#Жаңа Қазақстан

«Адал азамат» қағидатын қалыптастырайық

Жыл сайын Парламент депутаттарының бірлескен отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жария­лауы үрдіске айналды. Әрине, оны зор үмітпен күтетініміз анық.

Бұл жолғы Жолдау «Әділетті ­Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталып, ел экономикасын өркендетуге бағытталды. Еліміздің экономикалық жағдайын түбегейлі өзгерту, халықтың әл-ауқатын жақсарту Жолдаудың басты мақсатына айналған. Барлық саладағы жұмыс пен мүмкіндік жан-жақты сараланған.

Жолдауда стратегиялық маңызы бар энергетика және су ресурстары туралы нақты тұжырымдар жасалған.

«Біз электрэнергиясын өндіру мен суды пайдалануда ешкімге, ешбір мемлекетке тәуелді болмауымыз керек. Ал адамзат тіршілігінің өзегі болып саналатын суды үнемдеп, оның қорын сақтауда аса мұқият болу қажеттілігін әр адам, әр отбасы білуге тиіс. Оны үнемдеуді ескермесек, су тапшылығын тартатынымызды естен шығармау керек» деп қадап айтты Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ кен орындарындағы ауыр да күрделі процестерді өзгертуді де назардан тыс қалдырмады. Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған секілді мұнай алпауыттары халыққа қолжетімді бағамен газ жеткізуге тиіс деп ескертті.

Президент айтқан тағы бір маңыз­ды мәселе кадр тапшылығын қолдан жасамай, білімді, білікті мамандарды қолдау керектігі жайындағы түйінді сөзі көңілге үміт ұялатты. Білімді жастардың шетелге кетуі еліне қызмет еткісі келмегендіктен емес, әлі де тоңы жібімеген сыбайластық пен трайба­лизмнің кесірінен, қағажу көргендіктен кетіп жатқаны жасырын емес.

Әділетті Қазақстан, әлеуетті мемлекет боламыз десек, жастарға жол ашып, қорған болуымыз керек. Кадр­лық резервтің жасалуы аса қажет. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды дамытқан жөн. Абайдың «Толық адам» ілімін негізге алып, «Адал азамат» қалыптастыруымыз қажет» деген Президент сөзін ең басты қағида етіп қалыптастыруымыз керек. Олай болса Президенттің сындарлы саясатын қолдап, жаңа белестерге, ұтымды өзгерістерге қол жеткізуге атсалысайық, ағайын!

Қарлығаш ҚҰСПАНОВА,

Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button