Жаңалықтар

Жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ететін ҚР Заңы қабылданды.

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қа­зақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық акті­леріне жетім балалар мен ата-ана­сы­ның қам­қорлығынсыз қал­ған балалардың тұр­ғын үйге құқық­тарын қамтамасыз ету мәселе­лері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабыл­данды. Мақсаты – жетім бала­лардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларға пәтер кезе­гінде басым құқық беру.

Бүгінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 34 мыңнан асады. Оның 27 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж. Пар­ламент қабыл­даған заң Мемлекет басшы­сының қол қоюына жолданады.

Астана күнінде қазақ­стан­дықтар үш күн демалады.

Ресми түрде қала күні 6-7 шілде күндері тойланады. Биыл мереке күні сен­біге сәйкес келеді. Астана күні қа­зақ­­стандықтар 6, 7, 8 шілде күндері де­ма­латын болады.

Елордада «Әсем Тас» құрылыс алаңында жұмысшы жарақаттанды.

Керей, Жәнібек хандар көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында салынып жатқан нысанда құрылыс жұмыс­тарын жүргізу кезінде «Қазбилдинженеринг» мекемесінің 20 жастағы жұмысшысы үш қабатты биіктіктен құлап, ауруханаға жеткізілген.

20 маусым – Дүниежүзілік босқындар күні

Көптеген мемлекеттерде босқындар күні аталып өтіледі. Статистикалық мәліметке жүгінсек, әлемде 20 миллионға жуық босқын бар. Зерттеушілер босқындардың дені Африкада, Ауғанстанда және Балқанда қоныс тепкен дейді. Бүгінде 1950 жылы құрылған БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы – босқындар мәселесін шешуге атсалысып жүрген орталық халықаралық агенттік.

Қазақ киносының қоры Шәмші Қалдаяқовтың өмірінен сыр шертетін «Шәмші» атты деректі фильммен толықты.

1991 жылы басталып, кейін түрлі себептермен түсірілуі тоқтаған деректі лента 2011 жылы қайта қолға алынды. Картинаның режиссері – Тілеген Ахмет. Басты рөлдерде Аманқажы Садыров пен Жомарт Зинәбіл. Композитордың көпшілікке беймәлім қырларын танытқан фильмде бала Шәмшінің рөлін 8-сынып оқушысы Шәмші-Қалдаяқ Құрманәлі сомдайды. Фильм «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы шілде айында көрермендерге жол тартады.

Жақында «Монстрлар университеті» анимациялық фильмінің қазақша нұсқасы экранға шықты. Әлемдік премьерадан бір күн бұрын Астанада қазақстандық көрермендерге арналған тұсаукесері өтті.

Биылғы жылдың бас­ты блокбастері атанған фильмнің көрсетіліміне балалар үйінің тәр­бие­ле­нушілері және елге танымал тұлғалар шақырылды. Бұл – «Болашақ» қа­уым­­дастығы кеңесінің төр­ағасы Бауыржан Байбектің бастамасымен қазақ тілде жарық көрген бесінші туынды.

Апта жеделхаты 

Осы аптада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Хасан Руханиге Иран Ислам Республикасының Президенті болып сайлануы-на байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

«Сіздің басшылығыңызбен Иран жаңа даму кезеңіне аяқ басады деген сенімдемін» делінген құттықтауда. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстан мен Иран ара­сын­дағы достық пен өзара тиімді ынты­мақтастыққа негізделген қарым-қатынастар алдағы уақытта да екі ел халқының игілігі үшін жалғаса беретініне сенім білдірген.

Апта үздігі

«Эйр Астана» – «Орталық Азия және Үнді елі бойынша ең үздік авиакомпания» атағын иеленді.

Skytrax рейтингілік агенттігінің World Airline Awards халықаралық тәуелсіз сыйлығы бүкіл әлемдік авиа­компаниялар үшін түрлі санаттағы жолаушылардың берген бағасын талдау нәтижесінде жасалады. Мәселен, борт ішінде қызмет көрсету, жолаушыларды тіркеу, әуе кемесі салонының жайлылығы, борттық тамақтану, борт серіктерінің қызмет көрсетуі секілді   40 түрлі көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Зерттеу жұмыстарына шағын өңір­аралық тасымалдаушыдан бастап ірі халықаралық тасымалдаушыға дейін, жалпы саны 200-ден астам авиакомпания қатысқан.

