Басты ақпарат

Судың сұрауы

«Су көздерін иелену үшін күрес қазірдің өзінде геосаясаттың маңызды факторына айналды және ол кей жағдайларда халықтар мен мемлекеттер арасындағы қақтығыстарға, шиеленістерге алып барады»
(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану бойынша конвенцияны жақтаушылар кеңесінің VIII сессиясына қатысушыларға жолдаған үндеуінен)

«Климаттың өзгеруі, табиғатты ластау, ауызсуға деген сұраныстың күрт өсуі судың тапшылығына және шекаралас елдер арасындағы шиеленістің ұлғаюына әкеліп соғуда»
(БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гуттерештің аталған сессияға қатысушыларға жолдаған үндеуінен)

Осыдан бес жыл бұрын отандық ғалымдар мен су мамандары елімізде шамамен 30 жылдан кейін ауызсу тапшылығы пайда болатынын болжады. Сол кезде Қоршаған ортаны қорғау министрі қызметін атқарған Нұрлан Қаппаров елімізде 2050 жылы су жеткізу сұраныстан үш есе кем болатынын айтты. Ресми статистикаға жүгінсек, Қазақстандағы тұщы судың қоры 190 текше километрді құрайды. Су қоймаларының көлемі – 95 текше километр, өзендер суы – 101 текше километр, жерасты сулары – 95 текше километр, мұздықтар – 58 текше километр. Бұл деректерге қарап, еліміздің аумағында қаншама жаңбыр, су тасқыны, қарлы боран болса да, суды үнемдеуді ұмытпағанымыз абзал.
Өйткені су қорының бар-жоғы 40 пайызы ғана үнемделеді. Ауызсудың жыл сайын құнды, қымбат бола түсуі әркімді де ойландыруы тиіс.

 

Су бизнесінің нарығы өсті

Байқап қарасақ, дүкендер мен супермаркеттерде бөтелкеге құйылған судың құны өсіп барады. Мысалы, 5 литрлік «Turan»-ды бұрын 189 теңгеге алсақ, қазір ол 250 теңгеге сатылады. 5 литрлік «Tassay»-дың құны 6 ай бұрын 205 теңге болса, қазір оны 300 теңгеге сатып аласыз. Айтпақшы, зерттеу­ші мамандар қазақстандықтар жылына 50 млрд-тан аса теңгесін бөтелкеге құйылған суды сатып алуға жұмсайтынын айтады. «Mega Research» агенттігінің зерттеуіне жүгінсек, 2013 жылдан бері су нарығы 0,8 млрд литрден 1 млрд литрге дейін өсіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасы бойынша, бұл аз. Аталған ұйым Қазақстанның табиғи суға деген қажеттілігі жылына 3 млрд литрді құрайды деп есептепті.
Елімізде өндірілетін алкогольдік емес сусындардың 90 пайыздан астамы ішкі нарықтың қажеттілігін қанағаттандырады. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, пластик бөтелкедегі суларды Астана және Алматы қалаларының тұрғындары көбірек ішеді екен. Бір анығы, біздің нарықта бөтелкеге құйылған судың түрлері көп болмаса да, таңдау бар. Қазақстандықтар көбінесе «Серебряная», «Хрустальная», «Bon Aqua» және т.б. ауызсуларды, «Әсемай-Сарығаш», «Алекс-Сарыағаш» минералды суларын, «Боржоми» емдік суын сатып алады. Мәселен, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында ғана емдік-минералды су шығаратын 11 су көзі бар. Соған қарамастан, елорданың емдік сулар нарығында грузиннің «Боржомиінің» бәсі жоғары.
«Көкшетау минералды сулары» АҚ-тың ғылым жөніндегі директоры Евгений Пятов су бизнесі нарығындағы бәсекелестіктің өткір екенін айтады. «Тұтынушылар ішетін суды дәміне қарай таңдай алады. Алайда олар нағыз минералды табиғи суды жай тазартылған құбырдағы судан айыра алмайды» дейді ол.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың «Ыдысқа құйылған ауызсудың және табиғи минералды сулардың қауіпсіздігі туралы» техникалық тәртібі күшіне енеді. Осыған сәйкес, бөтелкеге құйылған судың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар жұмсартылғанымен қатар, ауызсудың пайдалы қасиеттері туралы таңбалау талаптары да алынып тасталады. Яғни, су шығаратын кәсіпорындар жарнамаға ақшасын уыстап шашпаса, өнімдері өтпей қалуы мүмкін.

Елордаға ауызсудан қауіп бар ма?

