Білім

Бақытты елдің балдырғандары

Мұғалімдер күніне орай елордадағы №78 мектеп-гимназиясының оқушылары «Құрмет белгісі» ордені және Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет қайраткері Оспан Сүлейменұлымен кездесті.

erm_1424

«Бақытқа жет, жас ұрпақ» тақырыбындағы тағылымды кеште өнер саласында 50 жыл ұстаздық еткен Оспан Сүлейменұлы балаларға өнеге боларлық әңгімелер айтты. Ақын, сазгер, күйші секілді жеті түрлі өнерді бойына сіңірген сегіз қырлы, бір сырлы мұғалім өзінің өмірлік жетістіктерін үлкендер тәрбиесімен, жақсы ортамен байланыстырады.

– Егемендігіміздің арқасында Астана төрінде қасиетті білім ордасында дәріс алып жатқан сіздер өте бақыттысыздар. Алдарыңызда неше түрлі жаңа технологиялар бар. Ал біздің заманда олардың ешбірі болмаған. Майшамды жағып қойып кітап оқитынбыз. Оны сіздер білмейсіздер, білмей-ақ та қойыңыздар. Қазір жарық та бар, түрлі кітап та бар, – дейді ұстаз.

«Аталарға жиі еріп жүріңіздер, үлкендердің ортасынан қалмаңыздар. Сол кісілердің әңгімелерін ықыласпен тыңдаңыздар» деген ақылын айтты.

Шәкірттер мектепке келген құрметті қонаққа өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, көпті көрген ұстаздың бала кезі мен жастық шағы туралы естеліктерді тыңдады.

Ұстаз оқушылар алдында жетістіктерімен мақтануды жөн көрмеді. Кездесу бағдарламасын олармен тілдесуге, арман-мақсаттарын білуге бағыттады. Жас жеткіншектердің өнерін де тамашалап, «Өркенің өссін», «Өнерің өрге жүзсін» деп батасын берді.
Өзі де жас шағында Нұрғиса Тілендиевтің дәрістерін тыңдап, ақ батасын алған екен. Атақты күйші композитордың алдында орындаған, сөзі мен әнін өзі шығарған «Ата өсиет» атты жырын домбыраға қосып айтып берді. Бұл өлеңнің «Атамның ұмытпаймын айтқан сөзін» деген жолдары көпшілікке терең ой салды деген үміттеміз.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button