Басты ақпаратҚала мен Сала

Көлік – қаланың күретамыры

Астана тұрғындары санының жылдан-жылға өсуі қоғамдық көлікке деген сұраныс деңгейін арттырып отыр. Осы орайда жолаушылар тасымалы сервисін жақсарту, қалалық көлік инфрақұрылымын дамыту және елорда қонақтары мен тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Астана қаласы Көлік және жол-­көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына қарасты «City Transportation Systems» ЖШС 2011 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен құрылды. Содан бері бұл мекеме заманауи зияткерлік шешімдер мен технологияларды қолдана отырып, елорда халқының жүріп-тұруына қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауда. Бұл ретте жаңа бағдарлар іске қосылып, кестелер саны ұлғайтылуда. Жылжымалы құрамды ауыстыру арқылы қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп келеді.

«City Transportation Systems» ЖШС басқарушы директоры Орынбасар Ағбаевтың айтуынша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін елордада 8 жаңа маршрут іске қосылды. Жыл басынан бастап жұмыс күні 74 кестеге және демалыс күні 52 кестеге ұлғайтылды. 2024 жылға да жаңа бағдарларды іске қосу бойынша жұмыстар басталды. Жаңа маршруттарды іске қосу бірінші кезекте қызмет көрсетілмейтін учаскелерде, сондай-ақ қажеттілігі жоғары жерлерде жүргізіледі.

– Қазір Астана қаласында 96 маршрутпен жүретін 1401 автобус бар. Олардың 120-сы – электробус, 20-сы – гибридті автобус, қалғаны дизельмен жүреді. Былтыр 400 жаңа автобус сатып алынды. Биыл тағы 300 автобус алу жоспарланып отыр. Жаңа автобустар Еуро-6 стандартына сәйкес келеді. Жалпы автобустар 2017 жылдан бастап 85 па­йызға жаңарды. Сәуір айынан бастап халық арасында «гармошка» деп аталып кеткен 18 метрлік ұзын автобустар іске қосылады. Қазір 40 автобусқа қажетті жабдықтар қойылып, бағдарламаларды орнату жұмыс­тары жүргізіліп жатыр, – деді Орынбасар ­Ағбаев.

Жол ақысын төлемейтіндер бар

Астанада жолаушылар легі күніне 650-700 мыңды құрайды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, күніне орта есеппен 90000-нан астам жолаушы жол ақысын төлемейді екен. Бұдан тасымалдаушыларға келетін залал сомасы шамамен 3 млрд теңгені құрайды.

– Бүгінгі таңда билетсіз жо­лаушылардың айтарлықтай өсу үрдісі байқалады. Мысалы, тексеру барысында бір автобустан жол ақысын төлеуден жалтарған 20 жолаушыға дейін анықталады. 2018 жылдан бастап жол ақысын төлемейтіндермен күрес Астана қаласы Полиция департаментімен бірге жүргізіледі. Жол ақысын төлемеген жолаушы анықталған кезде, полиция қызметкерлері шақырылады. Өйткені айыппұлды тек полиция сала алады. Айыппұл қала бюджетін толықтырады, – деді.

Биыл жыл басынан бері қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуден жалтарудың 124056 фактісі анықталды, оның ішінде Астана қаласы ПД қызметкерлері 5614 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Осылайша, жалпы сомасы 41453776 теңгеге айыппұл салынды.

Жүргізушілер жетіспейді

Бүгінгі таңда көлік компаниясындағы жүргізушілердің жалпы саны 1851 адамды құрайды. Елордадағы автобус парктерінде 1110 жүргізуші жетіспейді.

Көлік компаниясы баспасөз хатшысы Оксана Әубәкірованың айтуынша, мекемеде жүргізушілердің орташа жалақысы 500 мың теңгені құрайды. Апатсыздық, айналым жоспарын орындау және т. б. үшін коэффициенттердің үстемелерін ескере отырып, еңбекақы 800 мың теңгеге дейін жетеді.

Қоғамдық көлік жүргізу­шілеріне қойылатын талап аса көп емес. Автобус жүргізу­шілерінің жасы 25-ке толған, жүргізуші ретінде кемінде 5 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде D1 кіші санатты (16 жолаушы орнына дейін) автобустарды басқару өтілі кемінде 3 жыл болуы шарт.

Қазіргі кезде жүргізу­ші­лердің тапшылығынан заңға өзгерістер енгізу, мәселен, жас шамасын төмендету мәселелері қарастырылып жатыр. Өйткені бүгінде жүргізушілердің орта жасы 45 жастан басталады. Демек, автобус жүргізушілері қартайып барады, олардың орнын басатын жастар аз.

– Алдағы жылдары жүргізушілер тапшылығын болдырмас үшін қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілсе, жүргізушілердің жалақысы 800 мыңға дейін жетеді, өзге өңірлерден мамандар жұмысқа тартылады, – деді баспасөз хатшысы.

