Мәслихат

Жанат НҰРПЕЙІСОВ: «Бюджет бекітілгенше қимылдап қалыңыздар»

Осы күндері Астана қалалық мәслихатында 2019-2021 жыл­дар­ға арнал­­ған қала бюджетінің жобасы талқы­ла­­­нып жатыр. Осы­ған арналған алғашқы отырыстардың бірін мәслихат­тың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жө­нін­дегі тұрақ­ты комиссиясы өткізіп, қалалық Стратегия­­лық және бюджеттік жос­парлау басқармасының басшы­­сы Расул Оразғұловтың, тиісті басқарма басшыларының баяндамаларын тыңдады.

Расул Оразғұловтың мәлімдеуінше, үш жыл ішінде болжам бойынша бюджетке 857 млрд теңге кіріс кіреді. Соның ішінде салық кірісі 851 млрд теңге болмақ. Ал 2019 жылы 270 млрд кіріс кірмек.
«Елбасының биылғы 5 қазандағы Жолдауына сәйкес келесі жылдың 1 қаңтарынан ең аз жалақы 1,5 есеге өсіп, 28 мың теңгеден, 42,5 мың теңгеге көтеріледі. Бұл жағдай бір жағынан 80 мыңнан астам адамның табысын арттырады, екінші жағынан, салық кірісін көбейтеді. Астана бойынша 25 АЕК көрсеткішінен төмен табысы бар 86 мың адам тіркелді. Оларға салық ставкасы азайтылады» деді Р. Оразғұлов.
Оның айтуынша, үш жылдық бюджет 1 трлн 177 млрд 652 млн теңгені құрамақ. Соның 413 млрд 191 млн теңгесі 2019 жылға тиесілі. Бұл бекітілген 2018 жылдың бюджетіне қарағанда 8 пайызға көп. Қаланың үш жылдық бюджетіне осы мерзім ішінде республикалық бюджеттен 310 млрд теңге көлемінде мақсатты трансферттер кірмек. Бұл сома келесі жылы 130 млрд теңгені құрамақ. Бұған керісінше, 2019 жылы жергілікті бюджеттен республикалық бюджетке 30 млрд теңге жіберіледі. Бұл биылғы көрсеткіштен 1,4 есе көп.
Отырыста анықталғандай, басқарма­лардың барлық сұраныстары қанағаттан­дырылған жоқ. Мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары осыған назар аударды. Әсіресе, әлеуметтік және мәдени нысандардың құрылысы мен күрделі жөнделуі біраз әңгіме болды.
«Талдықорған қаласында жақында жаңа театр ашылды. Біз 20 жылдың ішінде бір қазақ театрын сала алмай отырмыз. Жалпы театрдың құрылысы қашан басталады?» деген сұрақты қойды мәслихат депутаты Мирас Шекенов.
Бұл мәдени ошақтың салынуы Астананы дамытудың бес жылдық жоспарына енгізілген. Алайда құрылысы 2020 жылы бірақ басталады. Отырыста оған осындай жауап берілді. Қазіргі қазақ театры – Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ғимараты тиісті талапқа сәйкес келмейді. Сахнадағы жарық пен дыбысты ретке келтіру үшін, яғни жаңа жабдықтарды алу үшін 340 млн теңге керек.
Қалалық Мәдениет және спорт бас­қармасының басшысы Болат Мажағұлов Қуыршақтар театры мен «Жастар» са­райының жағдайы да мәз еместігін емеу­рінмен жеткізді. Шаһардағы ескі ғимараттардың бірі М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына тиесілі. Биыл оның күрделі жөндеуіне қаржы бөлінді. Аталмыш театр енді екі жыл бойы жөнделіп, әртістер Бейбітшілік және келісім сарайында қойылымдарын қояды. Төрт жыл бұрын пайдалануға берілген «Барыс Арена» спорттық кешенінің іші де тозыңқыраған. «Қазақстан» спорт кешені де тиісті жағдайда емес.
Мектептер мәселесі де күрделі екені белгілі. «Кирпичный» кентіндегі №12 мектеп бұрын балабақша болған. Аталған ғимарат мектепке лайықталмаған. Мәсли­хат депутаты Зейнолла Шібкенов мұның жайын Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннен сұрады.
«Болашақта бұл мектепті қайтадан балабақшаға айналдырамыз. Оқушыларды №80 мектепке ауыстырамыз. Ол үшін оқушыларды тасымалдайтын мектеп автобусын ұйымдастырамыз» деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол №23 мектептің спортзалы бойынша мәселе туындап жатқанын жеткізді. №27 және №62 мектептерді жөндеуден де түйткілдер барын айтты. Жалпы орта білім беру ошақтарын жөндеуді Білім басқармасынан алып, Қалалық ортаны регенерациялау басқар­масына беру мәселесін көтерді. Біраз дау тудырған №8 мектеп бойынша бұл мәселе қарастырылып жатқанын айтты. Расул Оразғұлов мектептерді жөндеуге 8 млрд теңге керектігін қоса кетті.
Отырыста Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камал­жан Надыров, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бас­шы­сының орынбасары Артем Әбіл­динов аталмыш басқармалардың мұқтаж­дық­тарын депутаттарға жеткізді.
Отырыс соңында қалалық мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов бір айдан сәл асқанда бюджет бекітілетінін айтып, оған дейін тиісті ұсыныстарды беруді ескертті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button