#Жаңа Қазақстан

Жігерлі жастарға жол ашады

«Президенттік жастар кадр резерві» жобасы күннен-күнге қазақстандықтардың назарын аударуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы аясында «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасы іске қосылатынын естігенде бірден қызығушылық таныттым. Атауының өзі ерекше болды және елдегі саяси реформалар аясында түбегейлі өзгерістер қажет екенін түсіндім. Жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттің үлкен тұжырымдамалық идеяларын іске асырудың бір бөлігі екеніне көз жеткізіп, осы тұрғыдан шешім қабылдадым.

Жоба бірнеше іріктеу кезеңінен тұрды:

Бірінші кезең – барлық қажетті құжаттарды тапсыру;

Екінші кезең – үміткердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған тестілеуден (мәтіндік және сандық) өту;

Үшінші кезең – тестілеудің верификациясынан өту. Мәтіндік және сандық тесттерден өттік, тек сұрақтар саны азайды (2-кезеңде 50 сұрақ болса, 3-кезеңде 30-ға кеміді);

Төртінші кезең – көшбасшылық қасиеттерді, жазбаша және талдамалық сауаттылықты, мотивация деңгейін, үміткердің ой-өрісін бағалау. Мұнда біз ұсынған жобаларымыздың маңызын қорғадық. Сонымен қатар, берілген тақырып бойынша эссе жаздық;

Бесінші кезең – еліміздің жетекші сарапшылары офлайн форматта бойымыздағы қасиеттерімізді, құзыреттіліктерімізді бағалады. Бұл кезеңге дейін барлық алдыңғы кезеңдер арнайы әзірленген платформа – pkrezerv.gov.kz арқылы цифрлық форматта өткенін атап өткен жөн. Бұл көптеген қатысушы үшін өте ыңғайлы болды.

Өзім Шымкент қаласында тұрдым. Ал бесінші кезеңге өткенде Астана қаласына ұшып келуге тура келді. Маған процестің өзі ұнады. Біздің қабілетімізді кәсіби сарапшылар бағалады. Осы кезеңнен өту кезінде көптеген қыз-­жігіттермен таныстым, жақсы қарым-қатынас орнаттық. Сол кезде жобаның керемет нетворкинг екенін, яғни қарым-қатынас жасауға мол мүмкіндік беретінін толық түсіндім.

Мен 6 жасымнан бастап шахматпен айналысамын. Анам мықты шахматшы болғанымды қалайды. Ол – осы интеллектуалды ойынның үлкен жанкүйері. Ата-анамның көрсеткен қолдауының және қажырлы мақсатты жұмысының арқасында тарихта тә­уелсіз Қазақстандағы алғашқы халықаралық гроссмейстер атандым. Қазір біздің шахматшылар халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жетіп жүр, бұл жас ұрпақты шахмат ойынына қатты қызықтырады. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев еліміздегі шахматтың дамуына ерекше көңіл бөлетінін атап өткім келеді. Негізгі стратегиялық міндет – адами капиталды нығайту және зияткерлік ұлтты қалыптастыру. Иә, Қазақстан соңғы уақытта ірі халықаралық жарыстардың әлемдік алаңына айналуда. 2022 жылдың қыркүйегінде біз ФИДЕ әйелдер гран-при сериясының бірінші кезеңін өткіздік. Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсан айында ерлер мен әйелдер арасында рапид пен блицтен әлем чемпионаты өтті, онда 50-ден астам елден әлемнің үздік шахматшылары жиналды. Өздеріңіз білетіндей, 7 сәуірден 1 мамырға дейін классикалық шахматтан әлем чемпионаты өтті, онда Ян Непомнящий (Ресей) және Дин Лижэнь (Қытай) «XVII әлем чемпионы» атағына таласты. Қазақстан жерінде шахматтан 17-әлем чемпионы анықталды, ол қытайлық Дин Лижэнь болды. Бұл – тарихи оқиға. Шахмат жылдан-жылға елімізде танымал спорт түріне айналуда. Балалар мен ересектер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандық шахматшылардың жетістігін ерекше атап өткім келеді. Олардың жетістігі өскелең ұрпақты зияткерлік спорт түрлерімен айналысуға шабыттандыратынына сенімдімін. Халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу елімізде шахматты танымал етуге қуатты серпін беретінін, сондай-ақ ұлтаралық мәдениеттерді, дәстүрлер мен құндылықтарды дамытуға және нығайтуға елеулі үлес қосатыны анық. Халықаралық беделді іс-шараларды өткізу сыртқы саясаттағы спорттық интеграциялық процестердің дамуына елеулі үлес қосады. Қазақстан әлемдегі зияткерлік елге айналуда. Әрине, шахматшы ретінде мен әрқашан осы спорт түрін танымал етуге көмектесемін, шахмат жан-жақты дамыған тұлғаны дамытудың тамаша құралы деп санаймын. Шахмат көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелейді, логикалық және сыни ойлауды, стратегиялық ойлау қабілетін дамытады, үлкен мақсаттар мен міндеттер қоюды баланың бойына сіңіреді.

