Басты ақпарат

Ынтымағы жарасқан ел болып отырмыз

Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, айырылмаңдар. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүрек­теріңді жақындатты. Соның рақы­мымен табысып, туыстасыңдар. Сендер тозақ апатының жиегінде тұр едіңдер, Алла сендерді одан да құтқарды. Алланың аяттары, міне, осы жайды баяндайды. Мүмкін осыған ой жіберіп, тура жолға түсерсіңдер» дейді. Ал осы сүренің 105-аятында: «Айқын дәлелдер келген соң жікке бөлініп, алауыздық туғызатындар болса, олар ауыр азапқа душар болады» деп ескертеді.

Ардақты Алла елшісі де (с.ғ.с.) өзінің өсиет-хадисінде: «Сендерге жамағатты өсиет етемін. Бөлінуден сақтаныңдар. Шайтан жалғызбастылармен бірге болады. Екі кісіден алыс жүреді. Кім жәннаттың ортасын қаласа, жамағаттан бөлектенбесін. Кімді істеген жақсылығы қуантып, жамандығынан жиіркенсе, міне, сол – нағыз мүмін» деп үгіт айтады. Сондай-ақ, мына бір хади­сін­де пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұ­сыл­ман үшін бір-бірін бекем ұстап тұрған ғи­марат тәрізді» десе, келер хадисінде: «Сендерден бірің өзіне қалағанын бауырына да қала­майынша, кәміл мұсылман болмайды» дейді.
Міне, пайғамбарымыз жамағат­тан бөлініп, қалыс қалмауын әрдайым сахабалардың есіне түсіріп отырған. Ислам діні бір-біріне бауырмашыл қоғам үшін арадағы ынтымақтың бұзылмауына дініміз аса мән береді. Жалғыз Аллаға, пай­ғамбарға және кітапқа сенген мұсылмандардың Құранның айналасына жиналулары «бірлік бар жерде тірліктің бар» екендігін көрсетеді.
Адамзат тарихына үңілетін болсақ, бірлігі жарасқан елдердің ұзақ ғұмыр кешіп алпауыт мемлекетке айналғанын көресіз. Ал бірін-бірі көре алмай, береке-бірлігін жоғалтқан елдердің тарих сахнасынан ғайып болғанына да куәміз. Таухид сенімін өзіне ту етпеген, өзін елден ерекше санайтындар уақыт өте өзі­не-өзі ор қазғанын білмей қа­лады. Сол себепті Алла тағала «Әнфал» сүресінің 46-аятында: «Барлық істе Аллаға және оның пайғамбарына бойсұныңдар. Өзара тәжікелеспеңдер, әйтпесе әлсірейсіңдер, бойларыңнан қуат қашады. Шыдамды болыңдар. Алла шыдамдыны жақтайды» деп бұйырған.
Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде: «Кім итағат етпей және жамағаттан қалыс қалып бақилық болса, надандық өлімімен өлген болады» дейді. Дініміздің ынтымақ пен бірлікке аса мән беруінің де сыры осында жатса керек.
Кісі қоғаммен бірге өмір сү­руге мұқтаж. Ал қоғам мүшесі болған адам еліндегі Заң және өзіне жүктелген мін­дет­терден сұралады. Мұндай жауап­кер­шілікті сезінген адам кісінің құқығын қорғау және өзіне жүктелген міндеттің қасиетіне илануы керек. Бұл істі қасиет тұтып қастерлеген ол – ислам. Аллаға және ақырет күніне сенген адам істеген істерінен Алланың құзырында есеп-қисапқа тарты­латындығын сезініп, кісі әр ісінің байыбына барып онан кейін жүзеге асырады.
Дініміз қоғамды құрап отырған адамдарды бір бүтін дене іспеттес, ол қоғамда өмір сүріп отырған кісілерді дененің мүшесі деп қабыл­даған. Мұсылмандарды бір денеге ұқсатқан асыл дініміз ислам қандай да бір ағза мазасызданса, басқа да ағзалар сол ауруды бөліскені сияқты, адамдар арасында бірінің басына қайғы-қасірет бұлты төнсе, онымен бөлісуді жөн деп таныған. Нұғман ибн Башир (р.а) риуаятында пайғамбар (с.ғ.с): «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста, бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады» деген.
Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс істеген уақытта дене сау болатыны сияқты қоғамның мүшесі саналатын адам­дар да ықыласты және дұрыс жұ­мыс істесе, ондай қоғамда ты­ныштық пен ынтымақ өздігінен қалыптасады. Өйткені ешбір адам жалғыз өзінің қауіпсіздігі мен мұқтаждығын толықтыра алмайды. Аллаға сенген пенделердің тыныштық пен бейбіт өмірді бұзатын мәмілелерден және олардың бір-біріне деген жақсы көзқараста болуы ынтымақ пен бірлікте өмір сүрудің сара әрі дара жолы болып табылады. Адамзат баласының барлығының біркелкі түзу жүруі және жақсы ойлауы мүмкін емес. Адам баласына қоқан-лоққы көрсету, дөрекі мінез таныту ынтымақ пен бірлікке сызат түсіретін жағымсыз амал екенін ұмытпағанымыз жөн. Алла Тағала Құранда пайғамбарына (с.ғ.с): «(Ей, Мұхаммед!) Өзіңе Алла берген мейірімге орай сен де адамдарға сыпайы, жұмсақ қарым-қатынаста болдың. Егер сен анайы болсаң, жүрегің қатыгез болса, онда олар сенің маңыңнан безіп кеткен болар еді» деген.
