Басты ақпарат

Соғыс пен санкция салқыны

Ресейдің Украинада «әскери операция» бастағанына міне тұп-тура 6 ай толды. 10 миллионға жуық украиналықты босқынға айналдырған бұл соғыстың зардабын тек Украина мен Ресей халқы ғана тартып жатқан жоқ, бүкіл әлемге ызғары білініп, онсыз да індеттен кейін салданып қалған әлемдік экономика тағы тығырыққа тірелді. Атап айтқанда, 6 айға созылған әрі қашан бітетіні белгісіз бұл жанжал әлемдік сауда-саттыққа, қаржы саласына, сондай-ақ халықаралық сауда айналымына үлкен ықпал жасады. Осыған байланысты биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму ұйымы жаһандық экономикалық өсу көрсеткішін 3,6 пайыздан 2,6 пайызға дейін төмендетуге мәжбүр болды.

[smartslider3 slider=3815]

Ресей энергияны қару етіп отыр ма?

Соғыс Украина экономикасына 110 миллиард доллардан артық шығын (бұл көрсеткіш әлі де өседі) әкеліп қана қоймай, Ресейдің өзіне де үлкен соққы болып тиді. Батыс санкциясының сабауы жүнше түткен бұл елге салынған санкциялардың саны 10 мыңға жуықтап, әлемдегі экономикалық бұғау ең көп салынған мемлекетке айналды. Осыған байланысты үлкенді-кішілі 2000-ға жуық шетел кәсіпорны Ресей нарығынан кетіп, көрші елде ­жұмыссыздық асқынды, мемлекеттің басты экономикалық табысы саналатын энергия саудасынан түсетін түсім де азайды. Әсіресе, 45 пайыз мұнай мен 25 пайыз газды Ресейден алатын Еуроодақ елдері мен Ұлыбританияның Мәскеудің газы мен мұнайынан бас тарта бастауы Ресей экономикасына ауыр соққы болды. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметіне қарағанда, 2022 жылдың алғашқы жеті айында Ресей табиғи газының Еуропалық Одақ пен Ұлыбританияға экспорты 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға, 2017 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңмен ­салыст­ыр­ғанда 50 пайызға төмендеген.

Мәскеу экспорт саудасында рубльмен есеп айыру тәсілін қолданып, өз ақшасының құнын сақтап қалуға тырысқанымен, бұл шара мұнай-газ экспортынан түсетін табыстың орнын толтыра алған жоқ. Керісінше, мұнай-газ экспортының қат-қабат тосқауылға ұшырап, сауда арналарының барған сайын азайюына байланысты газ бен мұнайын жарты бағамен Қытайға сатуға мәжбүр болды. Демек, «екі қарға таласса, бір қарғаға жем түседі» дегендей, Ресей мен Украина соғысып, Еуропа мен батыс сол үшін Ресеймен қырқысып жатқанда, екі ортада пайданы Қытай көрді.

Бұл арада, ең алдымен, бұл соғыс әлемдегі шикі мұнай өндірісіне әсер еткенін айта кеткен жөн. Өйткені Ресей әлемдегі үшінші ірі мұнай өндіруші ел, әлемдік мұнай өндірісінің 13 пайызын құрайды. Ресей Ук­раинаға басып кіргеннен кейін шикі мұнайдың баррелінің бағасы 100 доллардан асып түсті. Батыс Ресейді санкцияның астына алып, мұнай экспортына шектеу қоя бастағанда, Ресей де батыс елдері мен Еуропа елдерін іштен ірту үшін мұнай мен газды құрал ретінде пайдаланды. Атап айтқанда Еуропаға жеткізілетін газ бен мұнайды азайтып, осы арқылы Еуропа елдерін санкцияны алып тастауға мәжбүрлемек болды. Рубльмен есеп айырысудан бас тартқан елдерге газ жеткізуді түгел тоқтатып, түрлі жолдармен кәрі құрлыққа жеткізілетін газды әдейі азайтты. Осының салдарынан Еуропа елдері үшін биыл қыс қырынан аман өтудің өзі үлкен мәселеге айналды. «Энергия үнемдеу», «көмір жағу» сияқты тәсілдердің де өнімі шамалы болып тұр. Егер Ресей санкцияларға жауап ретінде Еуропаға табиғи газды жеткізуді толығымен тоқтатса немесе Еуропа елдеріндегі энергетикалық компаниялар қыста жеткілікті табиғи газды сақтай алмаса жағдай тіпті қиындай түсуі мүмкін. Міне осыған байланысты Еуропа елдері арасында ішкі алауыздық та туа бастады. Мәселен, Венгрия Ресей газы мен мұнайынан бас тарту мәселесіне үзілді-кесілді қарсы шықса, бұл жоспарды қолдаған елдерде де халықтың наразылығы күшейе түсті. Мәселен, соғыс басталған кезде Германия халқының 65 пайызы Ресейге салынған санкцияларды қолдаса, қазір бұл көрсеткіш 58 пайызға төмендеген. Демек, Еуропа елдерінде қазір Украина халқына жалғасты қолдау көрсету керек пе, жоқ әлде өз халқының мүддесін ескеру керек пе деген екі үлкен таңдау тұр.