Белгілі бір салада үлкен тәжірибесі бар резервшілерге жоғары позициялар ұсынылатынын түсіну керек. Барлығына саяси лауазымдар ұсынылады деп айту мүмкін емес. Және бұл дұрыс тәсіл. Бұл жобаға стратегиялық тұрғыдан қарау керек, адамның кәсіби құзыреттілігін біртіндеп тәрбиелеу, тәжірибе жинақтау, практикалық дағдыларды тігінен ғана емес, көлденеңінен де дамыту қажет. Әрине, резервтің тиімділігін белгілі бір позицияда бағалау маңызды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі стрегиялық HR ретінде жалпы «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасын дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеуі қажет. Өйткені ол талантты жастарды ашық іріктеудің маңызды құралы болуға, кейіннен олардың әлеуетін елдің дамуы үшін пайдалануға тиіс. Менің ойымша, бұл жоба – мемлекеттік қызметтің кадрлық құрылымында сапалы өзгерістер жүзеге асырылатын ең тиімді HR құралдарының бірі. Әлемнің көптеген дамыған елінде, мысалы Сингапурда мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру маңызды. Олар елдегі ең жоғары жалақы алатын және сұранысқа ие маман болуы керек. Осылайша, кадр саясатында жаңа парадигма жүргізу: мемлекеттік қызметшілер санын қысқарту және сапалы құрамға назар аудару. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қасиеттерін арттыру мақсатында үнемі оқытып отыру, soft және hard skills-ті дамыту. Бұл жұмыс бүгінгі саяси шындықтар, цифрлық технологиялардың дамуы, жаһандану және елдің ішкі, сыртқы саясатындағы интеграциялық процестер аясында жүйелі негізде құрылуы тиіс.

Өзім туралы айтатын болсам, қазір ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде жұмыс істеймін. «Президенттік жастар кадр­лық резерві» аясында жұмысқа орналастым. Ең жоғары мемлекеттік органның қызметкері ретінде, әрине, әлеуметтік салада, атап айтқанда, мәдениет, спорт және жастар саясаты саласында жаһандық стратегиялық маңызды міндеттерді қалыптастыруда зор тәжірибе жинақтап жүрмін. Президент Әкімшілігіне дейін 2 жыл Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет еттім. Онда техникалық және кәсіптік білім беру, білім беру саласындағы цифрландыру мәселелеріне, сондай-ақ жетім балалар мен ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға жетекшілік еттім. Жергілікті атқарушы органдағы жұмысым мен үшін үлкен тәжірибе болды. Мен жобаның барлық артықшылығын пайдаланған резервшімін және оның басты идеясы талантты жастар үшін «әлеу­меттік лифт» екеніне көз жеткіздім.

