Мәдениет

Ұлттық музейде Жануарлар әлемі туралы көрме ашылды

Астанадағы Ұлттық музейде National Geographic-тің «Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері» (The Greatest Wildlife Photographs)  деп аталатын фотокөрмесі ашылды , деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Көрменің ашылу рәсіміне National Geographic Qazaqstan журналының жанашырлары мен серіктес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

       «Бұл көрме баршамыз смартфонға телмірген, табиғаттан ажырап бара жатқан дәл бүгінгі уақытта өте өзекті әрі үлкен маңызға ие. Мұндағы әрбір жануардың ғажайып фотосуреттері бүкіл адамзат осы табиғаттың бір бөлшегі екенін ұғынуға, түйсінуге көмектеседі. Айналамызды, хайуанаттар әлемін таныстырады, олардың экожүйедегі орны туралы ойлантады. Сондықтан астаналықтарды осы көрмені келіп көруге, балаларын әкеліп көрсетуге шақырамын», – деді ашылу рәсімінде сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Ал қоғам қайраткері Дархан Мыңбай National Geographic Society түрлі саладағы зерттеу жобаларына жыл сайын гранттар бөлетіндігіне, оны қазақстандық азаматтар да, соның ішінде фотографтар да жеңіп алып, елімізде керемет зерттеулер жасауға болатынына назар аударды. Көрме жастарды осындай өзіне де, қоршаған ортаға да пайдалы, игілікті істерге шабыттандыратынын атап көрсетті.

Көрмені ұйымдастырушы KAZMEDIA HOLDING компаниясының басшысы, National Geographic Qazaqstan журналының бас редакторы Еркін Жақып мұнда қойылған суреттің әрбірінің артында үлкен оқиға бар екеніне, әрбір фото жанкешті еңбекпен түсірілгеніне тоқталды. Тіпті фотографтар өміріне қаншама рет қауіп төнсе де мақсаттарынан айнымай, қайталанбас ғажайып сәттерді фотоға түсіретінін айтты.

Табиғат суреттерінің майталман редакторы Кэти Моранның жетекшілігімен әзірленген бұл көрмеде National Geographic журналының беттерінен таңдап алынған хайуанаттар әлемінің ең үздік суреттері ұсынылған. Сурет авторларының қатарында National Geographic-тің Майкл «Ник» Николс, Стив Уинтер, Пол Никлен, Беверли Жубер, Дэвид Дубиле және басқа да ең танымал фотографтары бар.  Көрмеге қойылған суреттер фотографияның даму эволюциясын көрсете отырып, фототұзақ, қашықтан түсіру және суасты технологиясы сынды инновациялар қалай фотографтарға тұмса табиғаттағы тіршілік ортасына жол ашқанын көрсетеді.

Іс-шара барысында National Geographic фотографтарының фото түсіру барысынан арнайы дайындалған бейнероликтер де көрсетілді.

«Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері» фотокөрмесі Ұлттық музейде ақпанның  25-іне дейін ашық болады.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button