Басты ақпаратРуханият

Жошыны ардақтау – жоғалғанымызға қол жеткізу

Тәуелсіздікке қол жеткізген соң біздің мемлекеттігіміз тарихында қандай тұлғалардың үлесі бар екенін ұрпаққа ұқтыру парыз болды. Дешті Қыпшақ даласы кіндігі болған Алтын орда мемлекеті Қазақ деген халықтың мемлекеттілік тарихының бастауында тұрғанын, Жошы хан сол мемлекеттің негізін қалағанын әлем жоққа шығара алмайды. Жошы кім? Бұл тұлғаны әлем Шыңғыс ханның тұңғышы ретінде мойындайды. Бізде екіұдай пікір бар екенін жасырып қайтеміз.Бірақ «Шыңғыс хан қазақ екен, қазақ болса Шапырашты екен, жоқ Найман ішінде Матай екен, жоқ Алпамыстың атасы Қоңырат екен» деп жүрген бәз біреулердей сәуегейсімей-ақ, кімнің ұрпағы болса да Қазақ деген халықпен қаны бір, кіндігінен байланған ататек ретінде, Алтын Орданың негізін қалаушы ұлы тұлға ретінде аруағына бас июге, ардақ тұтуға тиіспіз деп ойлаймын.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Президент Қасым-Ж­омарт Тоқаевтың Қарағанды сапарындағы тапсырмасы осы ойдың қисындылығын дәлелдейді. Мемлекет басшысы Қарағандыға жасаған сапарында «Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз керек. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңыз­ды міндет. Бұл жұмыстар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет» деген еді. Іле Парламент Мәжілісінің депутаты осы тапсырма негізінде атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарына байланысы Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдапты. Бұл істің шындап қолға алынайын дегенінің айғағы болар, Премьер-министр Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленіп жатқанын айтып, бастыларына тоқталыпты. Осы жоспар жобасында Мәдениет және спорт министрлігі Жошы, Алаша хан кесенелерінің аумағын абаттандыруды қолға алатындығы айтылған. Дәл осы мәселеге байланысты ой қоссақ дейміз.
2000-жылдардың басында Жошы кесенесіне барып қайтқан Моңғолияның мәдениет зерттеу­шісі Ц.Санчир былай деп жазады: «Моңғолдың барлас руынан шыққан Әмір Темірдің, оның ұрпақтарының кешенді кесенелері сияқты қарауыл-күзет түгіл, тартылған жатаған темір қоршауында есік те жоқ. Бұл зиратқа кейін ұлы ханның туыстары, серіктері жерленген туралы шежіре деректерінде айтылғанымен, уақыт ағымында ұмыт болған ба, пәлен дейтін белгі қойылмаған. Тарихтан кесененің қабырғасына моңғолдың тетелес руларының таңба, символ, белгі­лері бейнеленген дегенді оқығанымыз еске түссе де, кірпіштен қаланған қабырғаның әрлеуі толық өшкенін көрдік. Сондай-ақ қақпаның әшекей өрнегі ерекше таңсық деп тарихта белгілегенмен көзімізге ешнәрсе түспеген соң, амалсыз 8 ғасырдың қарлы бұрқасыны мен аптап ыстығының әсері ғой деп, өз-өзімізді жұбаттық. Кесененің бүгінгі кейпін көрген моңғол азаматы кімнің де болса жүрегі сыздары анық. Айнала құс саңғырығы, астан-кестен қазылған жерлер, үйілген топырақтар, тіпті соңғы кездері жерленген адамдардың бірнеше зираты көзге оғаш көрінді. Ең сорақысы, сол марқұмдардың бірінің басына Жошы хан кесенесінің архитектурасын көшіріп, бәсекелескендей одан әлдеқайда үлкен топырағы кеппеген жаңа кесене тұрғызғанын көргенде көңі­лімізде таңданыс пен жеккөрушілік тайталасқанын несіне жасырайын. Дәстүр бойынша ұлылардың зираты өзгеден оқшау, ұлы қорық болуы керек еді ғой» деп қынжылыс білдірген еді.
Міне, моңғол ағайындар кезінде басына барғанда ұлы қолбасшы кесенесінің осындай жұтаң кейіпте болғанына кейіген. Одан бергі жылдары «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында жөнделді ме, жоқ па, ол жағын көзбен көрмегендіктен білмейміз. Әйтеуір, үлкенді-кішілі жөндеуді
талап ететіні сөзсіз екенін Премьер министрдің жауабынан білдік. Ең бергісі маңына сол дәуірде жерленген адамдар жайлы деректер тауып белгі қою, (Жошының бәйбішесі керей қызы Нихтимиш жерленгені туралы да аңыз-әңгімелер бар) кезінде безендіруге қолданылған айшықтарды аңыз бойынша қалпына келтіру сияқты шаралар кесене маңын абаттандыру міндетін жүктеген Мәдениет және спорт министрлігінің қаперінде болса, абаттандырудың нәтижесі анық сезілері анық.
Ал Жошы хан кесенесінің мысын басып тұрған жаңа кесене тұрғысында кімді кінәлаймыз? Марқұм ұрпақтарына менің басыма Жошының кесенесінен де асқақ кесене тұрғыз деген өсиет қалдырмаған болар. Айналып келгенде, бұл біздің халқымыздың парықсыз, саппастығы, даңғазалығы екені даусыз. Ол кесенені бұзып тастай алмайсыз. Бірақ осы жолғы абаттандыру шарасы аясында сол ке­сенеден Жошы ханның кесене­сінің сәулетін, айбатын асыратын қосымша шара қолдану керек шығар. Мүмкін кесененің аумағын мемориалды кешен болдыратын, сол арқылы бүкіл айналаны ерекше сәнге бөлеп, салтанатын асыратын, айбынын асқақтататын жолдар ойлап табу архитектура мамандарының қолынан келері анық. Тек қаржы бөлінсе…
Жошы кесенесінің маңызы Шыңғыс хан әулетінен жер бетінде қалған жападан-жалғыз зират болғандықтан, сол жалғыз зиратты сақтаған әлемдегі жалғыз ел ретінде мейманымыз тасыры анық.
Ол үшін шығармашылық асқақ идея ойлап туып, кешенді шара қолдансақ әлем алдындағы саяси беделіміз де, туристік саладағы табысымыз да еселенері сөзсіз. Бұған Моңғолияның Төв (орталық) аймағындағы Шыңғыс ханның қамшысы түскен жерге орнатылған Ұлы қағанның ат үстіндегі ескерткіші Гиннесс кітабына кіруі дәлел.
Ат үстіндегі мүсінінің үстіне шығып, ұлы қағанның артына «мінгесу» үшін сіз ескерткіштің ішіндегі жедел сатымен көтерілесіз. Ол – сізге ғанибет. Ал мемориал кешеніндегі сарбаздар тобының мүсініне өз мүсініңізді қосу үшін 10 мың доллар төлесеңіз болды. Ол – Моңғолия экономикасына ғанибет. Сіздің қола мүсініңіз әп-сәтте Шыңғыс сарбаздарының қатарынан орын алады. Міне, идея деген осы. Ниет болса, біздің архитектуралық жобалаушылардың моңғолдардан артық туынды жасауға қабілеті жетеді.

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button