Енді «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасын дамыту туралы көзқарасыммен бөлісейін. Әрбір жоба уақытша мән-жайлар ағымында, практикалық кейстерді, жұртшылықтың ұсыныстарын, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік өкілдіктерін және т. б. ескере отырып, жетілдіріледі. Осылайша, олар әртүрлі саладағы мықты мамандарды таңдайды. Бірақ мемлекеттік тілді білмеу кейбір үміткерлерге мемлекеттік қызметтегі көптеген лауазымнан бас тартуға себеп болды. Осылайша, «Президенттік жастар кадрлық резерві» 2.0 келесі жобасында үміткердің қазақ тілін орта деңгейде білетінін анықтайтын B1 деңгейінен төмен емес ҚАЗТЕСТ сертификатының болуы деген жаңа талап пайда болды. Менің ойымша, бұл – өте дұрыс шешім. Ең бастысы, республика бойынша ең сұранысқа ие топ-менеджердің картасын жасау қажет деп санаймын. Онда біз жоғары білікті мамандарға қатысты кадр тапшылығын көреміз. Мысалы, білім беру, мәдениет және спорт саласында сапалы кадрлардың тапшылығы байқалады. Яғни қызметтің барлық саласында кадрларға сапалы және сандық қажеттілік картасын жасау керек. Бүгінгі таңда басты назар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға, елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауға, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанына назар аудара отырып, әлеуметтік-экономикалық салаларға үміткерлерді іріктеуді бастау орынды деп санаймын.

Жақында Назарбаев университетінің базасында өткен бір кездесуде Шигео Катсу мырзаның (ол кезде университет ректоры болған) Қазақстан дарынды балаларға бай екенін, тек олардың әлеуетін ашу керегін айтқан сөзін естідім. Әрине, әлеуетті ашу үшін осы салаға үлкен инвестиция қажет. Бізде қанша ауыл жастары бар, олар өңірлерде тұрады және кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндігі жоқ. PISA зерттеуінің нәтижесі бойынша қалалық және ауылдық оқушылар арасындағы білім сапасындағы алшақтық 1,5 жылды құрайды. Ауыл жастарына сапалы білімге қолжетімділік жағынан тең емес екенін растайды. Бірақ мен бір нәрсені білемін: егер сіз оларға даму үшін барлық қажетті ресурсты берсеңіз, онда біздің елде талантты жастардың жаңа галактикасы, біздің елімізге қазір өте қажет жоғары білікті мамандар пулы өседі деп болжауға болады. Аталған зерттеудегі ұстаныммен келісемін және қазақтардың генетикалық коды ақылды және оқуға құштар екеніне сенімдімін.

Менің айтарым, жобаның күші – бірлікте. Бұл ынтымақтастық, байланыс және бір-бірімізге өзара қолдау көрсету деп сипаттауға болады. Барлық балалар – өте білімді, өз саласының мықты мамандары. Арамызда министрлер, вице-министрлер, әкімдердің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар аппараттарының басшылары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, қоғам қайраткерлері және тағы басқалар бар екенін мақтан тұтамыз. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 350 резервшінің 252-сі «Президенттік жастар кадрлық резерві» шеңберінде жұмысқа, оның ішінде 21-і саяси лауазымдарға орналасты, бұл – жобаның тиімділігін растайтын көрсеткіш. Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев еліміздегі адами капиталды дамытуға, оның ішінде нақты институттар құру арқылы жастардың әлеуетін дамытуға ерекше назар аударады. Солардың бірі – «Президенттік жастар кадрлық резерві». Бұл жобаға тілекші адамдардың көбейеті­ніне өте ризамын, өйткені құрбы-құрдастарыңмен бірге дамуға ұмтылу, бір трендте болу әрқашан қызық. Сонымен қатар, көптеген кездесуді резервшілердің өздері ұйым­дастырады, көптеген ұсыныс-идея бірлескен күш-жігермен жүзеге асады. Күшімізді біріктіргенде көп нәтижеге жететінімізге тағы да көзім жетті. Шығармашылық ойлау, эрудиция, жаңа идеяларға ашық болу, тіпті «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасының мүшесі болудың өзі бізді біріктірді. Менің ойымша, елімізде жаңа саяси элита өсіп келеді. Осы элитаның өкілдері «Қазақстанның игілігі үшін» деп аталатын бір командада жұмыс істейтініне бек сенімдімін.

 Гүлісхан НАХБАЕВА,

Қазақстан Респуб­ликасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің ­қызметкері

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button