Жаңалықтар

Зейнеп апа – 5 миллионыншы жолаушы

Биыл жаңадан ашылған ішкі және халықаралық әуе бағыттары бойынша 2019 жылғы 11 айдағы жолаушылар ағынының көрсеткіші 4,6 млн жолаушыға жеткен. Ал рейстер саны өткен жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға ұлғайыпты. Осыған орай, елорда әуежайында 5 миллионыншы жолаушыны анықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті.5 миллионыншы жолаушының аты есептеу жолымен анықталды. Павлодар қаласынан «Fly Arystan» авиакомпаниясының KC7312 рейсімен алғаш рет ұшаққа отырып, немерелерімен ұшып келген Зейнеп Нұрғазина мерейтойлы билеттің иесі атанды. Салтанатты шарада Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы басқармасының төрағасы Рәділбек Әдимолда жеңімпазға әуежай атынан жол шабаданын табыс етіп, жиналғандарды әуежайдың жетістігімен таныстырды. Сондай-ақ «Fly Arystan» авиакомпаниясы атынан кез келген бағыт бойынша ұшуға сертификаты берілді. Әрі «Astana Convention Bureau» астананың ең үздік қонақүйлерінің бірі «The Ritz-Carlton Astana» тұруға және елорданың көрікті жерлеріне баруға арналған сертификат сыйлады.
– Мен үшін бүгінгі оқиға – үлкен қуаныш әрі күтпеген жайт. Елордаға екі немереммен бірге бірнеше күнге қонаққа келдім. Бүгінгі таң осындай қуанышты оқиғадан басталды. Осындай сыйлықтар үшін барлығыңызға алғыс білдіремін. Өмірімде бірінші рет осындай жағдай орын алып отыр. Ұшақпен алғашқы сапарым маған сәттілік сыйлады. Енді мен сәттілікке сенемін. Алдағы жыл баршаңызға тек қуаныш сыйласын! – деп Зейнеп Нұрғазина өзінің қуанышын бөлісті.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button