Жаңалықтар

ҮЛЕСКЕРЛЕР ҰПАЙЫ ТҮГЕНДЕЛЕДІ

Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңын қабылдады. Аталған құжат үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын заңнаманы одан әрі жетілдіру және тұрғын үй құрылысына қатысушылардың қарым-қатынастарын реттеу үшін құқықтық алаң құру мақсаттарында әзірленді.

Заңда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру тәсілдері көрсетілген. Тарқатып айтсақ, енді көпқабатты үйді тұрғызбас бұрын тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдігін алу, жобаға екінші деңгейдегі банктің қатысуы, үлескерлердің ақшасын тұрғын ғимараттың қаңқасы тұрғызылғаннан кейін тарту міндеттеледі. Заң жобасында көрсетілмеген өзге тәсілдермен үлескерлердің ақшасын тартуға тыйым салынады.

Құжатта үлестік тұрғын үй құры­лысының тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Үкіметтің, уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың құзыреттері нақты бекітілді. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартына сәйкес тараптардың міндеттемелері мен жауапкершіліктерін орындалу тәртібі белгіленді.

Заң жобасын сенаторларға Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов таныстырды. Оның айтуынша, кұрылыс компаниясы респуб­ликалық маңызы бар қалалар мен Астанада кемінде 18 мың шаршы метр, өңірлерде 9 мың шаршы метр тұрғын үйлер салған болуы қажет және кемінде үш жыл ғимаратты салу тәжірибесі болуы керек. Соңғы екі жылындағы қызметі де шығынсыз болуы шарт.

Бұған қоса, құрылыс салушыдан тұрғын үй ғимаратын салу тәжіри­бе­сінен бөлек, меншік немесе мемлекет берген жер пайдалану құқығындағы ауыртпалықсыз жер учаскесі мен жобалық-сметалық құжаттаманың болуы талап етіледі.

Бұл заң Астана үшін де маңыз­ды. Өткен жылдың соңында тұрғын үй құрылысына қаржы салған үлескерлерді алдаған бір­неше алаяқ құрылыс компаниясы құрық­талды. Былтыр осы сала бойын­ша 909 заң бұзушылық анық­талып, баспананы заңсыз сату­дың 37 фактісі белгілі болды.

Қала билігі де бұған бей-жай қарап отырған жоқ. Жуырда өткен Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің халыққа есеп беру кездесуінде шаһар тұр­ғындарын құрылыс компания­сын таңдау кезінде жауапты болуға шақырып, әкімдік жа­нындағы ведомствоаралық комиссия шеңберінде әрбір проб­лемалық нысан бойынша шешім­дер алгоритмі әзірленгенін айт­қан болатын. Сондай-ақ, тиісті сенімнен шықпаған барлық ком­панияларға заң аясындағы шаралар қабылданып, Үкіметке үлестік құрылысты бақылауды күшейту жөніндегі ұсыныстар жіберілгенін жеткізді.

Сенаторлар «Тұрғын үй құры­лысына үлестік қатысу туралы» Заңын екі оқылымда қабылдады. Енді аталған құжат Мемлекет басшысына жолданады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button