді жалғап, тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекемдегенін, жоғары заң шығарушы билік тармағын басқарып, парламентаризмді дамытуға өз үлесін қосқан абыз ақсақал болғанын айтып өтті. Тұлғаны адамгершілігі, байсалды мінезі, ғылыми-тәжірибелік көзқарасы, шығармашылық ізденісі өзге жоғары мансаптылардан ерекшелеп тұратынын атап өтті.

– Экономика, ауыл шаруа­шылығы және өндіріспен қатар ол тарих, мәдениет, әдебиет, спорт, діни ағартушылық салаларына да шынайы жанашырлық танытып, көп іс тындырды. Соның ішінде бұрын беймәлім болып келген Иордания жеріндегі Мұса пайғамбардың кесенесін Сұлтан Бейбарыстың салғаны жөніндегі зерттеуі, Балуан Шолақтың мүсініне қатысты, қазақтың атын әлемге шығарып жүрген жас таланттар туралы тың пікірлері тарихта жазылып қалды.

Қандай қоғамдық бастамада, ортақ істе болсын, Өмірбек Байгелдіұлы әуелі ұлтымыздың мәртебесі мен мүддесін ойлады, мемлекетімізді әділетті, озық, өркениетті елдер қатарынан көргісі келді. Әттең, бір кем дүние. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның осындай атаумен кітап жазуына себеп болған да Өмекең. Әсіресе, тоқсан тоғыз жирен қасқа хикаясы тағылымды еді. Қаратау қойнауындағы Қарағай елi дуана қарғысынан Еңбек ерi Байгелдiнiң тұсында ғана арылған… Енді, міне, қаламгер бауыры аттанған мәңгілік сапардың соңына өзі де ілесіп кете барды, – деп жазды Дархан Мыңбай.

***

Кеше Астанада жұртшылық мемлекет қайраткерін соңғы сапарға шығарып салды. Бейбітшілік және келісім сарайында қаралы жиын өтіп, көрнекті тұлға Ұлттық пантеонда жерленді.

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып беріп, Өмірбек Байгелдінің өмір жолына, елге сіңірген еңбегіне тоқтала келе, отбасы мен туған туысқандарына көңіл айтты.

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов
«Өмекең шынында да өте өнегелі, өте мәнді, мазмұнды өмір сүрді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдардағы тағдыршешті шешімдер қабылданған кезде Өмекең сол істердің белортасында жүрді. Бұл туралы Республика күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы айтып, сол жылдары еліміздің егемендігінің негізін қалаған азаматтар арасында Өмірбек Байгелді есімін ерекше атап өтті. Өз басым Өмірбек Байгелді Қазақстан парламентаризмі бастауында тұрған тұлға деп айта аламын» деді.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Үкімет басшысының атынан көңіл айта келе, Өмірбек Байгелді тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздегі тұңғыш әкімдердің бірі болғанын, ел үшін сол қиын кезеңде өзі басқарған өңірді тығырықтан алып шыққанын атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button