Жақында Германия басшысы Франк-Вальтер Штайнмайер Украина соғысына байланысты Еуропа елдерінде бөліну қаупі төніп тұрғанын ескертті және Еуропа елдерін қиындықтарға бірлікте қарсы тұрып, өзара ынтымақтасуға шақырды. Британдық халықаралық қатынас­тар зерттеушісі Крис Дойл Еуропаның «бөліну қаупін» нақты қауіп деп санайды, «егер соғыс ұзаққа созылса, онда энергетикалық мәселелерге байланысты алауыздық күшейеді, бұл, әрине, Путиннің мүддесі үшін пайдалы» дейді ол. Еуропалық Комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің «Мәскеу табиғи газды қаруға айналдырды» деп қайта-қайта Ресейді жазғыруының сыры міне осында.

АҚШ Еуропа елдерінің Ресей энергиясына тәуелділігін азайту үшін қосымша 15 миллиард текше метр сұйытылған табиғи газын Еуропаға жеткізгенімен, ол да Еуропа елдерін қиыншылықтан құтқара алған жоқ. Есесіне табиғи газдың бағасы аспандап (16 пайызға қымбаттады), тапшылық туындай бастады. Мәселен, 2 тамызда бір күн ішінде газ бағасы 4 пайызға қымбаттап, 1000 текше метрінің бағасы 3000 доллардан асты. Бұл Еуропа үшін рекордтық көрсеткіш. Газдың қымбаттауына ілесіп, электр бағасы да өсті. Сондай-ақ бұл жағдай ақшаның құнсыздануына, зат бағасының шарықтауына да себеп болды. Экономистердің табиғи газ бағасының өсуіне байланысты Ұлыбританиядағы инфляция деңгейі келесі жылдың басында 18 пайызға жетеді деген болжам жасап отырғаны әне соның дәлелі.

Аштық та алқымдағалы тұр

 Ресей мен Украина әлемге астық экспорттайтын ірі елдер саналады. Яғни Ресей мен Украина дүниежүзіндегі бидай мен арпаның үштен бір бөлігін экспорттайды, сондай-ақ жүгері экспортында да екі ел де әлемнің алдыңғы қатарында. Украина күнбағыс майының 70%-дан астамын экспорттаумен танымал болса, Ресей тыңайтқыштарды өндіру бойынша әлем бойынша бірінші орында тұр.

Халықаралық астық кеңесі ұйымының дерегінше, кейінгі жылдары астық экспорты көлемі бойынша әлемде төртінші орында тұрған Украина шетелге астықтың 90 пайызын (ай сайын бес миллион тоннаға жуық) Қара теңіздегі порттарынан жөнелтіп келген. Соғыс бастағаннан кейін Ресей Қара теңіз жағалауындағы Украинаның бірқатар портты қаласын басып алып, онысымен қоймай украин астығы саудасына бөгет жасады. Сонымен қатар, өздері басып алған жерлердегі астықты Ресейге тасып әкетті. Осының салдарынан әлемде астық дағдарысы туындап, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйы­мы 41 елдегі 181 миллионға жуық адамның биыл азық-түлік дағдарысына немесе аштыққа ұшырауы мүмкін деген болжам жасады. «Бұл мәселе дер кезінде шешім таппаса, әлемді аштық жайлауы мүмкін» деп дабыл қаққан БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш Түркия басшысы Ердоғанмен селбесіп, Ресей және Украинамен бірнеше мәрте келіссөз өткізді. Соның нәтижесінде шілде айының соңында Украина астығын экспорттауға әзер жол ашылды. Дегенмен, Ресей Украинаның бақылауындағы Одесса қаласын атқылайтын болса немесе басып алса, әупіріммен әзер ашылған бұл жол да қайта жабылып қалуы әбден мүмкін.

