Басты ақпаратРуханият

Тектінің асыл тұяғы

Бүгінгі кейіпкеріміз ата-бабасының рухымен бала кезінен рухтанған философия ғылымдарының докторы, «Шоқан жолдары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Мәдениет саласының үздігі» – Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік ғылым факультетінің философия кафедрасының оқытушысы Раушан Иманжүсіп. Ол – атақты халық композиторы, суырып-салма ақын, әнші, әрі балуан Иманжүсіп Құтпанұлының немересі.

Раушан Иманжүсіп бала кезінде кітапқа өте құмар боп өседі. Мектепте оқып жүріп үй жұмысына көмектесе отырып, сабағын да зерек оқиды. Ол орыс мектебінен дәріс алады, айналасында тек орыстар болыпты. Мектепті бітірісімен Алматыдағы қыздар педагогикалық институтына оқуға түскенде ол тек орыс тілінде сөйлейді екен. Астанаға келгенде ол қазақ ортасына түседі. Оның орысша сөйлегеніне айналасындағылар одырая қарап, бұл қандай қазақ деп таңданған екен. Институтқа келісімен ол бірден қазақ тілін үйренуді алдына мақсат етіп қояды. Абайдың кітаптарын түпнұсқада оқып, Сейфуллиннің поэмалары мен өлеңдер кітабын іздеп жүріп оқитын болады. Кейіннен ол тіпті рұқсат етілмеген Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов басқа да алаш азаматтарының кітаптарын оқып, елі үшін, ұлты үшін күрескен ақтаңдақтардың өмірі мен шығармаларынан нәр алады. Туған жерге, елге деген, ата-бабаларына деген құрметі осы студенттік кезінде оянады. Міне, осы кезде оның өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Ақты ақ, қараны қара деп ұғынады. Бірбеткей, өжет, турашыл  болып өседі.

1973 жылы институтты бітіріп, одан кейін тұрмыс құрып, Түркістанға көшіп келеді. Мұнда ол Никитин атындағы мектепте орыс тілінен сабақ береді.  Дегенмен, туған тіліне деген құрмет осы мектепте жүргенде одан әрі жалғасады. Қазақ тілін меңгерудің түбегейлі жолына түседі. Көп оқиды, жанына жақын адамдармен араласудың арқасында екі тілде бірдей сөйлейтін дәрежеге жетеді. Бұл жерде туған тілінде сөйлей алмай жүрген чиновниктерге айтарымыз, ол үшін ұлттық намыс пен ана тіліне деген сүйіспеншілік пен құрмет керек екен.

1995 жылы педагогика ғылымының кандидаты атағын алады. 2003-2005 жылы философия ғылымының докторы атанады. Осы жылдар ішінде оның қызметтегі өсу жолдары басталады. 2005-2006 жылдары Алматыдағы экономика және гуманитарлық институтының ректоры, 2006-2010 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы философия кафедрасын басқарады.

Раушан Иманжүсіптің 30 жылдан астам ғылыми-педагогикалық және оқу-әдіс­темелік тәжірибесі бар. Филология факультетін үздік бітіргеннен кейін жалпы орта білім беру жүйесінде: орыс тілі пәні мұғалімі және Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Ақмола облыстарының, Алматы қаласының мектептерінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді.

Осы жүйеде жүріп, ол кәсіби өсудің барлық сатыларынан өтті, яғни мектеп мұғалімінен бастап мұғалімдердің біліктілігін арттыру және жетілдіру институтында кафедра меңгерушісіне дейін көтерілді. Раушан Иманжүсіп – жаңашыл педагог ретінде орыс тілінде оқытатын жалпы орта білім беретін мектепте қазақ әдебиеті бойынша оқу бағдарламаларының авторы және ҚР Білім министрлігі ұсынған «Қайтарылған есімдер» оқу-әдістемелік құралының авторы атанады. Ы.Алтынсарин атындағы республикалық ғылыми-педагогикалық зерттеу институтының алаңдарындағы ғылыми-практикалық тәжірибелерге де қатысқан. Ол – 1992 жылдан қазіргі уақытқа дейін жоғары мектеп педагогы.

1992 ж. халыққа білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2011 ж. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен наградталған.

Айта берсек, оның оқу-ағарту саласындағы еңбегі ерен. Республика тарапынан, облыс басшылары атынан алған «Құрмет» грамоталары – өз алдына бір төбе. Ғылым докторы ­Раушан Иманжүсіпке мемлекет және қоғам қайраткерлері де жақсы пікір айтқан. Бұл оның тек ұстаздығына ғана емес, ата-баба рухын паш етудегі ерен еңбегіне берілген. Бірерін оқырмандар назарына ұсынсақ дейміз.

Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Қадірлі қарындасым Раушанға. Асыл атаның артындығы жоқшысы болып жүрген, сенің табанды еңбегіңе ризамын» деп баға берсе, Қойшығара Салғараұлы: «Текті атаның тұқымы Раушан қарындасыма ағалық зор құрметінің белгісі ретінде осы кітабымды ұсына отырып, Иманжүсіп атасының еңбегін жинақтауда табысты еңбек тілеймін десе, Әбілмәжін Жұмабаев: «Ардақты атасын қайта тірілтіп, оны халық арасына әкелудің қам-қарекетін жасап жүрген асылдың тұяғы Раушан қарағым, өзіңе ісіңе сәт!» – деп баға берген екен…

Ал енді ата-баба рухын әспеттеген, асылдың тұяғы, ғылым докторы Раушан Иманжүсіппен біраз сұхбаттассақ деймін.

– Қазақ өнеріне үлес қосқан ұлыларды ұлықтау, олардың өнегелі жолын насихаттау, әрі оларға құрмет көрсете білу де кісіліктің белгісі дейміз. Иманжүсіп атамызды біз білсек те, мына кейінгі жас толқын жастар біле бермейді. Атаңыз Иманжүсіп Құтпанұлы жайлы қысқаша дерек бере кетсеңіз.

– Менің атам Иманжүсіп Құтпанұлы 1863 жылы Павлодар облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Кеңес дәуірінде қудалау көрген Иманжүсіп Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы Сарысуға көшуіне тура келеді. 1930 жылы 20 желтоқсан күні тұтқындалған. 1931 жылдың наурыз айының 2 жұлдызында ОГПУ жанындағы үштіктің шешімімен ату жазасына кесілді. Содан 1990 жылы толық ақталып шықты.

Оның атасы Тұрғанбай датқа (1804-1850) Түркістан қаласы маңындағы Шілік өңірінің биі болған. Әкесі Құтпан – Кенесары Қасымов көтерілісіне қатысқан адам. Атам Иманжүсіп жас кезінен жырға, шешендік сөзге құмар болып, сал, серілер дәстүрін ұстап, саятшылық құрып, балуан атанған екен. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди әндерін тамылжыта шырқапты. Жаяу Мұса Иманжүсіппен талай рет жүздесіп, ақыл-кеңес берген, оған өлең де арнаған дейді.

Оның патша заманында да, кеңес дәуірінде де әділетсіздікпен күрестің көшбасында жүргенін сол кездегі ел біледі. Отызыншы жылы қылышынан қан тамған заманда НКВД қызметкерлерінің Иманжүсіп атамды Арқаға бағыт ұстаған сапары кезінде Жамбыл жерінде бұрқ етіп басылған Мойынқұм көтерілісі сардарларының бірі ретінде қолға түсіріп, оны ату жазасына кесеміз деп бұйрық бергенін де білесіздер.

Патшалық Ресей өкіме­тінің қысымына шыдамаған Иманжүсіп 19-ғасырдың аяқ шенінде Ақмолаға келді. Мұнда да әкімдердің зорлығына, әділетсіздігіне шыдамай, оларға шығарған өткір өлеңдерін әнге қосып жырлайды. Содан жалған жаламен тағы да қуғынға түседі. 1905-1912 жылдары Өскеменге, 1914 жылы Жетісуға жер аударылады. Шұбарағаш, Ойжайлау, Лепсі, Қапалда тұрып, бірнеше рет жауапқа тартылған. Иманжүсіп 1913 жылы атамекеніне оралып, Сырдария губерниясының Шиелі болысына келіпті.

Ол – Жаяу Мұса, Мәди сияқты әділет, теңдікті жырлаған күрескер әнші. Оның кең ауқымды әндері Арқа мен Жетісуда кең таралған. «Сарымойын», «Бұғалы мен Тағалы», «Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау», «Әкем Құтпан болғанда, ағам Шонай», «Қысырақтың үйірі жирен ала», «Мен қалайша жалғанда тұрақтайын», т.б. әндері өр үнді әншінің азаматтығын танытатын әндер…

Оның әндерін ­А.В.Затаевичке Қали Байжанов, Құрманбек Байсейітов, Иса Байзақовтар нотаға түсірткен. Содан Затаевич Иманжүсіптің бірнеше әндерін жазып алып, «Қазақ халқының 1000 әні» атты жинағына енгізген. Соңғы жылдары Иманжүсіптің жаңа әндері де табылып отыр. «Сейфүл-мәлік», «Сарыарқа» (4 нұсқасы), «Сарыбел», «Ерейментау» (2 нұсқасы), «Болған жастан» (2 нұсқасы), т.б. әндері әр жылдарғы фольклорлық экспедициялар кезінде жазылып алынған. «Сармойын» әні Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында (Бекежан ариясы) пайдаланылды. 2001 ж. жарық көрген  менің «Иманжүсіп» атты кітабыма атам  Иманжүсіптің барлық әндерін толық енгіздім.

