ӘлеуметБасты ақпарат

Жаңа жүйедегі жәрдемақы

7 қазандағы Үкімет отырысында және Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов АӘК-ке қатысты жоба ұсынып, қоғам назарын аударды. Жаңа заң жобасы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа толмаған көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы берілетін болды. Егер көпбалалы отбасы табыс мөлшеріне қарай тұрмысы төмен отбасы санатына жатса, онда бұл отбасыға АӘК-пен қоса балаларға кепілді әлеу­меттік пакет тағайындалады.

Осылайша мемлекет тарапынан тұрмысы төмен отбасыларға назар аударылып отыр. Бұл дер кезінде берілген көмек деп түсіну керек. Өйткені соңғы кездері доллар бағамының шарықтауы, инфляция, қымбатшылық салдарынан қара халықтың әлеуметтік жағдайы, азаматтардың жалақысы, төлем қабілеті төмендегені рас. Халық еріккеннен алаңға шықпайды. Әсіресе, тұрмысы әуелден нашар адамдардың тіптен мүшкіл халге түскені байқалады. АӘК-ке қатыс­ты жаңа заң жобасы халықтың басым бөлігінің көңілінен шығып отыр деуге болады. Министрдің пайымынша, бұл жүйе еңбекке ынталандыруды, азаматтардың әл-ауқатын көтеріп, мемлекеттік қолдау арқылы ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етуі тиіс.

Көпбалалы аналардың беделін мойындайтын кез келді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, атаулы көмек алатын балалардың 60 пайыздан астамы – көпбалалы отбасылардан шыққандар. Сондықтан ведомство балаларға отбасының табысына қарамастан, бөлек жәрдемақы төлеуді ұсынып отыр. «Мынадай жағдай бар, мен жеке өзім екі отбасыны көрдім. Әрқайсысы 5 баладан тұратын екі отбасының бірі аз қамтылған деген санатқа енді, екінші отбасының табысы 400-500 мың теңгеден жоғары болғандықтан, олар АӘК-ке кірмейді. Бірақ біз отбасылардың жағдайы бірдей екенін көріп отырмыз. Әлеуметтік әділеттілікті орнату қиын болды, сондықтан біз АӘК төлемдерінің бір бөлігін жәрдемақыға аудардық – олар табысына қарамастан тағайындалады, атаулы әлеуметтік көмекті көпбалалы отбасының табысына қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыруды ұсынамыз. Бұл көпбалалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-­ауқатын арттыру жолы болар еді» деген Нұрымбетовтің сөзі, әсіресе, көпбалалы аналарды ­қуантты. Енді алдағы жаңа жылдан бастап табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына арналған әлеуметтік пакет жасалады. Әлеуметтік пакетте балалар тағамы, гигиеналық заттар, балалардың ой-қимыл жүйесін дамытқыш құралдар қарастырылған. Ал 6 жастан 18 жасқа де­йінгі балаларға мектеп формасы, жолақысы төленіп, мектепте тегін тамақ беріледі. Сонымен қатар, табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына мемлекет кепіл берген тегін медициналық көмек көрсетілмек.

Әлеуметтік көмек алғың келсе, еңбек ет!

Шынына келгенде, мемлекет ұсынып отырған механизм әрі қарапайым, әрі тиімді. Тек оны өз орнымен, сауатты пайдалана білу керек. Мұндағы басты шарт әлеуметтік көмекке үміткер отбасылардағы жұмысқа жарамды адамдардың барлығы әлеуметтік келісімшарт арқылы еңбекпен қамту орталықтарымен белсенді жұмыс істеуі керек. Еңбекпен қамту орталықтары арқылы ұсынылатын жұмыс орындарының жалақысын мемлекет төлеп, жеңілдетілген несие беріледі. Егер отбасы әлеуметтік келісімшартты орындамаса, яғни отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылады.
Айтпақшы, процесс бұдан былай бәрі ашық, алақандағыдай анық көрініп тұрады екен. ҚР Еңбекмині әрбір отбасының әлеуметтік картасын жасаған, карта арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен автоматтандырылған деректер негізінде отбасылардың нақты мәртебесі анықталады және қадағаланады. Бұл ақпарат қиын жағдайда қалған отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру және әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін пайдаланылмақ.

Біржан Нұрымбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Біз үміткер азаматтарға мемлекет тарапынан жәрдем­ақша төленетін жұмыс орындарындағы бос жұмыс орындарын және жеңілдетілген микронесие­лер мен бизнес ашу үшін қайтарымсыз гранттар алуды ұсынамыз. Қазақстанның барлық өңірлерінде жауапты және еңбекқор азаматтар АӘК пен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында нақты көмек алып, отбасыларының тұрмыс жағдайын түзеп қана қоймай, жеке кәсібін құра алатындығы туралы көптеген мысалдар бар. Мәселен, бірнеше әйел қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, несие және әлеу­меттік көмек алып, сұлулық салондарын, ал ер азаматтар бірі мал сатып алып, енді біреу­лері шеберханалар ашты. Біз тоқсан сайын АӘК тағайындау мен төлемдерді қайтарамыз. Учаскелік комиссиялардың жұмысын күшейтеміз. Әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасыға қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайда учаскелік комиссиялар АӘК тағайындаудан бас тарта алады. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.