Қазақстан тұщы судың қорына бай еместігін бұрыннан айтып жүрміз. Бірақ соңғы жылдары жиі-жиі дабыл қаға бастадық. Еліміздегі су ресурстарының 50 пайызға жуығы оңтүстікте, 30 пайызы – орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, 20 пайызға жуығы батыста шоғырланған. Құрғақшылық жылдары оңтүстіктің өзінде жеміс-жидек суғаратын және тұщы судың тапшылығы байқалады. Мұның себебі, елімізде ағатын ірі-ірі өзендердің барлығы бастауын көрші мемлекеттердің аумағынан алады. Шығыста бұл – Қытайдан ағып шығатын Ертіс пен Іле, оңтүстікте – Сырдария, батыста – Жайық (Урал). Атырау мен Маңғыстау тұрғындары Оралдың суын кеңес заманында салынған жасанды су таратқыштан алады.
Бір ғана Ертіс өзені 5 млн-ға жуық қазақстандықтарды ауызсумен қамтамасыз етеді. Алайда 2000 жылдан бастап қытайлар елдің батысын игеріп, қара Ертістің суын Шыңжаңдағы мұнайгаз өнеркәсібінің орталығы – Қарамайға бұрды. Сондай-ақ ханзулардың Іледе 10-нан аса су қоймасы, 60 гидро­энергетикалық қондырғылары бар. Мәселен, Аспан асты елі Іледен жыл сайын шамамен 20 текше километр су алады, бұл сан үнемі өсіп келеді. Экологтардың болжауынша, Іленің суының азаюы Балқаш көлінің екіге бөлініп, бір бөлігінің кеуіп қалуына әкеліп соғуы мүмкін. Ал Ертістің суы азайса, Ертіс-Қарағанды каналының суы кемиді. Бұл канал елорданы сумен қамтамасыз ететіні мәлім. Тағы бір дерек. Елорданы сумен қамтамасыз ететін Есіл өзеніндегі Вячеслав су қоймасының (қазір ол жылына 67,2 млн текше метр су жібереді) әлеуеті көңіл көншітпейді. Себебі мамандар Есілдің суының жыл сайын тартылып бара жатқанын алға тартуда.
Инженер, гидротехник Асқар Әбировтың пікірінше, қар аз түскен жылдары Есілдің суы тіптен азаятынынан қауіптенеді. «Ертістің суын Есілдің жоғары алабына жеткізу мақсатында 2001 жылы Қ.Сәтбаев атындағы канал пайдалануға берілді. Мамандар есептегендей, су қоймасының әлеуеті шамамен 130,2 млн текше метрді құрайды. Ал елорда халқының саны 2025 жылға қарай 1,2-2 млн адамға көбейетін болса, бас қаланың суға деген қажеттілігі жылына 180 млн текше метрге артады. Демек, қар аз түскен жылы су тапшылығы сезіліп, мәселе бірден бірінші орынға шығады. Оны сол кезде жедел шеше аламыз ба?» дейді ол көкейіндегі қаупін жасырмай.

Астананы жанай өтетін канал салынса…

Орталық Қазақстандағы табиғи су ресурстары 2030-2050 жылдарда 25-35 пайызға дейін азаюы мүмкін. Бұл – отандық географ-мамандардың пікірі. География ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбай Достай бірер жыл бұрын Ертістің суын Сырдарияға жеткізетін канал салуға ұсыныс жасаған. «Ертіс өзенінен Қарамайға дейін, одан әрі Үрімшіге дейін каналдар салынып қойды. Жақын болашақта Ертіс суының 50-55 пайызы осы каналдар арқылы ішкі Шыңжаңға айдалады. Мұның әсерінен Қазақстан аумағындағы Ертіс алабының су ресурстары 26-дан 23,5 текше километрге дейін кемиді. 2020-2030 жылдары бұл алапта климаттық су ресурстары көбейеді. Осы ресурстардың 10-15 текше километрін трансқазақстандық өз екпінімен ағатын канал арқылы (ол Астананы жанай өтеді) Сырдария алабына жеткізуімізге болады. Сондай-ақ Еділдің (Волга) суын Мұғалжар арқылы Сырдарияға жеткізсек, онда екі ұлы өзен – Еділ мен Ертіс жалғасып, кемелермен Каспий арқылы Жерорта теңізіне шығар едік» дейді отандық ғалым.
Оның пайымдауынша, Балқаштың бір бөлігінің суы тартылып қалған жағдайда Алматыға қауіп төнбейді. Бір кездері кейбір ғалымдар «Балқаш тартылса, Алматыға зор қауіп төнеді» деген болжам айтқан-ды. «Алматы Алатаудың етегінде жатыр. Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай және т.б. шағын өзендердің алабында орналасқан. Ол ауызсуға жерасты суын пайдаланады. Қауіп жоқ деп ойлаймын. Ал Ілеге қатысты айтарым, оның суының 60 пайызы Қытайда қалады. Іленің суы азайғанда Балқашқа қандай қауіп төнетіні туралы География институтының зерттеулерінде жан-жақты жазылған. Алдын алу жолдарын да көрсеттік» деп түсіндіреді мәселенің мәнісін Жақыпбай Достай.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button