Басты ақпаратЖолдау

Жетістік формуласы

 

Шығарма­шы­лықта, ғы­лымда, бизнесте өз жолын тапқан жастармен әңгімелесіп, жетістіктерінің сырын естіген қызық. Астана әкімдігі осындай қыз-­жігіттердің басқа құрдастарымен бейресми алаңда кездесіп, пікір алмасуы үшін «Jastar Jalyny» атты форум ұйымдастырды. Жиынды қала басшысының орынбасары Ермек Аманшаев ашып берген соң, спикерлер өз тәжірибелерінің тарихымен бөлісті.

«Уолл Стрит қасқырының» қазақша нұсқасы

Жиырмадан енді асқан жігіттің айлық табысы алты нөлдік сома болса, еріксіз таңданасың ғой.
Арслан Дәрімовке де форум қонақтарының қояр сұрағы көп болды. Оның жасы небәрі 21-де болғанмен, «Rocket Study» атты ағылшын тілі орталығын құрып, бүгінге дейін елорданың 11 жерінен мектептер ашып үлгерген.

– Бұл бизнесім туралы идея осыдан 4 жыл бұрын келді. Мен 10-сынып оқып жүргенімде құрдастарыма арналған тақырыптық кештерді ұйымдастырумен айналыстым да, одан түскен пайданы – шамамен 2000-3000 АҚШ долларын халықаралық емтихандарға да­йындалуға жұмсадым. Еңбегім еш кеткен жоқ, көп ұзамай АҚШ университеттерінің біріне оқуға түстім. Мектеп бітіруіме жарты жылдай қалған еді. Уақытымды құр жібергім келмей, өзім дайындалған жаңағы оқулықтардың 100 данасын Қытайдан алдырып, Астанадағы тіл орталықтарына саттым. Сөйтіп жүргенімде, олардың бірінен ұсыныс түсіп, мен ағылшын тілінен сабақ беруге көштім. Көп өтпей-ақ, осындай іс өзімнің де қолымнан келеріне көзім жетті де, 60 мың теңгелік капиталмен бизнесімді бастадым. Алғашында 20 шаршы метрлік бөлмені жалға алып, курсқа келушілерді сонда оқыттым. Одан қолым босағанда, курстың жарнамасын подъездердің есігіне жабыстырып, көшедегі кісілерге тарататынмын. Бірте-бірте үлкенірек кеңселерге ауысып, қасыма қосымша қызметкерлерді жұмысқа алдым. Кәсібім дөңгелегеннен кейін АҚШ-та оқу жайлы ниетімнен айнып, елде қалдым.
Менің ойымша, еліміздегі тіл орталықтарының біразында білім беруді тек бизнес деп қана түсінеді. Көбісі бағдарламаны адамдарға емес, роботтарға арнап жасайды. Яғни, олардың күтетіні мынау: клиент аптасына үш рет келеді, ақшасын төлейді, мәз болып үйіне қайтады. Студенттің сабақ оқуға, үй тапсыр­масын орындауға ынтасын есепке алмайды. Ал негізі, студент үй тапсырмасын орындамай келсе, ол – сенің проблемаң. Демек, сен жаңа сабақты қызықтырып түсіндірмедің деген сөз. Біз қазір дәл осы мәселеге назар аударып жұмыс істейміз.
Менен көбісі «Мотивацияны неден аласың?» деп сұрайды. «Стив Джобс», «Уолл Стрит қасқыры» сияқты фильмдер алғаш шыққанда, ондағы басты кейіпкерлерге қатты қызығып, соларға еліктеуге тырыстым. Мысалы, мен бір серіктеспен келісімшарт жасасарда, өзімді Арслан емес, Джордан Белфорт ретінде елестететінмін. Мені кішісініп, әріптестік құруға сенімсіздік танытқанда, бо­йымдағы осы сенімділік көп көмектеседі.

Отандық бионикалық протездің авторы

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Мәулен Бектұрғановтың жетістігі де көпшілікті сүйсіндірмей қоймады. Елімізде тұңғыш рет бионикалық протезді жасап шығарған 24 жастағы өнертапқыш – бүгінде «Mbionics» компаниясының директоры.