Алла елшісі ынтымағы мен бір­лігі жарасқан қоғам құру қажеттігін мына хадисімен керемет баян етеді. Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте Расулулла (с.ғ.с.): «Күмәннан сақтаныңдар, өйткені күмән – жалғанның ең сорақысы. Бір-бірлеріңнің кем­шіліктеріңді ақтаруға және ес­ту­ге әрекеттенбеңдер. Бір-бір­ле­ріңнің жеке ісі және сыр­ларың­ды іздемеңдер. Мансапта мен­­­мендікке бармаңдар, бір-біріңе көреалмаушылық етпеңдер, бір-біріңе ашуланып, бетқараспай кет­пеңдер. Ей, Алланың құлдары! Бір-бірлеріңе бауыр болыңдар» деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жоға­рыда айтқан хадистерімен бір қоғамның тыныштығын, бірлігін, дұрыс өмір сүруінің жолын көрсеткен. Бұл – заңдылықтар қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адамға жүктелген ең маңызды міндет. Ынтымақ пен бірлікті көздеген мұсылман негізгі мақ­сатқа ынта-жігерімен білекті сыбана кірісе түседі. Ал бұның сыры иман, қалау, сабыр және әрекет екенін ұмытпағанымыз жөн.
Мәдина шаһарында Әус және Хазраж атты екі тайпа болатын. Бұлар Ислам діні келгенге дейін ықылым заманнан бері бір-бірімен қырықпышақ болып келген еді. Асыл дініміз Ислам келгеннен кейін екі тайпа бір-біріне бауыр болып, арадағы дүрдараздыққа нүкте қойылған. Осы екі тайпадан бір топ мұсылман сұхбаттасып жатқанын көрген Шас ибн Қайс есімді жауыз мұнафық, олардың арасына от салу мақсатында яһудилерден бір жас жеткіншекті шақырып, бір-бірімен ұйыған айрандай тату-тәтті әңгіме дүкен құрып отырған мұсылмандар арасына отырып олардың бұрынғы замандағы бір-бірлеріне қас дұш­пандықтарын естеріне түсіріп, олардың тыныштығын бұзғысы келді. Әлгі жас жеткіншек Шас ибн Қайстың айтқанындай істеді. Екі тайпа арасында өткен «Бұас» шайқасының жарасын тырнай бас­тады. Өткенді еске түсірген екі тайпа ашу-ызаға бой алдырып, бір-бірлеріне ауыр сөздер айта бастады. Бұның соңы үлкен дау-дамайға айналды. Екі тайпа қаруларын алып Харра деген жерде майданға жиналып, шайқасуға бел байлады. Жағдай өте қатты шиелене түсті. Бір-біріне деген дұшпандықтарын ұмытып, нағыз дін бауыр болып отырған екі тайпа, енді мұсылман дұшпанының тұзағына ілініп, бір-бірінің қанын төгу үшін бір жерге жиналды. Бұл жағдайдан хабардар болған пайғамбар (с.ғ.с) бір топ асхабымен әлгі жерге дереу жетіп: «Уа, мұсылмандар! Бұларың не сұмдық? Алла сен­дерді ислам дінімен тура жолға бастап, сендерді күпірліктен құтқарып, бір-біріңе бауыр еткеннен соң тағы да сол баяғы күпірліктеріңе қайтпақсыңдар ма?» деді. Бұл сөзден кейін екі тайпа өздерін шайтанның ойнына, дұшпандарының тұзағына іліккендерін аңдап, қаруларын тастап қол алысып құшақтасты және пайғамбарымызбен бірге ол жерден тарады.
Алла ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел­ге әрқашан қолғабыс жасайды. Дініміздің әмі­ріне ұйып, елге төнген қауіптің басын қайтарып, ауызбіршілікте бір даналы сөзге тоқтау көрсеткен ата-бабаларымыз күні бүгінге дейін жеткізіп, Алла берген ынтымақ пен бірліктің арқасында алдыңғы қатарлы тәуелсіз ел атандық. Әрине, барлық адам тарақтың ұшындай бола бермейді. Ал біздің міндетіміз – еліміздің ертеңін ойлап, отанымыздың ынтымағы мен бірлігін ны­ғайту. Пайғамбар (с.ғ.с): «Бір-біріңді жақсы көр­­мейінше, кәміл мұсылман болмайсыңдар» деген.
Олай болса, Алла бізге бір жағадан бас, бір жеңнен қол шы­ғаратындай ынтымақ пен бірлік, тату-тәтті ғұмыр кешетіндей бақ-береке нәсіп етсін!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ төрағасының бірінші
орынбасары, наиб мүфти,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button