Халқым деп өмір сүрген, ел-жұртын рухани бесікте тербету үшін жаралған сегіз қырлы, бір сырлы сері, дарын иесі Иманжүсіп Құтпанұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуде бүгінгі таңда игі жұмыстар атқарылуда.

Академик Манаш Қозыбаев: Алаш зиялыларының ықпалымен қазақ елінде бір екпінді қозғалыс болды. Сол қозғалысқа қатысқан талай адамдардың есімі осы уақытқа дейін толығымен аталмайды. Сондай есімнің бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы. Оның әрекеттерінің негізі отаршылдыққа қарсы екпін. «Алмас қылыш жатпайды қын түбінде». Солақай саясаттың қан тамған қылышына іліккен, жазықсыз жапа шеккен ұлт қайраткерлері ақталып, уақыты келгенде біразы әділ бағаларын алды.

Архив деректерін ақтарып, тарихи шындықтың мәнін ашуға мүмкіндік туды. Көрнекті әдебиет­ші-ғалым Рахманқұл Бердібай «Ерлік пен намыс жыршысы» Иманжүсіп Құтпанұлының тарихымыздағы алар орнын, ақындық, әншілік, композиторлық мұрасының көркемдігін айта келіп: «Міне, осы бір шын мәнінде халық қаһарманы дәрежесіне көтерілген қайраткердің тарихымыздан алатын орнын түсініп, біліп болмағанымыз өкінішті-ақ. Бірақ халықтың жүрек түкпірінен орын алған арыстардың есімі мен еңбегін мүлде ұмыттырып жібере алатын күш жоқ екен. Бұған халқымыздың қалаулы ұлы, ерлік пен өнер туын қатар ұстаған, қауымның санасында өшпес із қалдырған Иманжүсіп Құтпанұлының мұрасын талдау мен бағалауда жаңа серпін туғанын мысалға келтіре аламыз һәм мұндай күнге жеткенімізге шүкіршілік етеміз» деп пікір білдіреді.

Ғалымның пікірі Әбіш Кекілбаевтың пікірімен бір жерге түйіскен секілді. Тарихымыздың әлеуметтік төңкерістер, ұлы өзгерістер заманында өмір сүрген Иманжүсіп Құтпанұлының ақындық, әншілік, композиторлық мұралары, батыр туралы жазылған көркем туындылардағы оның көркемдік бейнесі мен келбеті халқымыздың әлденеше буын ұрпағының рухани қазығына айналатыны ақиқат. Өйткені Иманжүсіп жайында жазылған әр шығарма, әр көркем туынды оның басына түскен ауыртпалықтар себебін жан-жақты көрсете алғандығымен, әрі иманжүсіптану мәселесіндегі дәстүр жалғастығымен құнды.

Ұлтымыздың тарихи тұлғалығын таныта отырып Иманжүсіп жайында сыр ақтарған абзалдарымыз Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Жүсіпбек Елебеков, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Александр Затаевич, Әбділда Тәжібаев, Евгений Брусиловский, Әуелбек Қоңыратбаев, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қасым Аманжолов, Ғабдол Сланов, Қалижан Бекқожин, Оралхан Бөкеев, Мұзафар Әлімбаев, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков, Илья Жақанов, Зейтін Ақышев, Оразбек Сәрсенбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Ақселеу Сейдімбеков, Қалихан Ысқақ және тағы басқалары. Қазіргі қазақ поэзиясының көшін бастап келе жатқан Қасымхан Бегіманов, Ғалым Жайлыбай, Серік Тұрғынбековтардың өлең өрнегіне, соны тақырыбына айналған тұлғаның бірегейі осы – Иманжүсіп.

– Кезінде өзіңіз әсем Алматыда тұрдыңыз, бүкіл бала-шаға, немерелеріңіз де қазір  сонда тұрады. Қыз­метіңіз де сонда болды. Ал Астанаға не мақсатпен келдіңіз?