Апта уағдасы 

Астана қаласында «БОТА» қоғамдық қоры мен «Атамекен» одағы «Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы» өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Бүгінде «БОТА» қоғамдық қорының білім гранты бойынша студенттер 88 ЖОО мен 70 колледжде оқиды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасы­лардан шыққан 700-ден астам бала техникалық, кәсіптік, орта және жоғары білім алуда. Олардың ішінде, 137 жетім, 17 мүмкіндігі шектеулі жас өрен бар. Бұдан бөлек биыл мектеп тә­мамдаған 127 түлекті оқыту жос­­парда бар. Меморандум аясын­да талантты жастарды қордың есе­бінен өндірістік іс-тәжірибе орын­дарымен қамтамасыз етіп, бағ­дарлама түлектерін кәсіп­орындарға жұмысқа орналастыру қарастырылды. Меморандумға «Бота» қоғамдық қорының ат­қарушы директоры Аарон Борнстин мен «Атамекен» одағының төрағасы Абылай Мырзахметов қол қойды.

Мадина ӘБДІҚАДЫР

Апта тұсаукесері

Астанада филология ғылымдарының докторы, профессор, түрколог Қаржаубай  Сартқожаұлының  «Орхон мұралары» ІІ кітабы мен «Генезис древнетюркского рунического письма» атты монографиясының тұсаукесері өтті.

Ғалымның айтуынша, еңбек­терінде ерте орта ғасырдағы Көк түрік империясы бүгінгі қазақ халқының тікелей ата-бабасы екен­дігі дәлелденген. Көк Түрік империясының билеуші тайпасы қыпшақ тайпалық одағы екені анықталып, ғылыми тұрғыда нақ­тыланған. Сонымен қатар, байырғы түркі жазуы ежелгі сақтардан бұ­рынғы, бүгінгі ғы­лымға аты бел­гісіз тайпалық одақтардан бас­тала­тыны нақты де­реккөздерімен берілген. Ол ежелгі қытайдың
Чжоу, Инь хандық заманында жасалып сақталған қа­лайы қа­ңылтырдағы жазу арқылы дәлел­денген.

Апта көрмесі

Астана қаласының тарихына қатысты 200-ден астам құжаттар көрмеге қойылды.

ҚР Ұлттық мұрағатында елорданың 15 жылдық мерейтойына арналған «Астананың гүлденуi – Қа­зақстанның гүлденуi» атты құжаттық көрме экс­позициясы ашылды. Аталған көрмеде тәуелсiз Қа­зақстанның жаңа елордасы – Астана қаласының қалыптасуына қатысты 200-ден астам құжат пен фотоматериалдар көпшілікке ұсынылған.

Апта анығы

Елордалық  тәртіп сақшылар сейф ұрлаған топты қолға түсірді. 

Осыдан біраз уақыт бұрын Ас­тана қаласы Ішкі істер депар­та­­ментінің жедел басқару орта­лы­ғына мәлімет келіп түскен. Онда бетперде киген үш адам күш көр­сетіп, кәсіпорынның кеңсесінен 1 млн. 663 мың теңге салынған сейфті алып кеткендігі айтылған. Қарақшылық шабуыл кезінде қос күзетші жарақаттанған.
ІІД қызметкерлері жедел із­дес­­тіру шараларының нәтиже­сінде баукеспелердің ізіне түсті. Олар­дың барлығы Ақмола облы­сының тұрғындары болып шықты. Аста­нада уақытша тұрып келген олар­дың екеуі 1990 жылы, үшін­шісі 1989 жылы туған. Тергеу кезінде күдіктілер қылмыстарын мо­йын­даған. Ал сейфтегі қаржыны жаратып жіберген. Ұсталғандардың екеуі «оңай олжаға» спорттық заттар мен ВАЗ 2108 көлігін сатып алған. Бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 178-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Апта өрті

Астананың өрт сөндіру қызметі Есілдің сол жағалауында аумағы 2 жарым мың шаршы метрге тұтанған өртті ауыздықтады.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт сөн­дірілмеген темекі тұқылынан тұтанған. «Жағалау» шағын ауданы маңында жанған қамыс тез лаулап, ау­маққа жайылып кете жаздаған. Жедел жеткен өрт сөндірушілер алауды жарты сағат ішінде сөн­дірген. Өрт сөндіруге үш техника мен жиыр­маға жуық қызметкер жұмылдырылды.

Апта шешімі

«Астана-Щучинск» тас жолында жүк көліктеріне жүктеменің көлемі арттырылатын болады.

Мұндай шешім көліктердің аталған автомагистральмен жүріп өт­кені үшін ақы енгізілуіне және жол жабындысының жоғары сапасына байланысты қабылданып отыр. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағыновтың хабарлауынша, салынып жатқан рес­публикалық маңыздағы жолдардың жоғары сапасын есепке ала отырып, болашақта қайтадан пайдалануға берілген автожолдарда
жүк көліктерінің білігіне түсетін жүктеме салмағын 11,5 тоннаға
арттыру көзделуде.

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button