Басты ақпаратМәдениет

Еліне әнімен ­тағзым етті

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында Қазақстан мен Татарстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші өтті. «Еліме тағзым» концерті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне, ұстазы Бекен Жылысбаевтың 100 жылдығына арналды. Кеште Нұржамал Үсенбаева өзінің бай, әр алуан репертуарын көрерменге паш етті.

«Еліме тағзым» концерті Татарстанның Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның құрметті профессоры, шақырылған маэстро Ренат Салаватовтың жетекшілігімен, филармонияның симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен ұйымдастырылды.

Елорда және қала қонақтарын таңғалдырған тамаша концертте елорда филармониясының камералық хоры өнер көрсетті. Астана сахнасында әлемдік және отандық операның майталмандары, өнер жұлдыздары ән шырқап, Мемлекеттік рәміздер күнінің көрігін қыздыра түсті.

Нұржамал Үсенбаеваның орындауындағы Мұқан Төлебаевтың «Бақыт вальсі», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Ажар ариясы – қазақ ұлттық операсының жауhарына айналған туындылар.

Нұржамал Үсенбаева – еліміздің ұлттық опера өнерінің болашағына талмай еңбек еткен ерек өнер иесі. Осы бенефисінде ол М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсынан әйгілі «Айтысты» әнші, концерттің арнайы қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері тенор дауысты Медет Шотабаевпен дуэтте шырқап, көрерменнің зор ықыласына ие болды, зал толы халық шебер орындалған керемет дуэтті ду қол шапалақпен құрметтеп отырды. Жоғары мәртебелі музыка салтанат құрған кеш әлемдік және қазақ опера маэстроларының өнерін, өлшеусіз еңбегін тағы бір жарқыратып көрсетті. Залда ине шаншар орын қалмай, кеш қонақтары, көрермендер музыканттарды гүлмен көмкеріп, шексіз алғысын білдірді. Концерт аншлагпен өтті.

«Музыкада шекара жоқ» дегендей, чех опера әншісі, Еуропа өнер одағының көркемдік және мәдени қызмет саласындағы ең жоғары марапаты – «Алтын Еуропа» (Golden Europea) иегері Филип Банджак салған әуен адамзат тудырған тамаша опера туындыларының ғұмыры ұзақ боларын тағы бір дәлелдеді, маэстроның елорда сахнасында өнер көрсетуі астаналықтардың биік талғамын, мықты таңдауын көрсетті, ерекше әсер етті.

Бұл концертте айрықша дуэт астаналықтарды дүр сілкіндірді. Нұржамал Үсенбаевамен бірге Өзбекстан мемлекеттік консерваториясы музыкалық театрының солисі, Өзбекстан, Қарақалпақстан және Баш­құрт­стан Республикаларының Халық әртісі Жеңісбек Пиязов Т.Мұхамеджановтың «Мен сенімен кездестім» шығармасын орындады.

Өзбекстанда тұратын қандасымыз Жеңісбек Пиязовтың өзбек басшысы Шавкат Мирзиёев­тің қолынан «Халық әртісі» атағын алғаны белгілі. 33 жасында бұл атаққа ла­йық деп танылған Жеңісбек – әлемге әйгілі «Ла Скала» театрының сахнасында ән шырқаған тұңғыш өзбекстандық әнші. Өнерлі отбасынан шыққан Жеңісбекті көпшілік студент кезінен-ақ «Халық әртісі» деп атап кеткен екен. Жеңісбек бұл жолы қазақстандық маэстролармен бірге елорда сахнасына шығып, кешті қыздыра түсті. Жеңісбекпен болған сұхбатымызды газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Елге өнерімен тағзым еткен Нұржамал Үсенбаева мен кештің құрметті қонақтары, әншілер, музыканттар Дж.Россинидің «Севиль шаштаразы» операсынан Фигаро ариясы, Бернард Херрманның «Citizen Kane» операсынан Саламбо ариясы, Дж.Пуччинидің «Турандот» операсынан Калафа ария­сы, В.Херберттің «The Enchantress», Мануэль Понсенің «Estrellita», Агустин Лараның «Гранада» ариясы, Д.Модуньоның «Volare» секілді опера өнерінің керемет туындыларын көрермендерге ұсынды.

Концерттің соңында барлық орындаушы бірлесіп орындаған Т.Мұхамеджановтың «Отан» шығармасы шырқалған сәтте көрермендер орындарынан тұрып, мәртебелі музыка иелеріне зор құрмет көрсетті.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button