Денсаулық

Жас дәрігерге сеніп тапсырды

Биыл жыл басында қанатқақты жоба аясында №4, №5 және №10 емханаларда жедел медициналық көмек бөлімшелері іске қосылған еді. Стационарлардағы дәрігерлер жүктемесін азайту және шұғыл көмекті барынша қолжетімді ету мақсатында ашылған бөлімшелердің бірін басқару жас дәрігер Арман Әлібековке сеніп тапсырылды.

Петропавл қаласының тумасы Арманның әкесі – полиция қызметкері, анасы аспазшы болып жұмыс істеген. Өкінішке қарай, ол екі жасқа келгенде анасы қатерлі дерттен көз жұмады. Сөйтіп әкесі оны жалғыз өсіреді. Анасының сырқаты туралы ес біле келе толық түсінген Арман кішкентай кезінен дәрігер болуды армандайды.

– Мектепті бітіргеннен кейін Астана қаласының медициналық университетіне жалпы медицина мамандығы бойынша оқуға түстім. 7 жылдық оқудан кейін Астанадағы №10 емханаға жұмысқа орналастым, сол уақытта психиатрия бойынша резидентураға қабылдандым. Жұмысты оқумен ұштастыру оңай болған жоқ, бірақ басшымыз мені әрқашан қолдады. Менің ойымша, емханада жұмыс істеу – әрбір дәрігердің еңбек жолындағы міндетті кезең. Емханадағы жұмыс – баға жетпес өмір мектебі. Еңбек жолымды жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде бастап, бір жылдан аса уақыт жұмыс істедім. Сөйтіп биыл қаңтарда денсау­лық сақтау басқармасының қанатқақты жобасы бойынша емханада жедел жәрдем бөлімі ашылып, басшылық маған бөлім меңгерушісі қызметін ұсынды. Бұған қуана келістім. Биыл резидентурамды бітіремін, алда мемлекеттік емтихандар күтіп тұр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, сіздерге зор денсаулық, қиын да болса игі қызметтеріңізге табыс тілеймін, – дейді  №10 қалалық емхананың жедел медициналық көмек бөлімшесінің меңгерушісі Арман Әлібеков.

5 айдан бері жұмыс істеп тұрған жаңа бөлімшеге нау­қастар қан қысымының көтерілуі, созылмалы аурулардың өршуі, түрлі жарақаттар алу себептермен келеді. Бөлімшенің ерекшелігі – емделуші емхананың қабылдау бөліміне барып, дәрігердің қабылдауын ұзақ күтпейді. Бөлімше деңгейінде шұғыл түрде сынақтар, ультрадыбыстық, рентгендік зерттеу­лер жүргізіле береді, кеңес алу үшін ауру түріне қарай салалық маман шақыртылады. Фельдшерлер төртінші санаттағы жедел жәрдем шақыруына қызмет көрсетеді.

– Күніне 15-20 шақырту түседі. Сондай-ақ фильтр кабинеттерінде жедел вирустық аурулары бар науқастар қаралады. Бөлімшеде 13 маман таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Олардың ішінде жалпы тәжірибелік дәрігерлер, хирург, травматолог, терапевт, педиатр, медбикелер мен фельдшерлер бар, – дейді Арман.

Жаңа бөлімшелердің көмегімен учаскелік дәрігерді үйге шақырулар саны азайып, емханада пациенттерді қабылдау уақыты артты. Емделуші аурухананың қабылдау бөліміне күш түсірмей, бірден емханада алғашқы көмек беретін маман қабылдауына келе алады. Ал стационарда ауруханаға жатқызуды нақты қажет ететін белгілі бір контингентке көмек көрсетіледі. Бұрын шамадан тыс жүктеме салдарынан учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылу мүмкін болмаса, қазір пациенттер сол күні шұғыл түрде жедел жәрдем дәрігеріне қаралады. Мұндай бөлімшелерді енді тағы бірнеше емханада ашу жоспарда тұр.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button