Басты ақпаратЖолдауСұхбат

Ұлттық бұйымдарға сұраныс артып келеді

Таяуда Елбасы Жолдауында ішкі нарықты отандық тауармен толтырудың маңыздылығын атап өткені белгілі. Соған орай біз еліміздегі өнім өндірумен айналысып жүрген шағын және орта кәсіп иелерін әңгімеге тартып, отандық өнімдерге сұраныс қандай, олардың жұмысына қандай кедергілер бар, қазіргі кезде кәсіпкерлікпен күн көру қаншалық тиімді деген сұрақтарға жауап іздей бастадық.
Алдымен сәті түсіп әңгімелескеніміз «Hаzifa» брендінің негізін қалап, ұлттық бренд премиясының иегері атанған, ЭКСПО халықаралық көрмесі кезінде де өз бұйымдарын ұсынып, көпті қызықтырған ісмер Қазипа Қалиқызы болды.

– Ақселеу Сейдімбек ағамыз «қазақ қыздары көшеде де ұлттық на­қыш­та киінсе, тым болмаса, киімінің бір шетіне қазақша ою салып алса ғой» деп айтушы еді… Қазір сол арманның орындалғанын көріп отырмыз. Сіз де ұлттық киім үлгілерін, ұлттық нақыштағы үй интерьерін, оюланған дас­­тархан, қабырға суреттерін, тағы басқа ұлттық бұйымдар өндірушісіз. Ұлттық бұйымдарға бізде сұраныс қандай?
– Халқымыздың әл ау­қаты күннен күнге жақсарған сайын тұрмыстық бұйымдарға деген талабы да, сұранысы да артып келе жатыр. Мысалы, кез келген той-домалақ, атап айтқанда, сүндет той, бесік той, шілдеха­на немесе қыз ұзату, ке­лін түсіру – осылардың бәрі ұлттық нақыштағы бұйымдарсыз өтпейді. Мұндай тойлар бұрын кеңестік кезде көп болмаған шығар. Қазір байқасаңыз, салт-дәстүріміз қайта жаңғырып жатыр. Бәрі, мысалы, қыздарын ұзату тойын жасап, қазақша салтпен шығарып салғысы келеді.
– Бұл жұмыспен айналысқаныңызға көп болды ма?
– 1994 жылдан бастап ұлттық ою-өрнекті үй бұйымдарына түсіріп, үйді қазақша безендіру бағытында жұмысымды бастағанмын. 1996 жылы алғаш рет Алматыда көрмеге қатысып, өз топта­мамды ұсындым. Ал Астанада алғаш рет 2016 жылы 8 желтоқсанда Ұлттық музейде «Ұлы дала мұрасы» деген атпен көрме өткіздім. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясы қолдауымен ұйымдастырылған көрмеде 25 датасына негіздеп, 25 түрлі түскиіз картинасын қойдым. Олар­дың өрнектері қайталанбайды. Оған қоса 25 метрлік кестелі қызыл жол кілемшесін төседім. Одан кейін Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Тәуелсіздік сарайында үй бұйымдарының көрмесін қойдым. Оған 17 метрлік кестелі жол кілемшесін тіктім. Бұлардың арасында әртүрлі мекемелерде көрмелер өткіздім. Жаңа сұраныс қалай деп сұрап отырсыз ғой. Көрме кезінде адам көп болды. ЭКСПО аясында бір ай бойы тұрған көрмеде Германияға көшіп кеткен бұрынғы отандастарымыз, яғни, бұрынғы қазақстандық немістер, сосын Корея­дан, Моңғолиядан келген қонақтар түскиіз сатып алып, тағы да тапсырыс беріп жатты…

– Шетелдіктер сіздің тауарларыңыздан көбіне қай түріне қызығады?
– Бұрын қазақтар үйдің қабырғасына, түскиіз, неше түрлі кілемдер ілетін. Ал қазір ол сәннен қалған. Сондықтан, мен түскиізді картина түрінде жасап шығарған едім. Көбі менен алған картиналарына лайықтап бөлмесін жасақтайды.
– Мен шетел тауарла­рын қазір интернет дүкендерден лайықты ба­­­ғаға ала аламын. Ал өзі­­­міздің отандық өнімдер қымбат. Неге?
– Отандық өнімдері­міздің қымбат болуының бірінші себебі бізде шикізаттың болмауынан, яғни тауар өндіруге жұмсалатын ма­териалдар, маталар, жіп­тер көбінесе шетелден әкелінеді. Екінші жағынан, бізде бағаға теңгенің құнсыздануы да әсер етеді. Өйт­кені материалдарымызды доллармен аламыз. Үшінші себебі, мамандар жетіспейді. Сондықтан еңбек күші де қымбат.
– Сонда сіз өз өнімдері­ңізге қолданатын материалдардың ешбірі өз елімізде шықпай ма?
– Жоқ. Тігінге қажет ма­та­ларымызды біз шет елдерден алып келеміз. Ал бізде дүкендерде, базарда сатылып жатқан ине, жіп, түймелер – жалпы фурнитураның барлық түрі Қытайдан, Ресейден әкелінген.
– Елімізде кәсіпкерлер үшін жағдай жасалған ба? Бизнеске қандай кедергілер бар?
– Кедергі бар деп айта алмаймын. Жұмыс істеймін деген адамдар көзін тауып жатыр. Елімізде кәсіпкерлер үшін жақсы жағдайлар жасалған, кәсіпкерлікті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары қабылданып, жиі сөз болатыны да сөзімізге дәлел деуге болады.
– Жаңа отандық тауар­лардың бағасы салыс­тырмалы түрде қымбат екенін айттық. Сіздің компанияңыз шығарып жатқан тауарлар да арзан емес. Сіздің тауарларыңыздың ерекшелігі неде?

– Біздің тауарымыздың өзгешелігі – маталардың және жіптердің сапасы жоғары. Екіншіден, онда­ғы ою-өрнектерді орынды пайдаланамыз. Жалпы ұлттық қолөнер – әлемдік көркем мәдениеттің негізі. Сондықтан да өрнек дүние жүзінің әр халқында бар. Әр халықтың тарихи дамуына, тұрмыс салтына және эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшелігі бар. Қазіргі кезде ою-өрнекті ағашқа, темірге, металдарға және терілерге салып жасалған керемет құнды бұйымдарымыз ұлттық брендке айналып жатыр. Мысалы, «Нұрша» сән үйі киімдерге өсімдік тектес өрнектерді көбірек қолданса, Мұхамеджанұлы Зейнелхан отбасы кестешілері жануар­лар бейнесімен ас­трологиялық өрнектерді көбірек байланыстырады. Ал менің бұйымдарымда қазақ ұлтының тұрмыс-­салтына байланысты ай­шықты белгісі ретінде қошқар мү­йіз, құс қанат, жыланбас ою-орнектер көбірек кездеседі. Мысалы, киімнің жағасына бөлек ою, перделерге мүмкіндігінше өзіміздің қошқар мүйізді түрлендіріп қондырып жүрміз.
Мұнда айтайын дегенім, сіз екеуміз де қазақша сөйлейміз. Бірақ біріміз қарапайым тілде сөйлесек, екіншісіз көркем тілде, сауатты сөйлеуіміз мүмкін. Сол секілді ою-өрнекті де көбіне ел ажырата алмайды. Қиылып түскеннің бәрін қазақша ою екен деп ойлайды. Бірақ, оның да ішкі сырын осы саладан хабары бар адамдар ғана білуі мүмкін.

Әңгімелескен
Нәзира БАЙЫРБЕК

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button