Басты ақпаратҚоғам

Тіл түлетіп, тәлім беретін орталық

Елбасы Ассамблея алдына да тың міндеттер жүктеді. Әу бастан-ақ ел егемендігін алған сәтте әлеуметтік бағытын анықтап алған мемлекеттің халық үшін қамқоры алда тұратын. Сессияда басым айтылған бес әлеуметтік бас­тама осы бағыттың жалғасы ретінде қалың бұқараның әл-ауқатын жақсартуды мақсат етіп қанат қақты. 

Бұл дегеніміз – әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағынан толық қорғалуы, Қазақстан азаматы болып өзін-өзі танытуға тең жағдай жасалып, лайықты өмір сүруіне кепілдік деген сөз. Бұл ретте қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттар мен ұлыстардың да рухани жаңғырып, өз тілін, мәде­ниетін меңгеруіне жаңа серпін беріп, болашаққа нық қадам жасауына жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
Біз әңгіме еткелі отырған астаналық «Туған тел» татар-башқұрт жексенбілік мектебінің құрылғанына 20 жыл толғанын өткен жылдың соңында атап өтті. Өскелең ұрпақты ұлт құндылығын бойына сіңіруге бастайтын мұндай мектептердің орны зор. Ежелден мұра болып келе жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды келешек ұрпаққа сол қалпында жеткізуді де осындай білім ордалары алдына парыз етіп қойып отыр. Айта кететіні, мәдени орталыққа ұйысқан әрбір ата-ананың өз балаларына үлгі болып, оларды өз тілін сақтай білуге, тарихи, мәдени мұрасын құрметтей білуге үгіттеп, тәрбиелеуі де үлгі тұтарлық өнеге.
Орталықта балалар білім алып қана қоймай, өз мәдениетінің қайнар бұлақтарымен сусындайды. Татар-башқұрт жексенбілік мектебінің балалар хорының құрамы осы мектептің түлектерінен құрылған. Татар тілі пәнінің мұғалімі Зухра Саяпованы қоғам қайраткері ретінде де жақсы танимыз. «Біздің мектепте елуге тарта бала оқиды. Тек татар тілін ғана емес, мәдениет, руханият сияқты құндылықтарымызды ұлықтауды да сабақ барысында ескереміз. Одан басқа, ұлтымыздың өлең-жырлары арқылы да өз тілімізді жаңғыртып отырамыз. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында конфессия және этносаралық қарым-қатынастардың үйлесімді дамуына көп көңіл бөлініп келеді. Алдағы уақытта да осы бағытты ұлықтай отырып, Елбасының бастамалары мен тапсырмаларының жүзеге асыруына мән береміз. Бұл, бастысы, Қазақстан халқының біртұтас болып бірігуіне бастайтын дара жол» дейді Зухра Саяпова. Ол – татар тілін игеруге байланысты оқулықтар жазып, оны көрнекі құралдарымен толықтырып, өзге ортада өсіп келе жатқандардың ана тілін тез игеріп, жетік білуге күш салып жүрген жан.
Мектептегі тәлімнің бір саласы – ұлттың мәдени мұрасы – қолөнерін насихаттауда да көрініс табады. Бұл да ересектер тарапынан тыс қалмайды.
Шебер қолдан шыққан татарлардың ұлттық бұйымдары, ұлттық киімдер, тұрмыстық бұйымдар да лайықты орын алып, мектеп ұстаздары мен оқушылары дайындаған кәдесыйлар көрмелерге қойылып жүр. «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің «Дуслык» ансамблі жастардың шығармашылық кештерінің қонағы деуге болады.
Елордалық татар-башқұрт мәдени орталығының қызметінің басты саласы, этнолингвистикалық мектептің бас­ты бағыты жас ұрпақты туған тілі мен мәдениетіне баулу болса, осы міндетті адал атқарып жүрген орталық деп осы мектепті айтуға әбден болады.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button