Балалар тегін қатынайды

2020 жылдың 28 наурызында Астана қаласы мен қала маңында тұратын 18 жасқа дейінгі жолаушылар үшін тегін жол жүру ережесі енгізілген болатын. Осы уақыт аралығында балалар мен жасөспірімдер қала ішінде 85988426 сапар жасаған.

Мектеп оқушылары кезекті оқу жылының IV тоқсанын бастады. Демек, көктемгі каникулда олар қоғамдық көлікті көп пайдаланбаса, енді олар күн сайын ең аз дегенде екі рет автобусқа отырады. Балалар көлік картасын автобус ішіндегі валидаторға тигізу арқылы жол ақысын төлейді. Қала тұрғындары санының жыл өткен сайын өсуі қалаішілік автобустар санын көбейтуге, жаңа маршруттарды іске қосуға ықпал етіп отыр.

Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 20 шілдедегі №167/21-VI шешімі 1-тарауы 1-тармағына сәйкес, елорда азаматтарының Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын жекелеген санаттарына қалалық жолау­шылар көлігі бағдарларында жол ақысын төлеуден босату түріндегі әлеуметтік көмек көрсетіледі. Осы шешімнің 2-тарауы 5-тармағына сәйкес, әлеуметтік көмек Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдарға; жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнет жасына толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға; көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға; мүгедектерге; 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға; Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғалар ішінен саяси қуғын-сүргін құрбандарына ұсынылады.

Электронды төлем жүйесі жаңғыртылуда

2023 жылдың қыркүйегінен бастап жолаушыларға, сондай-ақ елорда қонақтарына ыңғайлы болу үшін «City Transportation Systems» компаниясы жол ақысын төлеудің электрондық жүйесін жаңғырта бастады. Жыл соңына қарай жаңа жүйеге толық көшеді.

Бүгінгі таңда автобустарда төлем QR-кодты банктер мен ұялы байланыс операторларының қосымшаларымен, сондай-ақ Transcard көлік картасымен жүргізіледі. Сонымен қатар жаңа автобустарда жол ақысын төлеудің қосымша арналары пайда болады. Бұл ретте жолаушылар екінші деңгейдегі банктердің банк картасы және NFC технология­лары арқылы (сағат, білезік, сақина), Bluetooth арнасы арқылы да төлем жасай алады.

Мамандардың мәлімдеуінше, жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі онлайн режимде көп мүмкіндік береді. Мәселен, Тranscard көлік карталарын жедел толықтыруды іске асыру және екінші деңгейдегі банктер мен төлем ұйымдарының барлық қолжетімді сервисінде барлық қолданыстағы тариф бойынша жол ақысын онлайн режимде төлеуге мүмкіндік береді. Биыл қазан айында автобустарды жаңа жабдықпен жарақтандырып, кейіннен алдыңғы жүйеде пайдаланылатын көлік карталарының жаңа жүйе­де тіркелуіне қарай қолжетімді болады. Сонымен бірге екінші деңгейдегі банктердің банк карталары арқылы жол ақысын төлеу тәсілдерін кеңейту, NFC контактісіз төлем (смартфон, смарт-сағат), QR-кодтарын оқу, Bluetooth технологиясы арқылы төлем жасауға, жүйе­нің барлық операциясын онлайн режимде мониторингілеу және төлемдердің барлық түрі бойынша бөле отырып, жасалатын валидацияларды ұсынылатын жүйеде көрсету және нақты уақыт режимінде дербес есепке алуды, жалпы жолаушылар ағынын жүзеге асыруға әрі мобильді қосымшаларда белсенді халық үшін және азаматтардың жеңілдікті санаты, сондай-ақ оқу орындарының оқушылары үшін виртуалды картаны енгізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде елорданың жол ақысын төлеудің электрондық жүйесінің барлық жабдығы мен бағдарлама кешені офлайн режимінде жұмыс істейді. Бұл ретте жүйе объективті моральдық тұрғыдан ескірген, неғұрлым озық және өзекті шешімге жаңғыртуды/ауыс­тыруды талап етеді.

Алдағы уақытта көлік картасын сатып алу және толықтыруға арналған RTVM-автоматтар біртіндеп жойылады. Бұл іс кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қазіргі кезде қала бойынша барлығы 30 RTVM-автоматы бар. 30 наурызда 6 RTVM-автомат, атап айтсақ, Ш.Қосшығұлұлы көшесі, 9 («Северный» СҮ); Республика даңғылы, 26 («Сұңқар» СҮ); А.Петров көшесі, 1 («Орбита» СҮ); Еділ көшесі, 21 («Магнум» СО); Ғ.Мүсiрепов көшесі, 9Б; Ш.Уәлиханов көшесі, 20 («Магнум» СО) мекенжайында орналасқан автоматтар жо­йылды. Бұған дейін «Аймақ-Тау» сауда үйінде орналасқан 2 RTVM-автомат алынған еді. Қалған 28 автомат қалыпты жұмыс істеп тұр. Олардың қай уақытта жойылатыны туралы Астана қаласындағы «City Transportation Systems» ЖШС көлік ­компаниясы қосымша хабарлайды.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button