Білім

ҮШ ТІЛДІ БІЛУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Бәріміз де уақытқа тәуелдіміз. Ешкім де одан асып кете алмайды. Заман ағымына сай уақыт талап ететін қажетті дүниелер болады. Соның бірі – кейінгі кезде көп айтылып жүрген үш тұғырлы тіл. Оны біреу қолдайды, келесі басқаша пікір өрбітеді. 

erm_2020

ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ ЖЕТІСТІГІ ЖОҒАРЫ

2006 жылы Қазақстан хал­қының Ассамблеясының жиынында Елбасы алғаш рет үш тұғырлы тіл туралы ой қозғады. 2007 жылы Мемлекет басшысы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында «Тіл­дердің үш тұғырлығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Міне, осы бағыт бойынша еліміздегі орта мектептерге үштілділік жобасын енгізу қолға алынды. Оған республика көлемінде 33 жалпы білім беретін оқу ордасы тәжірибе алаңы ретінде таңдалды. Сол мектептің бірі – елордадағы №48 мектеп-лицейі. Бүгінде аталған оқу ордасында оқушыларға ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады.

Бізді мектеп директоры Зәуре Жақанқызы жылы шыраймен қарсы алды. Өзі де ұзақ жыл ұстаз болған кісі. Білім саласындағы тәжірибесі мол екендігі сөз саптасынан байқалды. Бес тілде еркін сөйлейді, еркін ойлайды. Мек­­тепте жеткіншектер мем­ле­кеттік тілде білім алады. Оқу ғимараты 2003 жылы пай­далануға берілген. Ашылған күннен бастап оқу ордасында оқушыларға шет тілін үйрету пәні бойынша ағылшын тілі жүргізіледі. Әрине, «Тілдердің үш тұғырлығы» атты мәдени жобаны бастап кету де оңай болған жоқ. Ол туралы мектеп басшысы сөзді әріден қозғады.

– Біздің мектеп әуелден ағылшын тілін оқытуға бейім­делген. 2007 жылдан бастап «Тілдердің үш тұғырлығы» атты мәдени жоба мектепке енді. Жобаға кірген оқу ор­далардың бәрі республикалық «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталықтың жүйе­сіне кірді. Олардың көбі бала­ларға тілдік орта жасау үшін мектеп-интернат ретінде ашылды. Біздің оқу ордамызда бүгінде екі мыңнан аса бала білім алады. Оның 400-ден астам оқушысы үш тілде оқиды. Негізінен, ағылшын тілі 5-11 сыныптар арасында тереңдетілген, 5-6 сыныптағы оқушылар сәл жеңілдетілген түрде оқыса, 7-сыныптан бастап ағылшын пәні күрделене түседі. Әрине, мектеп әлі тәжірибе алаңы болғандықтан, екі сынып қана іріктелген. Оқу ордасында биология және гео­графия сабағы толықтай ағыл­шынша өтеді. Алғашында білікті мамандардың қажеттілігі болды. Сол кезде бар салмақ мектептегі ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдерге түсті. Олардың қабілеті қандай пәнге жақын болса, соны игеруге тура келді. Керісінше, физика, математикадан сабақ беретін мұғалімдерге ағылшын тілін үйрету қиын болды. Бастапқыда оқулық тапшылығы да байқалды. Аудармамен жұмыс істеген күндер болды. Соның барлығын біртіндеп жеңіп келеміз. Қазіргі күні тәжірибе мектепте ойлаған деңгейде жүргізілуде. Бастысы, балалар тілді игеріп әкетті, – деді Зәуре Садықова.

Мектеп басшысы бізге бала­лардың тілді игеруге деген құш­тарлығы мен алғырлығын зор ілтипатпен айтты. Соңғы жылдары оқушылар ағыл­шын тілінен халықаралық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жо­ғары жетістіктерге қол жет­кізген. Тіпті, Польша, Грузия секілді мемлекетте өткен байқауда ағыл­шынша ғылыми жұмыстар қорғап, биік белеске көтерілген.

БАЛАЛАР ТІЛДІ ОЙНАП ҮЙРЕНЕДІ

Биылғы жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған балғындар сегіз сыныпты құ­раған. Олардың барлығы да ағыл­шын тілін оқиды. Қазір қо­ғамда «Бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту қиын. Оны бала алып жүре алмайды. Жеткіншектің миына салмақ түседі» деген сөзді жиі естиміз. Осы сұрақты Зәуре Жақанқызына біз де қойдық. Ол кісі оған күмілжімей жауап берді.