– Мен Алматыдағы Халық­аралық ақпараттық техноло­гиялар университетін тәмам­дарда, электромиография сиг­налымен протезді басқару тақырыбын дипломдық жұмысым ретінде таңдадым. Мұндай протездердің басқалардан артықшылығы, олар сенсор арқылы әрі тезірек басқарылады. Адамның бұлшық еті жиырылғанда, протез де оны «сезіп», соған сәйкес қозғалысты жасайды. Бионикалық қолдың көмегімен алақанды ашып-жұмуға, білекті қозғалтуға, компьютер тышқанын басқаруға және күнделікті тұрмысқа қажет заттарды ұстауға болады. Яғни, адамның табиғи қолы атқаратын функциялардың көбісін бұл протез де «біледі».
Бионикалық протезді жасай бастағанымда, «әлемде онсыз да аналогы бар нәрсені неге қайтадан жасап жатырсың?» деген сияқты пікірлерді жиі естідім. Олардың бағасы 30 мың АҚШ долларындай, ал менің өнімім одан бірнеше есе арзан болады. Оның үстіне, бионикалық протезді Ұлыбритания, Германия секілді елдерде санаулы компаниялар ғана шығарады. Тіпті, АҚШ-тың өзінде жоқ.
Жақында ғана бионикалық саусақ жасап шығардық. Әр адамның ағзасы әртүрлі бол­ғандықтан, біз тапсырысты жекелей жасаймыз. Келешекте мұнымен шектеліп қалмай, адамдардың аяқтарын салуды да меңгергіміз келеді. Бізде әлі ешкім аяқ протездерін жасаған жоқ. Бірақ оған дейін басып өтетін, бағындыратын кезеңдер бар.
Менің жетістігімнің формуласы арманымның үлкен болуында деп білемін. Адам арманына жеткенінде, тоқтап қалады. Арман неғұрлым алыста болған сайын оның жолындағы ізденіс те ұзақ әрі қызықты болмақ.

Табыс кілтін вайннан тапқан

Ал 22 жастағы Расул Абдуллаев жастар арасында «Yuframe» вайн жобасының менеджері ретінде танымал. Бүгінде олардың Инстаграм-парақшасындағы оқырмандар саны 3,5 миллионға жуық.

– Жоба­ның тарихы 2015 жылдан басталады. Мен өзімнің бала кезімнен бергі танысым, «Yuframe» мүшелерінің бірі Артурдың түсірген вайндарын монтаждайтынмын. Ақырында топ құрамындағы төрт қыз-­жігітпен бірге ұжым құрып, коммерциялық мәселелерді өз қолыма алдым.
Интернет-жобалардың ең басты пайдасы жарнамадан түсетіні белгілі. Оқырмандарымыздың саны 100 мыңға жеткенде, «ClubStore» дүкенімен айырбастық негізде келісімшарт жасастық. Жарнама ақысы ретінде олар бізге кроссовкалар берді. Одан кейін «Let’s Go» мектебін продакт-плейсмент, яғни, жасырын жарнама арқылы видеомызда көрсетіп, 100 мың теңге пайда таптық. Ақшаға құнығып кетіп, шығармашылығымызды өлтіріп алмас үшін біз жарнаманы барынша білдіртпей жасау керектігін түсіндік. Ақырындап айналымымыз да өсе берді,
15 секундтық видеомыздың бағасы 200 мың теңгеге жетті. Кейінірек Инстаграм бір минуттық видеоларға рұқсат бергенде, жаңа форматқа лайықталған сценарийлеріміздің арқасында
1 миллион адамдық аудиторияны жинадық.
Менен кеңес сұраған кісілерге әрқашан көбірек саяхаттау керектігін айтамын. Өйткені саяхат барысында жан-жақтан бізде жоқ идеялар табуға болады. Бізде бар проблемалардың көбісін әлдекім бірнеше уақыт бұрын басқа жақта шешіп қойған. Шетелге шыққанда соларды көруге мүмкіндік бар. Егер ол біздің елде де сұранысқа ие болып, адамдарды қызықтырып жатса, көшірменің несі жаман?!

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button