Басты ақпаратҚұқық

Жол-көлік оқиғасы неге азаймай тұр?

Жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллионнан аса адам көз жұмады екен. Олардың арасында қаншама адам, жасөспірім бала бар. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Соңғы жылдары өзектілігін жоғалтпаған өзекжарды мәселеге Президент Қ.Тоқаев ерекше көңіл бөліп, заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырды.Жол апатының себебі неде?

Елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың қаза тапқандардың басым бөлігі – жұмысқа қабілетті жастағылар. Рес­публика ауруханаларына түскендердің 1/3 бөлігі жол-көлік оқиғасынан жараланғандар. Қазақстанда жол апаты кезінде қаза табу қатері Норвегиямен салыстырғанда 11 есеге жоғары деседі. Бұл туралы Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеулерде айтылған.
IKOMEK109 қызметінің басшысы Жаннат Дүбірованың айтуынша 2019 жылдың 10 айында IKOMEK орталығына жол-көлік оқи­ғаларына, сапасыз инфра­құрылымға байланысты 19552 арыз түскен. Олар көшені жарықтандыру, бағдаршам, жол белгілері мен хабарламаларын орнату, бейнебақылау қызметі, тағы көптеген проблемаларды қамтиды екен.
Ал «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Баспасөз қызметі маманы Айдана Талипованың айтуынша біріншіден, жол апаттарына ең алдымен жүргізушілер тарапынан жылдамдық режимін сақтамау әсер етеді. Негізінен, жылдамдық режимін сақтамайтын жүргізушілердің жас шамасы 35 жасқа дейін болып келеді. Екіншіден, жолдардың серпімділігінің жүретін машиналар санымен сәйкес келмеуі. Осындай жағдайда машиналар бір-бірін басып озамын деп, қарсы жолаққа шығып кетеді. Ол да жол-көлік оқиғаларының орын алуына әкеліп соғады екен.
Сондай-ақ жол белгіле­рінің дұрыс қойылмауы, жолдарда ұсақ және ірі қара малдардың шығып қалуы, жаяу жүргіншілердің тиісті жолақтармен өтпеу мәселелері салдарынан болып жатады. Жолдардың геометриялық параметрлері, оның ішінде қисықтардың радиусы, сонымен қатар жол белгілерін жасау мен орнату кезінде талап етілетін стандарттарға сәйкес келмеуі де апаттың себебі болып табылады.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД Әкімшілік полициясы бас­тығының орынбасары Нұрлан Уваевтың мәліметінше қоғамдық көліктердің де техникалық жай-күйіне қатысты арыз көп. Осы жылдың 10 айында елордада жолаушылар тасымалдаушы 68 автобустан техникалық ақау табылған. Ал ақаулы көлікпен рейске шығу, бәрінен бұрын, жолаушылардың өміріне қауіпті. Жолда жүру ережесін сақтамаған жүргізушілерге қатысты құзыр­лы орган тарапынан 800 ұйғарым жолданған. Жыл басынан бері қоғамдық көліктерде адам факторынан немесе техникалық ақаулықтан 12 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 2 адам қаза тауып, 45 кісі жарақат алған.

Қандай шаралар атқарылып жатыр?

Осы орайда елорда әкімі Алтай Көлгінов бірінші кезекте жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көліктердің қауіпсіздігі және қолайлы­лығына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Елорда мектептерінде ЖҚЕ бойынша сабақтар өткізілетін болады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігі жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері бойынша ынтымақтастық пен ашық диалогқа дайын екенін айтты. Қазіргі күні қала бойынша 7 мыңнан астам бейнекамералар көлік қозғалысын бақылап отырады. Бейнебақылаудың арқасында көптеген жолда жүру ережесін бұзушылықтары ашылды. Жергілікті билік өкілдері келесі жылы бейнекамералардың санын арттыратынын жеткізді.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция Департаментінің бас­тығы Ержан Саденов жол- көлік оқиғаларын азайту үшін ең алдымен, білім беру нысандары маңындағы жол белгілері, ақпараттық тақталар, жасанды соққылар және жаяу жүргіншілерге тосқауылдар қойылғандығын атап өтті.
Жол сапасыздығының алдын алу мақсатында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы салынған жолдарға және салынып жатқан 7 мыңға жуық нысанға тексеріс жүргізіп, 12 мыңға жуық сынама үлгілері алынып, 4700-ге жуығы стандартқа сай келмегенін Айдана Талипова айтып өтті. Бұл ретте тапсырыс берушіге, мердігер, сапаны тексеретін инженерлік компанияға, жол зерттеу жұмыстарына қатысқан институттарға арналған 1700-ден астам хаттама толтырылыпты.
Сондай-ақ елімізде Қазақ­стан азаматтары ғана емес, шет елдіктердің қатысуымен болатын көлік апаттары мен адам өміріне келтіретін қауіп-қатер де түйткілді сұрақ болып табылады. Нақтырақ айтатын болсақ, 2019 жылдың өзінде Қазақстанда шет елдік нөмірлі автокөліктердің қатысуымен 900-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 58 адамның өлімі мен 314 жарақат фактісі тіркелген. Осы уақытқа дейін шет елдің нөмірімен Қазақстан территориясында жүрген автокөліктерді жауапкершілікке тарту қиынға соқса, ендігі кезекте жаңа талаптар бойынша ел аумағындағы көлік құралдары міндетті сақтандырудан өтіп, жол ережесін бұзушылықтар орын алған жағдайда айыппұлдары көрсетілген мекенжайына жолданатын болады.

Дамыған елдерде ше?

Жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие. 100 мың тұрғынға 5,4 деңгейде. Жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 пайызға азайған. Бұл елде көлік жүргізіп отырып темекі шегуге, тамақ ішуге болмайды. Ақпарат құралдарынан белгілі болғандай, Солтүстік Уэльсте автокөлік жүргізіп бара жатып, макарон жегені үшін голландия­лық жүргізуші сегіз аптаға қамалды. Жүргізушінің көлік ішінде тамақ жеп отырғанын полицей тікұшағы байқап қалған.
АҚШ-та да жол-көлік оқи­ғалары азаюда. Бұл мемлекеттің барлық штаттарында ұялы телефон ұстап көлік жүргізуге тыйым салынған. АҚШ-та көлік басқарып отырып ұрсысқан жүргізушілер туралы ақпаратты полиция­ға жеткізу үшін арнайы телефон нөмірі іске қосылған.
Иә, жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек құзырлы органдардың жұмысы емес. Бұл – бүкіл ел болып атсалысатын, қоғам болып ойланатын іс.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button