Тоғышарлық жақсы емес

Әрине, қоғам болғасын неше қилы адам, неше түрлі пиғыл бар. Мұндай мәселе барын бұдан бұрын осы саланың министрі болған Бердібек Сапарбаев жақсы біледі. Бердібек Машбекұлының айтуынша, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеу­меттік көмекті бұлай нақтылай түсу «мұқтаждық пен масылдықты ажырату үшін» жасалған. Өзі министр болып тұрған кезде біраз жайды анықтаған Сапарбаев жәрдемақыны тіптен 3 қабат үйлері бар азаматтардың да алып келгенін алға тартқан болатын. «Атаулы әлеуметтік көмек уақытша тұрмысы нашар отбасыларға мұқтаждықтан шығу үшін төленеді. Ең негізгі мәселе – біз мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуіміз керек. Өкінішке қарай, табыстарын жасырып, АӘК алған отбасылар көбейіп кетті» деген еді Б.Сапарбаев.
Президент Тоқаев та Жолдауда «атаулы әлеуметтік көмек бос сенделіс өмір сүруге емес, еңбекке ынталандыратын, ашық, әділетті болғаны жөн» деп мәлімдегені белгілі. Мемлекет басшысының айтуынша, өткен бес жылда табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға дейін көбейген. «Басқаша айтқанда, жұмыс істемеуді жөн көретін немесе одан да жаманы, әлеуметтік жәрдем алу үшін табысын жасыратындар саны өскен. Масылдық пиғылға жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізіп жатыр. Біз бүкіл қоғам болып жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз. Табысты жұмыс істегендерді мемлекет қаржылай ынталандыру керек» деген еді Президент. Президенттің сөзін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов те растап отыр. Оның айтуынша, биыл тоғыз айда 412 мың отбасыға немесе 2 миллион 138 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек берілген. Оның 73 мыңы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін табысын жасырғаны кейін белгілі болған. «Өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заңсыз тағайындалған. Біз төлемдерді тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр болдық. Бизнес­пен айналысу фактілерін жасыру жағдайлары да аз емес. Мысалы,
Алматы облысында көпбалалы отбасы ағымдағы жылдың 11 маусымынан бастап АӘК алды. Бірақ тексеру барысында бұл отбасының
852 бас мал тіркелген шаруашы­лығы бар екені анықталды» деді Б.Нұрымбетов. Қазір АӘК-ті заңсыз алған отбасылар сол қаражатты қайтадан мемлекетке қайтаруда, ми­нистр­дің айтуынша, жазалау шаралары болмайды, әзірге сотқа жүгінген жағдай тіркелмеген.

АӘК мәселені шеше ме?

Тұрмысы нашар отбасыларға әлеуметтік көмек беру – барлық елдің тәжірибесінде бар нәрсе. Мәліметтерге қарағанда, ТМД елдерінің ішінде Эстонияда бір балаға айына 100 еуро беріледі екен, яғни бес баласы барлар бес жүз еуро алады. Ал батыс елдерінде әлеуметтік көмектің көлемі өте жоғары. Әрине, біз батыс емеспіз. Байқағанымыз­дай, біздің қоғам әлеуметтік көмекке аса зәру. Сондықтан әл-әзірге еңбек етпей ақша алуға құштарлар саны көбейіп кетер деп қауіптенудің реті жоқ секілді. Оның үстіне мемлекеттен көмек алатын адамдардың тізімі ең төменгі күнкөріс шегі бойынша есептеліп отырғаны белгілі. Ең бас­тысы, азаматтар мемлекет қамқорлығын сезінсе.
– Азаматтарымыз көмекке мұқ­таж адамдардың бәрі – аз қам­тыл­ғандар, көпбалалы отбасылар мен балалар мемлекеттің қорғауында болғанын және алдағы уақытта да солай болатынын білуі керек. Жұмыс істей алатындарға – оқуға, мамандық алуға, жеке кәсіп ашуға, жұмысқа орналасуға барлық жағдай жасалып жатыр, – деген Премьер-­министр Асқар Мамин мемлекеттің халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп отыратынын атап өтті. Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде АӘК берудің жаңа тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды, қазан айының соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке ұсынуды, ал өңірлердің әкімдеріне АӘК ұсыну бойынша түзетілген шаралардың нақты орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Атаулы әлеуметтік көмекке үміткер отбасылар саны артқандықтан, қоғамдық негізде жұмыс істейтін учаскелік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау үшін мерзімді үш күннен жеті күнге дейін арттыру ұсынылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button