Басты ақпарат

Елорданың тірегі – орта кәсіп иесі

Елордасы – Нұр-Сұлтан қаласында шағын және орта бизнесті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінгі таңда елорданың шағын және орта кәсіпкерлік саласы қаладағы өңірлік жалпы өнімнің 66,9 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл секторда экономикалық жағынан белсенді азаматтардың 68 пайызы жұмыс істейді. Кәсіпкерлік өркендеген жерде берекенің есігі ашылатынын ескерген қала басшылығы осы бағытта бірқатар тиімді жобаларды жүзеге асырып отыр.

[smartslider3 slider=3817]

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов кәсіпкерлермен «Ашық микрофон» форматында кездесу өткізді. Жиында әкімшілік кедергілерді қысқарту, құрылыс саласын дамыту, қаланың дизайн-коды, жер учаскелері мен инженерлік желілер, жобаларды қаржыландыру және тағы басқа өзекті мәселелерге қатысты кәсіпкерлерді толғандырған барлық сауалдарға жауап берілді.

Кездесуге «Атамекен» ҰКП, қаланың құқық қорғау және қадағалау органдарының, салалық қауымдастықтардың, адвокаттық заң қауымдастығының басшылығы, кәсіпкерлер қатысты.

«Қала экономикасының негізін шағын және орта бизнес құрайды. Елордада түрлі секторлар бойынша жұмылдырылған және 500 мыңға жуық қала тұрғыны жұмыс істейтін 180 мыңға жуық бизнес субъектісі бар. Тұрғындар олардың қызметін күн сайын пайдаланады. Олардың арасында қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету, сол сияқты құрылыс, медицина, білім беру салалары және тағы басқалар бар. Сол себепті елорданың бизнес ахуалын одан әрі жақсарту тетіктері аса маңызды» деді жиында қала басшысы.

Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті дамыту үшін тиісті жағдай жасауға және қала мен елді дамытуға жеке инвестициялар тартуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. «Әкімдік тарапынан бизнес өкілдеріне жүйелі қолдау көрсету үшін бірқатар іс-шараларды жүзеге асырдық. Бизнесті, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау­дың айтулы тетіктерінің бірі – «Astana ӘКК» АҚ қызметі болып саналады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кәсіпкерлерге бюрократиялық кедергісіз жер учаскелерін, арнайы экономикалық аймақ аумағында «Astana Invest» және индустриялық парк арқылы жеңілдікті преференция­лар беруге мүмкіндік береді. Бұл шаралар дағдарыс кезеңінде ерекше және маңызды рөл атқарды» деді әкім.

Сондай-ақ қала басшысы әртүрлі бағдарламалар арқылы гранттар мен жеңілдетілген несиелер берілетінін тілге тиек етті. «Мәселен, биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 130-дан аса грант берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Шағын және орта бизнес нысандарына инженерлік желілер жүргізу бойынша қолдау көрсетеміз, бизнес шығындарын азайту және қолдау үшін қажетті инфрақұрылым жасаймыз. Бүгінде «iQala» қалалық қызметтер орталығы, инвесторларға арналған «Astana Invest» фронт-кеңсесі және тағы басқалар табысты жұмыс істеуде» деп атап өтті елорда әкімі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button