– Мен өзім тіл маманымын. Осы саланы тереңірек зерт­тедім. Әдістемелік құрал­дар да жаздым. Бала тілді қалай үй­ренеді? Әрине, ойнап жүріп, еркін үйренеді. Оларға тілді үйреткен кезде, бірден грам­ма­тикаға кіріп кетуге болмайды. Сондықтан бірінші сыныптағы балалар тілді қиналмай мең­геру үшін тиімді бағдарлама жасалған. Оларға арналған ағылшын тілін­дегі оқулық сапалы шыға­рылған. Оның ішінде түрлі-түсті суреттер мен жұмыс дәптері бар. Мұ­ғалімге арнал­ған әдістемелік құрал да кез­де­седі. Ол бала­ның санасына ешқандай салмақ түсір­мейді. Әрине, ол бағдарлама көп тал­қылаудан, зерттеуден өтті. Бала – кіш­кентай болса да, жеке тұлға. Әр балғынның қабылдауы да әртүрлі. Сондықтан оның барлығы ескерілген, – дейді оқу ордасының басшысы.

Жалпы, мектепте оқу бағдар­ламасына байланысты мониторинг жүргізіледі. Балалардың білім сапасындағы жетістіктері сарапқа салынады. Ата-аналар­дың да пікірлері ескеріледі. Қыс­қасы, оқу ордасында тә­лімдік пен тағылымдық дүние­лер көп айтылады.

ҚАЗАҚТЫҢ БАЛАЛАРЫ ҚАБІЛЕТТІ

Расында, аталған мектепте оқып жатқан оқушылар ағыл­шын тілінде еркін сөйлеп, ойларын еркін жеткізеді екен. Және оны ауызекі тілде емес, ғылыми тілде айтады. Оны біз ағылшынша өткен биология сабағынан байқадық. Пән мұғалімі Ғайни Керімбайқызы – ұлағатты ұстаз атанған жан. Білім саласындағы тәжірибесі де мол. Оқушылардың құр­метіне бөленген. Балалар оның сабағын бар зейіндерімен тыңдайды.
– Үш тұғырлы тіл жоба­сын алғаш эксперименттен бастадық. Өйткені, оны бірден бастап кету қиын болды. Әуелі 2-3 сынып бо­йынша тәжірибе алаңын жасадық. Оған оқушыларды дайын­дадық. Қабілеті мол, тілге бейім балаларды тарттық. Сыныпқа 25 баланы іріктеп алдық. Алғаш биология пәнін ағылшынша өткіздік. Алдымен жеткіншектерге сабақ­тың тақы­рыбына, бағдар­лама­сына байланысты термин­дер ар­қылы сөйлеуді үйреттік. Қа­жетті оқулықты мектеп бас­шы­лығы тауып берді. Қалалық білім бас­қармасынан 7-8 және 10-11-сыныпқа арналған ағыл­шын­­ша кітаптар берілді. Соның бар­лығы да үлкен көмек болды.

Біздің мақсатымыз – бала­лар­ды ағылшын тілінде жай ғана емес, ғылыми тілде сөйле­туге үйрету. Оларға ауызекі тілде сөйлеу қызық емес. Болашақ мамандар ағыл­шын тілінің қажет­тілігі зор екенін түсінеді. Тапсырманы да қызығып орындайды. Талай білім байқау­ларында жеңімпаз атанды. Бүгінгі күні биология пәні бойынша үш оқушы­мыз ағылшын тілінен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде ғылыми жобамен айналысуда. Соның барлығы – біз үшін мақтаныш. Қазақ­тың балалары тумысынан қабілетті. Тек дұрыс бағыттап, бағдарлап отырсақ, әлі талай биікті бағындырады, – дейді Ғайни Аликулова.

Аталған мектепте геогра­фия пәнінен ағылшынша сабақ бе­ретін Әлима Бөлебаева да әріп­тесінің ойын қуаттап сөй­леді. «Әрине, балалар кей­де ағыл­шынша түсінбей жатса, қазақша мағынасын айтып береміз. Негі­зінен, ағыл­шын тілі сарап­тамаға жақын. Нақ­тылықты қалайды. Оқушылар оны тез қабыл­дай­тыны да содан» дейді ол.

Түйіндей келгенде, бабаларымыз «Білімді адамның алды жарық» деп тегін айтпаған. Бүгінгі таңда үш тұғырлы тілді меңгерген баланың болашағы зор. Сондықтан оған сеніммен қарау қажет. Біз оны елордадағы №48 мектеп-лицейінде оқып жатқан жас жеткіншектердің жетістігінен көрдік.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button