Құқық

Тәртіп сақшысы

«Мен еліміз тәуелсіздік алған жылы дүниеге келгеніме және есімімді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының құрметіне орай Нұрсұлтан қойғанына әр уақытта ризамын. Тұңғыш Президент тәуелсіз Қазақстанның дамуына орасан зор үлес қосты, бұл есім жауапкершілік жүктейді, сондықтан Нұрсұлтан есімін алып жүру – мен үшін мәртебе, мерей!» дейді полиция инспекторы.Нұрсұлтан Сейдалиев, 29 жаста, полиция инспекторы, аға лейтенант. Ол 1991 жылы 1 тамызда Түркістан облысының Қызылжар елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Әжіхан мен анасы Гүлзинат – отбасылық кәсіппен айналысқан, еңбектен бақыт тапқан жандар. Нұрсұлтан – отбасындағы Ботакөз, Нұрбек есімді үш баланың бірі. Ол бала кезінен полиция болуды армандаған, жауапкершілік деген сезімді алдыңғы орынға қоятын қасиеті ерте байқалған. Сабаққа алғыр болып, 2007 жылы мектепті үздік аяқтаған. Сол жылы Қазақстан заң колледжіне оқуға түсіп, 2010 жылы оны үздік оқып, қызыл дипломмен бітірген. 2011-2012 жылдар аралығында Семейде әскери борышын өтеп, үлкен өмірге шыныққан. 2014 жылы ол Нұр-Сұлтандағы Патрульдік полиция полкіне жұмысқа орналасты. Негізгі міндеті қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету болғандықтан, Нұрсұлтан әрдайым өз ісіне сергек қарайды. «Алғашқы жұмыс күнінен бастап менде келешекке, өз мамандығыма деген сенімділік болды, себебі команданың мейірімді және әрқашан бір-біріне көмектесуге дайын екенін байқадым. Мен алты жыл бойы осы жерде тәжірибе жинақтадым, енді жаңадан келгендерге көмектесуге асығамын. Өз міндетіңді жауапты атқару, оның маңызын сезіну адамға күш береді» дейді ол.

2016 жылы Алтынай есімді қызға үйленіп, шаңырақ көтерген Нұрсұлтан үшін отбасылық құндылығы – басты орында, бүгінде 3 ұлдың әкесіне айналған ол ұлдарын елін сүйетін, елге адал қызмет ететін азамат қылып тәрбиелеуді басты мұратым деп біледі. «Жұмыстан бос уақытымда отбасыммен бірге боламын, спортпен шұғылданамын және суға шомыламын, әр кезде шынығып, жақсы формада болу біздің жұмыста өте маңызды. Патрульдік полиция қандай жағдайда да ол қылмыс бола ма, отбасылық жанжал бола ма, 102-ге түскен барлық шақыртуға барады, халыққа ең бірінші көмекті патрульдік полиция көрсетеді. Сондықтан мен өз жұмысымды жақсы көремін. Мен үшін азаматтардың құқығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қорғау, достық ниетте және ілтипатты болу, Қазақстан халқы мен Республикасына қызмет ету – үлкен мәртебе» дейді жас Нұрсұлтан.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button