Жаңалықтар

Рухани жаңару рәуіштері

«Астана» концерт залында елорданың 20 жыл­дық мерейтойына орай қала­лық педаго­ги­калық ұжымдардың көркемөнер­паздар бай­қауының гала-концерті өтті.

Бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдас­тырылды. Байқаудың мақсаты – ұстаздардың шығармашылық өнерін дамытуды көздеген. Не­гізі, конкурс жыл басында басталған. Дәлірек айтқанда, ақпан айындағы колледж­дер арасындағы сайыста Кәсі­би-техникалық, Құрылыс, Қоғамдық тамақтану және сервис колледждері үздіктер қатарынан көрінген болатын. Ал наурыз айында байқау бас шаһардағы жалпы орта білім беретін мектептер арасында өтті. Онда елуден астам ұжым бақ сынады. Солардың арасынан қазылар алқасы № 48 мектеп-лицейі мен № 4, 10, 31, 59, 38, 56, 69, 72, 83 орта мектептері және №1, 2,3 музыкалық мектептердің өнерпаз ұжымдарының шығарма­шылығын жоғары бағалаған. Конкурсқа бас-аяғы 6000 мұғалім қатысқан.
Ал кешегі өткен гала-концертте барлық білім беру ұйымдары өнер көрсетті. Шараның ашылуында Білім басқармасының бастығы Әнуар Жанғозин сөз алып, ұстаздар қауымын айтулы күнмен құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Концерт барысында мұғалімдер әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй төкті. Бидің де көрігін қыздырды. Оларға ата-аналар мен оқушылар қауымы ризашылық білдірді.
Сонымен, байқаудың гран-приін №48 мектеп-лицейі жеңіп алды. Бірінші орынды № 59, 37 орта мектебі мен Кәсіптік кол­леджі иеленді. Екінші орын № 56, 76 және 30 мектепке бұйыр­ды. Үшінші орынды № 72, 78 және 31 мектеп қанағат тұтты. Барлық өнерпаз ұжымдар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button