Білім

Зейінді ұстаз – зерделі шәкірт

Ұстаздар мерекесін ерекше жақсы көремін. Өйткені бәріміз де бала болып, мектепке бардық. Ардақты ұстаздардың тәлімін алдық. Өнегесін үйрендік. Сол арқылы өмірден өз жолымызды тауып, еңбек етіп жүрміз. Бүгінгі жеткіншектер де ертең солай болады. Өмір заңы сол… Бәрі де кезекпен-кезек алмасқан дүние.
Ұстаз – мен үшін қасиетті ұғым. Кие қонған адам деп құрметтеймін. Әрине, екінің бірі оған жете қоймас. Бірақ сондай тұлғалардың барлығына сенемін. Өйткені оны өзім көрдім. Мектепте оқып жүргенде, бізге тарих пәнінен Молдахмет Қожахметов деген кісі сабақ берді. Қысқаша Молдан ағай деп айтушы едік. Өте парасатты, салмақты, зиялы адам еді. Жас кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, партия саласында еңбек еткен. Біз ағайдың сабағын асыға күтеміз. Өйткені ол сабақты өзгеше өткізеді. Әр сабағы бір-біріне ұқсамайды. Құр жаттап келгенді ғана сұрап қоймай, тың ойлар айтып, оқушыны ізденуге жетелейді. Өткен тарих пен бүгінгі күнді сабақтастырып отырады. Әр сабақтың алдында 2-3 минут елімізде болған өзгерістерге тоқталады. Телеарнада айтылған ресми жаңалықтарға шолу жасайды. Сосын барып қана сабаққа кіріседі. Сөйтіп, біз де жаңалық көруге, өмірге белсенді қарауға үйрендік. Төмен оқитын оқушыларға жеңіл сұрақтар қойып, оларды әңгімеге тартып, көтермелеп отырушы еді.
Рас айтсам, мектепте жүргенде осы сүйікті ағайыма қатты еліктедім. Сол кісі секілді таза киініп, мұғалім болғым келетін. Әп-әдемі ән салатын әуезді дауысы да бар еді. Молдан ағай 10-сыныпта оқып жүргенде, бір-екі күн ғана ауырып, тосыннан дүние салды. Ұстазымызды соңғы сапарға шығарып салуға сынып болып бардық. Бәріміз асыл ағайымызды қимай, іштей егілдік.
Содан бері жиырма жылдан аса уақыт өтті. Біз де есейдік. Бірақ көңіліме нұр, өміріме қазық болған ардақты ағайымның бейнесін бір сәт те ойымнан шығарған емеспін. Қандай да бір мектепке барғанда, сол кісі секілді мұғалімдер кездесіп қала ма деп алаңдап тұрамын. Міне, ұстаз ұлағаты деген осы деп ойлаймын.
Кейінгі жылдары қоғамда ұстаздың абыройы мен мәртебесі туралы сөз көп айтылады. Біреу ақтайды, біреу даттайды. Сонда да осы қастерлі мамандықтың қадірі бұрынғыдай емес. Ел ішінде де мұғалім мәртебесінің салмағы ортайып қалған секілді. Оның да түрлі себептері бар. Дегенмен ұстаздың орны қашанда бөлек. Елге танылған ақын да, ғалым да, қайраткер де соның алдынан өтеді. Сондықтан көкірегімізге білім нәрін құйған ұстазды ұлықтай білейік!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button