Басты ақпаратҚала мен Сала

«Жерұйық» саябағы жаңғыртылады

Келесі жылы елордадағы «Жерұйық» саябағы толығымен жаңғыртылады. Нысанда спортпен айналысатын және балалар ойнайтын алаңдар салынады. Атап айтқанда, баскетбол, волейбол, футбол, теннис, т.б. спорт түрлерімен шұғылдануға жағдай жасалады. Скейт және воркаут аймақтары ашылады. Тиісті инженерлік желілер тартылып, кәріз жүйесінің құрылысы жүргізіледі. Мұны Алматы ауданының әкімі Бектенбай Есполов мәлімдеді. Аудан тұрғындары арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде саябақтың жаңа келбетінің жобасы әзірленді.

ГҮЛЗАРЛАР ҰЛҒАЙЫП, ВЕЛОЖОЛДАР ҰЗАРДЫ

Биылғы жылы ауданды абаттандыру бағытында біршама істер еңсерілді. Соның ішінде Триатлон, Президенттік және Есіл өзені жағалауындағы саябақтар веложолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын қосу арқылы біріктірілді. Бұл жұмыс қала әкімінің тапсырмасымен жеделдетіліп, екі айдың ішінде атқарылды. Қорытындысында қосылған демалыс аймақтарының жалпы көлемі 250 гектарды құрады.
– Саябақтарды біріктірудің нәтижесінде гүлзарлардың көлемі 1,9 миллион шаршы метрден асты. Веложолдар ұзындығы 20 шақырымға жетті. Екі баскетбол алаңы, осыншама футбол алаңы салынып, үстел теннисіне арналған бес үстел орнатылды. Балалардың ойын алаңы, воркаут аймақтар, көгалда демалуға арналған 13 аймақ ашылды. Есіл өзені жағалауы бойында әткеншектер қойылды, – дейді Б.Есполов.

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТЕР КӨБЕЙДІ

Сонымен қатар қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізілді. Жалпы, биыл Алматы ауданында адамдарды тартатын 18 аймақ көркейтілді. Бұл жұмыстан шет аймақтар да шет қалған жоқ. Қоғамдық кеңістіктер «Мичурино», «Күйгенжар», «Промышленный» тұрғын алаптарында ашылды.
Қыркүйек айының ортасында М1 («Арқар») көпірі астында жаңа демалыс аймағы пайдалануға берілді. Онда граффитилер бейнеленіп, спорт алаңдары орнатылды. Жарықтандырылған демалыс орны бірнеше аймаққа бөлінді. Воркаутқа, кроссфитке арналған аймақтар, балалар алаңы салынды.
– Бұл елордадағы ғана емес, біртұтас Қазақстандағы таза ауада спортпен, соның ішінде ауыр атлетикамен айналысуға мүмкіндік беретін бірегей орын. Болашақта осындай демалыс аймақтары көбейеді деп ойлаймын. Әрине, осы жобаны жүзеге асырғанда спортпен және шығармашылықпен айналысатын жастарға оның қауіпсіз және пайдалы болуын ойластырдық. Бұл спорт аймағына ғана емес, дала өнерінің арт-галереясына айналды. Аймақты безендіруге әртүрлі қалаларда тұратын суретшілер қатысты, – дейді аудан әкімі.

АУЛАЛАР АБАТТАНДЫ

Бүгінде ауданда 420 аула болса, соның 396-сы, яғни 95 пайызы абаттандырылған. Осы жылы 33 ауланы кешенді абаттандыру жүргізілсе, 75-ін жөндеу-қалпына келтіру жасалды. «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабында Б.Момышұлы 16, Іле 30 және ­Р.Қошқарбаев 80/1, мекенжайларының аулалары көркейтілді. «Интернациональный» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарында екі шағын бақ салынып, футбол және балалар алаңдары орнатылды.
– Кейінгі үш айда аудандағы аулалардың жартысын аралап шықтым. Соның барысында бір кемшілікті байқадым. Абаттандырылған аулаларда шағын архитектуралық формалардың бәрі қара жерге орнатылған. Сол себептен бір қараған адамға сұрқай көрініс болып елестейді. Тұрғындардың өтінішімен біз барлық алаңға жасанды газон төсейміз деп шештік. Қорытындысында биыл бірнеше аулада мұны жүзеге асырдық. Басқа аулаларда да бұл жұмыс жалғасады, – дейді Б.Есполов.

ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШТЕРІНЕ ҚҰЛАҚ АСҚАНДА

Бір айта кетерлігі, Алматы ауданының басшылығы тұрғындардың өтініштеріне құлақ асуға тырысады. Жалпы алғанда аталмыш ауданда 300 мыңнан аса адам тұрса, оған қарасты алты тұрғын алапты 95 мың адам мекендейді. Олар әкімдікке тікелей және әлеуметтік желілер, iKomek109 қызметі арқылы өтініштерін жолдап жатады.
– Ауданымыздың тұрғындары өте белсенді. Мәселен, өткен жылы 14 мың өтінішті қарасақ, осы жылдың тоғыз айында 18200 өтініш келіп түсті. «Адалдық алаңы» жобасының аясында фронт-кеңсеге былтыр 10 мыңнан аса адам жүгінсе, осы жылы 7 мың адам өтініштерін жіберді. Бұл кеңседе өтініштерді қалдырумен қатар әртүрлі мемлекеттік қызметтерді алуға болады. Тұрғындармен қарым-қатынасқа арналған бұл өте ыңғайлы формат. Болашақта тағы осындай бірнеше кеңсе ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Б.Есполов.
Оның айтуынша, аудан бюджетінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Интерактивті картамен жұмыс жүргізіледі. Бұл ресурс бюджетке қатысты барлық мәліметпен танысуға мүмкіндік береді.

ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛІП, КӨШЕЛЕР ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛДЫ

Ауданда жолдарды салу жұмысы да өзекті. Мұнда жалпы ұзындығы 314 шақырымды құрайтын 365 көше болса, соның 84-інде асфальт жоқ. Бұл – 59 шақырым. Осы жылы 39 көшеге асфальт салу жоспарланған. Соның 33-інде тиісті жұмыстар аяқталды. Аудан әкімі қалған 6 көшені жыл соңына дейін салып бітіреміз деп отыр.
Жарықтандыруға келсек, бұл тарапта іс біраз ілгеріледі. Бірақ атқарылатын жұмыстар әлі де баршылық. Атап айтқанда, 365 көшенің 29-ы жарықтандырылмаған. 420 ауланың 18-і қараңғыға батып отыр. Осы аулаларды ішкіорамдық бағдарлама арқылы жарықтандыру жоспарланды. Осы жылы 17 орталық көше мен күре жолдардың бойында 3 мың шам ауыстырылды.
Биылға жоспарланған көгалдандыру жұмысы аяқталуға жақын. Осы жылы аудан аумағында 3 мың ағаш отырғызылды.

ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАНДА

Қыс – қыр астында. Өткен жылы қалаға қардың мол түскені елдің есінде. Соны ескеріп, аудан әкімдігі биыл аулалардан қар шығару үшін бөлек алты бригаданы құрмақ. Қазіргі таңда мердігерлермен санитарлық тазалау мен қысқа дайындық барысы жан-жақты талқыланып жатыр.
Газдандыру жоспарына сәйкес «Железнодорожный» тұрғын алабына тиісті желілерді тарту жұмысы толығымен аяқталды. «Промышленный» тұрғын алабында бұл іс аяқталуға жақын. Тұрғындарға газға қосылу мәселесін түсіндіру мақсатында олар алаяқтарға алданбас үшін Ж.Жабаев 12/2 және Шалкөде 3, мекенжайларында екі фронт-кеңсе ашылды. Осы кеңселерде сенімді 30 мердігердің қызметі ұсынылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button