Екінші тұрғыдан алғанда, биыл Украинаның астық өндірісі көлемі де айтарлықтай азайды. Ер азаматтың көбі соғысқа аттанып, көптеген егіс алқаптарына дән себілмеді, дақыл егілген кейбір алқаптарға өрт кетіп, күлге айналды. Соғыс басталғаннан кейін Ресей астық экспорты да тосқауылға ұшырады. Батыс БАҚ-тарының дерегінше биыл Ресейдің астық экспорты 27 пайыз қысқарған. Мәскеудің мәлімдеуінше, Батыстың банк ісіне және кеме қатынасына салған санкциялары Ресейдің азық-түлік пен тыңайтқыш экспорттау мүмкіндігін тежеп отыр. Сондықтан РФ астықты әлемдік нарыққа шығару үшін санкцияларды алып тастауды талап етуде.

Мұнан сырт, Украина соғысынан кейін әлемде хакерлік шабуылдар күшейді, әлемдік қор нарығы күрт құлдырады, жаһандық тасымал саласы да үлкен соққыға ұшырады. Әлемдік автомобиль өнеркәсібіне де ықпал жасап, нарықта көлік қымбаттады. Жартылай өткізгіш пен чип өнімдерінің жетіспеушілігін тудырды.

 Қазақстанға қандай әсері бар?

 «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көресің» дегендей, соғыстың зардабын бүкіл әлем тартып жатқанда, Ресеймен бір экномикалық одақтағы біздің елге де оңай соққан жоқ. Оның үстіне біздің импорт саудамыздың 45 пайызы Ресейге тәуелді. 2021 жылы Қазақстан мен РФ арасындағы тауарайналым 24,2 млрд долларды құраған. Шетелге экспортталатын мұнайымыздың да басым көп бөлігі Ресей арқылы(Ресейдің бақылауымен десек те болады) тасымалданады. Сосын да әлем Ресей мұнайына бұғау салғанда, Ресей Каспий мұнай құбыры желісін 6 ай ішінде 4-5 рет жауып тастап, еліміздің мұнайдан түсетін экономикалық табысына аса зор ықпал жасады. Бір кедендік одақта болғандықтан, зат бағасы шарықтап, тек азық-түліктің өзі 19 пайыз қымбаттады. Сонымен қатар Ресейден Қазақстанға келушілер көбейіп (үш айда 570 мың адам келген), еліміздегі жұмыссыздық көрсеткішін арттырды.

Қазір мамандар Ресейдегі жағдай мен Украина соғысының салқыны Қазақстанның көмір өндірісі мен бидай экспортына да әсерін тигізуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Өйткені еліміздің экспортқа кеткен көмірдің 65%-і Ресейдің жылу электр станцияларына, 29%-і Еуропа елдеріне және 6%-і Орталық Азия елдеріне жөнелтілді. Салынған санкцияларға байланысты көптеген елдер Ресей көмірін сатып алудан бас тартып жатыр. Ресми дерекке қарағанда санкцияға дейін Ресей шетелге 8 миллиард еуроға көмір сатып келген. Оның 22 пайызға жуығы Еуроодаққа жеткізілген. Енді міне Еуроодақтың Ресей көміріне салынған шектеуі 1 тамыздан бастап күшіне енді. Демек, өз көмірін сата алмай жатқан Ресей биыл Қазақстаннан көмір сатып алуы екіталай. Есесіне Қытайға сатылатын бидай мен көмірдің мөлшерін көбейтуі мүмкін. Осының салдарынан Қазақстан көмірі мен бидай экспорты үлкен соққыға ұшырауы ықтимал. Ал ел іші нарығында көмір мен бидай бағасы арзандауы мүмкін. Бұл халыққа пайдалы, өндірушілерге зиян әрине. 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button