– Әкем Нұрханның аманатын орындау үшін, Қазақстан Республикасының елордасы болғандықтан, Астанада көп мәселелер шешіледі деп атамның жоқшысы болып,  Иманжүсіп атам жайлы арқа өңірінен деректер жинап, оның бүкіл өмірбаянын толықтырып, өлеңдерін жинақтап, жатқан жерінің орнын тауып, фото-суреттерін іздестіріп, деректі материалдарды толықтырайын деп келдім. Сөйтіп Астана төңірегінде бір мұражай ашсам ба деп ойлап келген едім. Бүгінде біраз құнды дүниелер жинақтадым.

– Ал жоспарлаған жұмысыңның қайсысы орындалмай қиындық туғызып жатыр?

– Қиындығы сол, атамызға байланысты арнайы мемлекеттік бағдарлама жоқ. Бармаған жерім жоқ, жылы қарсы алып, жылы шығарып салумен келеді.

Тараз қаласында Иманжүсіптің мүрдесі жатыр. Зираты әлі қоршалмаған. Жібек жолындағы жоспарланған мұражайы әлі ашылған жоқ. Ал Иманжүсіптің әкесі Құтпан Жетісуда жерленген. Соның басына белгі қойылса деймін. Атам Иманжүсіп Құтпанұлының өлеңдерінің толық жинағы әлі шыққан жоқ. Міне, осыларды, жүзеге асырсам деп жанталасып жүрмін. Бүгінде тағы дистанция бойынша биліктегілерге хат жазып, соның жауабын күтудемін.

– Жаңа Қазақстанның қазірде атқарар ісі де ауқымды. Ата-баба тарихын ұлықтау – жастардың Қазақстан тәуелсіздігі жайлы, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті арттырып қоймайды, олар өткен тарихымызды біледі. Міне, сондықтан Иманжүсіп атамыздай ақтаңдақтарды насихаттау – баршамыздың парызымыз. Ісіңіз оңынан болсын деп тілек айтамыз.

– Ал енді өзіңіз қызмет атқаратын ­Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық конференция өткізгелі отыр екен. «Қазақстанның қазіргі заман мәдениеті: есімдері мен зерттеулері» деген тақырыпта, сол жайында тоқталсаңыз.

– Иә, конференцияда үш мәселе көтеріледі. 1. Қазақстандағы мәдениеттану зерттеулерінің тарихы 2. Мәдениеттанудағы дәстүрлі және инновациялық бағыттардың үйлесімділігі. 3. «Жаңа Қазақстандағы» мәдени саясаттың мәселелері мен шешу жолдары деген тақырыппен өтеді. Осы конференция барысында ӘҒФ деканы, профессор Б.Ж.Сомжүрекпен философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор К.А.Медеуова ханымдар қатысып, сөз алады.

Иманжүсіп атамыз болған жерлерге барамыз. Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылынан 4 шақырым жерде Иманжүсіптің анасы Үміт пен ағалары Ақшабай, Шонай мен жеңгелері басқа да үрім бұтақтары, жақын туыстары жатқан қорымға барып дұға бағыштаймыз. Атаның қорымы туралы 1990 жылдары ауыл ақсақалдары аманат етіп тапсырма берген еді. Осы қорымды қоршау керек деп. 2013 жылы оны менің сұрауыммен аудандық әкімшілік қорымды қоршаған. Жылдар өтіп, ол қоршау жарамсыз болып, құлап қалды. Содан менің бауырларым Қалтай, Бақыт, Бегман, Мейрам мен Мұрат деген азаматтар биыл жақсылап, мықты етіп қоршап қойды. Оларға үлкен рақмет айтамын.

Сосын Иман-Жүсіп орта мектебіне барып кездесу өткіземіз. Одан келгеннен кейін «Ғалым, азамат, патриот» атты кітап көрмесі ұйымдастырылады және «Шоқан жолдары» атты қоғамдық бірлестігінің 12 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтеді. Міне, осындай жоспарлар бар.

Оған қоса Иманжүсіп атамның өлең-шығармаларын насихаттауды әрі мұражайын ашуды толық қолға алмақпын.

– Алға қойған мақсатты істеріңіз жүзеге ассын деп тілек айта отырып, 70 жылдық мерейлі жасыңыз­бен құттықтаймыз! Алар асуларыңыз көп болсын!

Ғалия  БАЛТАБАЙ, Астана қалалық Ардагерлер кеңесі

медиатобы жетекшісінің орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button