Sport

Триатлонда топжарғандар

Астанада қысқы триатлоннан Қазақстан чемпионаты өтті. Оған Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан 200 адам қатысты. Сонымен қатар АҚШ, Чехия және Ресей елдерінен әуесқой спортшылар келді.

Триатлон саябағында өткен бұл додада Elitе және Age Group санатындағы спортшылар «стандарт», «спринт» қашықтығы бойынша сынға түсті. Elite санатында 1 сағат 28 минут 43 секунд нәтижесімен ақмолалық Дмитрий Коломеец чемпион атанды. Ал әйелдерден Шығыс Қазақстаннан келген Наталья Саковнина 1 сағат 37 минут 28 секунд уақыт көрсеткішімен жеңімпаз болды.
Age Group санатында жеке есепте ерлер арасында 41 минут 50 секунд уақыт көрсеткішімен астаналық Марк Старос­тин абсолютті жеңімпаз атанса, әйелдер сапында Дарья Старостина 51 минут 41 секунд нәтижесімен үздік атанды.
Age Group санатындағы эстафеталық командалар арасында «Athletic Family» атты астаналық команда 44 минут 23 секунд уақыт көрсетіп, бірінші орын алды.
Қысқы чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қазақстан триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табыстады.
Сонымен қатар, аталған шара аясында «TEMIRADAM Challenge» атты жүгіруден жарыс ұйымдастырылды. Мұнда әуесқой желаяқтар 5 және 10 шақырым қашықтықта өзара сынасты. Бұл сайыста 10 шақырым қашықтықта ерлер арасында Нұрлан Жақыпов (Астана қаласы, 33 минут 38 секунд) үздік атанса, ал әйелдер арасында Айна Үсенова (Астана қаласы, 47 минут 47 секунд) жеңіске жетті.
Сондай-ақ 5 шақырым қашықтыққа жүгіруде 23 минут 3 секунд уақыт көрсеткішімен Александр Муляк (Қарағанды облысы) бірінші болып келсе, дәл осы қашықтықта әйелдер арасында 24 минут 59 секунд уақытымен Диана Асауова (Қарағанды облысы) алтын алқа тақты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button