Елорда тынысы

Кеудемді мақтаныш сезімі кернейді

– Бүгінде еліміздің бас қаласы – әлем таныған Астана өзінің ширек ғасыр мерейтойын атап өткелі отыр. Мойындау керек, ел астанасының ерке Есілдің жағасына көшірілетінін естігенде ақмолалықтардың қуанышында шек болған жоқ. Бұл тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, осы аймақтың халқы үшін де басқа қонған бақ еді. Баршаға белгілі, ол кезде зауыт-фабрикалар тоқтап, кәсіпорындар жартылай жұмыс істегендіктен, әлеуметтік сала қызметкерлері мен зейнеткерлердің қолдарына айлап ақша тимей қиналатын. Қалада жарық  жиі сөніп, жылу аз беріліп жүрді. Көптеген түйінді түйткілдерге тап болғанымен, халық бұған түсіністікпен қарады. Ертеңгі күніне сенім артты.

Мен ол кезде қала әкімінің орынбасары едім. Бірден Алматыдан көшіп келетін мемлекеттік мекемелерді орналастыру үшін бұрынғы ғимараттарды жаңғыр­ту жұмыстарына баса көңіл бөлдік. Абылайхан даңғылы бойынан жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы да басталып кетті. Оған еліміздің іргелі құрылыс компаниялары тартылды. Мамандарға жатақхана әзірледік. Міне, осындай қыруар міндеттер мойнымызда тұрды. Шыны керек, бар ынта-ықыласымызбен жұмыс істедік. Ақмола Астана болады деген сөз бізді қуаттандырды. Бойымызды ерекше шаттық сезімі билеп, уақытпен санаспай еңбек еттік. Ол кезде біздің жұмысымыз таңғы сағат жетіде басталатын.

Жарнамалық қызметті жандандырдық. Көше жиектері мен саябақтарға ағаш егіп, гүл отырғыздық. Әсіресе, түнде шаһарға ерекше көрік беретін түрлі-түсті шамдар орнаттық. Оларды күндіз істеп, түнде тексереміз. Қала әкімі Әділбек Жақсыбеков бұған баса назар аудырды. Мен ол кісімен бір жарым жылдай жұмыс істедім.

1998 жылдың 6 мамырында Сарыарқа мен Алматы ауданы құрылды. Шаһар басшысынан сол ауданды басқаруға өзім сұранып бардым. Сол жолы Елбасы жаңа құрылған екі ауданның әкімін өз резиденциясында қабылдады. «Мен сендерге келісімімді бердім. Бұл – жай қала емес, еліміздің бас ордасы. Сондықтан дұрыс жұмыс істеңдер, жігіттер!» деп қызметімізге сәттілік тіледі. Мен Алматы ауданын төрт жыл басқардым.

Біздің ауданды сол кезде жұртшылық ауызекі тілде «спальный район» дейтін. Өйткені көпқабатты тұрғын үйлер көп болды. Алғашында біраз қиындықтар кездесті. Кейін бәрі қалпына келді. Бізге аудан аумағындағы Қырқыншы, Силикатный және Күйгенжар елді мекендерінің шаш етектен шешілмей жатқан мәселелерімен бетпе-бет келуге тура келді.

Қазір гүл жайнаған астанамыздың көрікті жерлерін аралап жүріп, кеудемді мақтаныш сезімі билейді. Бір кезде, дәлірек айтқанда, ширек ғасыр уақыт бұрын осы қаланың ірі мегаполиске айналуы жолында менің де үлесім бар екеніне қуанамын. Осы шаһарда тұрып, оның бір кірпіші болып қаланғаныма тәуба деп оны немерелеріме айтып отырамын.

Елорда – болашақтың қаласы. Оның ертеңі бүгінінен де кемел, бүгінінен де жарқын болады. Бізге жаңа ғасыр тоғысында жаңа астана таңдау, әлемге әйгілі әсем қала салу бақыты бұйырды. Астана мерекесі құтты болсын!

Ахметолла ШӘКІРОВ,

қоғам қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button