Жаңалықтар

Үй болмай күй болмайды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Берекелі баспана» тұрғын үй бағдарламасы бойынша кезекте тұрған көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топ өкілдеріне 248 пәтердің кілті табыс етілді. Біз де сол қуанышты сәтке куә болдық. Қазақта қоныстойдың жөні бөлек қой. Өйткені қазақ үшін баспана «өз үйім, өлең төсегім» ғана емес, құтханасы, әулет айбары, қасиетті қара шаңырағы, тұрмысының қайнар көзі, бақ-берекесі, өмірінің темірқазығы десек артық айтқандық емес. Ең бастысы, баспана – қзаақ үшін киелі ордасы.

Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолдан келгенше баспана кезегінің тезірек жылжуына ықпал ететін бар мүмкіндіктерді қарастырып келеді. Бүгінде елорда бойынша тұрғын үйге мұқтаж жандар қатары 47099 адамды құрайды. Биыл мамыр айында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, халықтың әлеу­меттік осал тобы санатындағы көпбалалы отбасылар жеке топқа бөлінгені қуанарлық жағдай болды. Бұл дегеніміз – көпбалалы отбасылардың баспана зарының аз уақыт аралығында шешуіне оң ықпалын тигізбек. Бүгінгі жағдай соның алғашқы нәтижесі десе болады.

Сондай-ақ үстіміздегі жылы коммуналдық тұрғын үй қорынан 1634 пәтер беру жоспарланған. Оның 731-і – жалға, 233-і – көпбалалы отбасыға, 105-і – жетім балаларға, 277-сі – халықтың әлеуметтік осал тобына, 115-і мемлекеттік қызметшілерге және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне ұсынылмақ. Оның сыртында 2020 жылы тағы да 1640 пәтер үлестіріледі деген болжам бар.

Баспана кілтін табыстау рәсімін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен ашып: «Құрметті елорда тұрғындары, ардақты ағайын, баршаңызды қоныстоймен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер» деп сөз бастады. «Елбасымыздың әлеуметтік саясатының сабақтастығы ретінде Президентіміз Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сіздерге арнап тұрғызылған пәтерлерді табыстап жатырмыз. Бұл – біздің әлеуметтік саясаттағы басым бағыттардың бірі. Алда әлі де алар асу, үміт артқан үлкен мақсаттар бар. Жақында ғана «Нұрлы Ертіс» бағдарламасымен Екібастұз қаласына жүзден астам отбасын жібердік. Қаламызда мүгедектер, жалғызбасты, көпбалалы аналар, ҰОС ардагерлері, жетім балалар сияқты әр санаттағы 47 мыңнан астам азаматтар үй кезегінде тұр. Олардың барлығына да кезегімен баспана беріледі. Осы күнді көп жыл күттіңіздер. Абыржыған, қобалжыған, уайымдаған сәттердің бәрі артта қалды. Қуаныштарыңыз ұзағынан болғай. «Отан отбасынан басталады» деген. Отбасыларыңыз аман болсын» деп ақжарма тілегін білдірді.

Астаналықтар қоныстанған үй «сақалды құрылыстың» бірі екен. Іргетасы осыдан он бір жыл бұрын қаланған 312 пәтерлік нысанның құрылысы тоқтап қалыпты. Осындай иесіз қалған тұрғын үйді «Базис-Дорстрой» ЖШС мойнына алып, жауапты да маңызды шаруаны аяғына дейін жеткізіп, ел ықыласына бөленді. Кәсіпорын басшысы Ерлан Тоқсанбаевтың айтуынша, қала бо­йынша осындай қараусыз қалған екі үй, екі мектеп, бір балабақшаны жөнге келтіріп, ел игілігіне жаратуға мұрындық болыпты.

«Туған үйдің түтіні жылы» деп бекер айтылмаған ғой. Зарыға күтіп, әрең дегенде қол жеткізген пәтерлерінің кілтін алғандардың қуаныштан көзге жас іркілгенін байқадық. Соның бірі Ж.Бейсенбекова: «Мен 12 жыл бойы өзімнің шаңырағым болса екен деп армандадым. Осы уақытқа дейін қаншама сергелдеңге түстім. Отбасыммен кім көрінгеннің босағасында жүрдім. Енді, міне, бүгін қуанышымда шек жоқ. Қала басшыларына айтар алғысым шексіз» деп ағынан жарылды.
Иә, «Үй болмай, күй болмайды» деген бұрынғылар. Баспана зәрулігі кімді болса да бейжай қалдырмайды. Дегенмен еліміздегі баспанаға деген мұқтаждықты төмендету мәселесіне көп көңіл аударыла бастады. Ол да болса көңілге демеу.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button