Қала тіршілігі

Жедел жәрдемнің түсі өзгеріп, дыбысы күшейді

Бұдан былай жедел жәрдем көліктері күнделікті сағат 08.00-23.00 аралығында шақыртуға бара жатқанда және науқастарды тасымалдау кезінде дабылды сиренаны қосып жүреді. Сонымен қатар, елімізде қабылданған жаңа стандартқа сәйкес көліктері жаппай сары түске боялады.

Жедел жәрдем көліктерінің дыбыстық дабылы мен түсіне қатысты енгізілген бұл өзгеріс­тер туралы Астана қаласының жедел медициналық жәрдем стансасының бас дәрігері Тимур Мұратов баспасөз мәслихатында мәлім етті.
– Тәжірибе көрсеткендей, шұғыл қызмет көліктері жылдың қай мезгілінде де ауа райына қарамастан, үнемі қозғалыста болады. Кейде жаңбыр жауып, тұман түседі. Сонымен қатар, жылдың 7-8 айында қар жатады. Мұндай уақытта ақ түсті көліктеріміз айналаның бәрі ақ қар болғандықтан, бірден байқалмай қалып жатады. Сондықтан лимон реңкті сары түстің лезде көзге түсіп, ең байқалатын түс екені дәлелденді, – деген Тимур Мұратов соңғы бір айдан бері жедел жәрдемнің жолындағы кедергілердің азайып, өзгерістің едәуір әсер ете бастағанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, жаңа стандартқа сәйкес жедел жәрдемнің ды­быс­тық дабылы да күшейтіл­ген болатын. Бұған дейін жедел жәрдем көліктерінің жүр­гізу­шілері дабылды өз еріктеріне қарай қосып келсе, енді олар күн сайын сағат 8.00-ден 23.00-ге дейін шақырту түскен кездегі жұмыс­тарын толық аяқтамайынша дыбыстық дабылды міндетті түрде қосатын болады. Ал одан тыс уақыт пен түнгі мезгілде тек жарықты дабылмен жүреді. Бүгінде Астана қаласының жедел медициналық жәрдем стансасында 101 көлік бар. Қазіргі уақытта оның тек онының ғана түсі өзгерсе, жыл соңына дейін қаладағы барлық көлік жаппай сары түске боялмақ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button