Жаңалықтар

Жабық алаңның орны анықталды

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) өткен жылдың аяғында Астанада салынатын жабық футбол алаңы құрылысын қаржыландыру туралы шешім қабылдағаны белгілі. Алайда, оның қай жерде орналасатыны осы уақытқа дейін айтылмаған еді. Жақында Қазақстанның футбол федерациясы жаңа алаңның Ба­уыржан Момышұлы даңғылында орналасқан оқушылар сарайы жанынан бой көтеретінін хабарлады.

Астана қаласы әкімдігі осы аумақтан арнайы жер учас­кесін бөлген. Ал УЕФА алаңның құрылысына 3,5 миллион евро бөлу жөнінде шешім қабыл­даған. Қазақстан футбол федера­циясының төрағасы Ерлан Қо­жа­­ғапановтың айтуынша, жа­бық алаңның алғашқы кірпішін ФИФА-ның жаңа президенті Джанни Инфантино келіп қалауы тиіс екен. Қазіргі уақытта УЕФА мен Қазақстан футбол федерациясы арасында келісімшарттарды пысықтау шаралары жүріп жатса керек. Одан соң, құрылысты жүргізетін мердігер компания анықталады. Осы аралықта, яғни, алдағы сәуір айының басына дейін көптен күткен мәртебелі мейман Д.Инфантино да келмек.

Болашақ жабық футбол алаңы Астананың ең қолайлы жерін­де орналаспақшы. Қаланың екі жағалауынан да оған қа­ты­нау ыңғайлы. Жобаны жүзе­ге асыруға УЕФА «Хет-Трик» бағдарламасы аясында қар­жылық қолдау көрсетеді. Астана қаласы әкімдігі де өз тарапынан қаржылық және басқа да көмектер жасайтын болады. Жоспар бойынша жабық алаң жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button