Мерей

Әулетінің еңбек өтілі – 500 жыл

Болат жолдағы жұмысын қарапайым жолшыдан бастаған құрметті теміржолшы Берік Айтбековтің әулеті – осы саладағы танымал династияның бірі. Алғашқы тәлімгері, әкесі Сағындықтың жолын таңдаған ол да бүкіл саналы өмірін теміржолдың дамуына қызмет етуге арнады.

Күннің ыстығы мен суығына қарамай, айдалада теміржолдың күтімін жасайтын жолшылық жұмыстан «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистралдық желі дирекциясы» филиалы қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің директорлығына де­йін көтерілген Берік аға осы аралықта теміржолға 50 жыл қызмет етіпті.

Қарағандыдағы Ағадыр стансасында мектеп бітіре сала жолшы болып жұмыс істеп, кейін Отан алдындағы борышын өтеген соң, Целиноград теміржол техникумында білім алады. Сондай-ақ Алматыда арнайы жоғары оқу орнын да тәмамдайды. Берік Сағындықұлы – Достық мемлекет­аралық шекара бекетінде алғашқы жүк пойыздарын өткізу барысындағы жұмыс­тарды ұйымдастыруға тікелей араласқан басшы. Сондай-ақ оның жауапкершілігіне жүктеліп, абыроймен жоғары деңгейде атқарылған міндеттер қатарында Түркістан стансасындағы контейнерлер жөндеу цехын сертификаттау, «Қазтеміртранс» АҚ-тың қанатқақты жобаларын іске қосу жұмыстары бар.

Зейнет демалысына 2015 жылы шыққан ақсақал сүйікті жұмысынан алшақтамай, 2016 жылдан бері компанияның Ардагерлер кеңесін басқарып келеді. Осылайша қарап жатпай, сала ардагерлерінің мұң-мұқтажын түгендеп, қамын күйттеп жүр. Қолы босай қалса, спортпен айналысып, волейбол ойнағанды, таза ауада серуендегенді ұнатады. Оның саладағы зор тәжірибесі мен қызметіне адалдығы және теміржолға сіңірген еңбегі ескерусіз қалмай, үлкен мемлекеттік және салалық наградаларға ұсынылды. Соның ішінде ең беделді «Құрметті теміржолшы» атағы оған 1998 жылы берілді. Одан бөлек, «Еңбек ардагері», «Адал еңбегі үшін», «Еңбек әулеті үшін» медальдарымен де марапатталған.

Өндіріс саласының майталманы өнерден де құралақан емес. «Сезім иірімдері», «Бір өзеннен нәр алған» жыр жинақтарының авторы. Теміржол саласына қатысты «Поезда особого назначения» деген кітап жазған. Мандолина, гитара, домбыра тартып, ән салғанды да жаны сүйеді.

Бүгінде Айтбековтер әулетін теміржолшылар арасында білмейтіндер кемде-кем. Әулеттің бірнеше буын өкілі алып саланың еңбек қазанын қайнатып, теміржолдың дамуына үлес қосып келеді. Бұл әулеттен бүгінге дейін үш «Құрметті теміржолшы» атағының иегері шыққан. Олар – Берік ақсақал мен оның әкесі және інісі. Алты ағайынды азаматтың барлық бауыры теміржолда істеген. Осылайша әулеттің теміржолдағы жиынтық еңбек өтілі – 500 жылға жетеді. Өзінің бір ұл, бір қызы да – теміржолшы. Бүгінде солардан 4 немере сүйіп, ардақты ата атанып отыр­ған жайы бар.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button